Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерін ардақтаған ұйым

Ардагерін ардақтаған ұйым

Өмірінің отыз жылын құқық қорғау органдарына арнаған, есімі халық арасында жақсы жағынан танылған, Шиелі жұртшылығына аянбай еңбек етіп, зор құрметке, беделге ие болған, аудандық ішкі істер бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы, милиция капитаны Қыдырбек Жөкебаевтың 70 жасқа толған мерейтойы бөлімнің ардагерлер ұйымында аталып өтті.
Күндіз-түнгі тынымсыз еңбек, ұйқысыз жылдар Қыдырбекті зейнет шағында екінші топтағы мүгедектер қатарына қосты. Масаң шопырлармен алысқандай, енді өз денсаулығымен алысып, өмірлік жары Гүлжаухардың, ұл-қыздарының, келіндерінің арқасында өмірге қайта келгендей болды. Адал қызметімен, сөзге шебер тапқырлығымен, көңілге тимес әзіл-қалжыңымен қызметтестерінің, достарының, замандастарының, қала берді шопырлар қауымының сүйіктісіне айналған Қыдырбекке туған күнінде құрмет көрсетіліп, полиция бөлімінің ардагерлері ардақтады.
Қызылорда облыстық полиция департаменті ардагерлер Кеңесі мен аудандық полиция бөлімі ардагерлер Кеңесінің адресаттары мен заттай сыйлықтарын табыстаған бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Өркен Исмаил ардагерлер атынан ыстық лебізін жеткізіп, бірге қызмет еткен, жастық шақтарын, қызықты күндерін ел тыныштығын қорғауға арнаған әріптесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Сол кезеңде ГАИ бөлімшесінің бастығы болған, милиция майоры Оңғар Шығанбаев, ардагерлер Шәріпбек Есенов, Әбдімомын Алдияров, Бахтияр Шәкірбекұлылар мерейтой иесін құттықтап, «Қыдырбектің отбасына қыдыр дарып, бақ қонсын» – деп бір топ әріптестері ізгі тілектерін жеткізді.

Әбдімомын АЛДИЯРОВ,
аудандық полиция бөлімі
ардагерлер Кеңесі
төрағасының орынбасары.

09 сәуір 2019 ж. 1 251 0