АРДАГЕРЛЕР ҮНІ – САЛА САБАҚТАСТЫҒЫНЫҢ АЙҒАҒЫ
Су шаруашылығы – елдің тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды саланың бірі. Осы салада ұзақ жыл табанды еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, әріптестерімен етене араласып жүрген ардагерлер аз емес. Солардың бірі – Су шаруашылығы мекемесі ардагерлер ұйымының төрағасы Әлияр Сейітов. Жуырда аталған ұйымның төрағасы жыл қорытындысы бойынша есеп беру жиынын өткізді.Жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, құқық қорғау саласының ардагері Әбдімомын Алдияров, «Шиелі сушар» мекемесінің басшысы Дихан Әубәкіров, сондай-ақ сала ардагерлері қатысты. Басқосу барысында ардагерлер ұйымының өткен жылғы жұмысы сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.
Өз сөзінде Әлияр Сейітов ардагерлердің әлеуметтік жағдайы мен рухани бірлігін нығайту жолында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Жыл басынан бері өткізілген кездесулер, тәрбиелік мәні зор іс-шаралар, жастарға бағытталған өнегелі әңгімелер мен сала тарихын дәріптеуге арналған бастамалар жөнінде нақты деректер келтірілді.
– Ардагерлер – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Біз үшін ең бастысы – салада жинақталған тәжірибені кейінгі буынға жеткізу, бірлігімізді сақтап, еңбек адамының беделін арттыру, – деді ұйым төрағасы.
Жиын барысында «Шиелі сушар» мекемесінің басшысы Дихан Әубәкіров сөз алып, ардагерлерге көрсетіліп жатқан қолдау жайын айтып өтті. Ол алдыңғы буын өкілдерінің ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесінің жас мамандар үшін аса құнды екенін атап, Әлияр Сейітов бастаған ардагерлер ұйымының жұмысына жоғары баға берді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил да сөз сөйлеп, су шаруашылығы саласының ардагерлері аудан көлемінде үлгілі іс атқарып келе жатқанын жеткізді. Ол ардагерлердің қоғамдық белсенділігі жастарға үлгі екенін айтып, ұйым жұмысының алдағы уақытта да жүйелі жалғасатынына сенім білдірді.
Жиын соңында салаға сүбелі үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген бірнеше ардагерге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаилдың алғыс хаттары табысталды. Бұл – еңбегі еленген ардагерлер үшін үлкен құрмет пен марапат.
Мұндай тағылымды басқосулар ардагерлердің беделін арттырып қана қоймай, сала сабақтастығын сақтауға, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға зор ықпал ететіні сөзсіз.
Г.ЯХИЯ,
сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ
сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ








