Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОЛЖАЛЫ ОН ЕКІ АЙ

ОЛЖАЛЫ ОН ЕКІ АЙ

Жыл деген – жай ғана күнтізбедегі он екі парақ емес. Жыл – халықтың тағдыры, елдің еңбегі, уақыттың таразысына тартылған тіршілік. Ал Шиелі ауданы үшін өткен 12 ай елдік пен еңбектің, жоспар мен нақты істің, рух пен нәтиженің тоғысқан олжалы кезеңі болды.
Еліміздегі экономикалық даму мен саяси тұрақтылықтың шынайы көрінісі ретінде Шиелі ауданында макроэкономикалық бағыттар бойынша өсудің орнықты динамикасы қалыптасты. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жақсарып, ауданның тыныс-тіршілігі жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Кент пен ауыл келбеті жаңарып, әлеуметтік инфрақұрылым нығайды, тұрғындардың өмір сапасы айтарлықтай артты.

ЕҢБЕК ПЕН ЕЛДІК ТОҒЫСҚАН ЖЫЛ
Өткен жылан жылы Шиелі үшін ең алдымен еңбек адамын ұлықтаған жыл болды. Ғылым мен парасаттың биік үлгісін көрсеткен, ауданның ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған профессор Асқар Жұмаділдаевқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының берілуі – Шиелі тарихындағы айрықша белес. Бұл марапат – бір ғалымның ғана жетістігі емес, бір өңірдің интеллектуалдық әлеуетіне берілген жоғары баға.
Сонымен бірге ауданның бес азаматы «Парасат», «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградаларымен марапатталса, әлеуметтік-экономикалық дамуға сүбелі үлес қосқан жеті азамат «Шиелі ауданының Құрметті азаматы» атанды. Бұл – еңбектің еленгенін, адал қызметтің бағаланғанын білдіреді.

ИНВЕСТИЦИЯ – ЕРТЕҢНІҢ КЕПІЛІ
Экономикалық даму нақты іспен өлшенеді. 2024 жылы ауданда жобалық құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба толық іске асырылды. Аталған жобалар өндіріс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығына қатысты бағыттарды қамтып, нәтижесінде 127 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл аудан тұрғындары үшін жаңа мүмкіндік, ал жергілікті экономика үшін нақты серпін болды.
Инвестициялық қарқын мұнымен тоқтаған жоқ. Қазіргі таңда жобалық құны 68,2 млрд теңгені құрайтын 9 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде. Бұл бастамалар іске қосылған кезде 233 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, құрылыс кезеңінде 700-ге жуық адам уақытша еңбекпен қамтылады. Мұндай ауқымды жобалар ауданның өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, бюджет кірісін ұлғайтуға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға да оң әсерін тигізеді.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласы да экономиканың серпінді буыны ретінде дамып келеді. 2025 жылы ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6365-ке жетті. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жобалық құны 998,2 млн теңгені құрайтын 55 кәсіпкерлік жобаға шағын несие беріліп, жаңа өндіріс орындары мен қызмет көрсету нысандары ашылуда. Кәсіпкерлікке жасалған әрбір қолдау – жаңа жұмыс орны, тұрақты табыс көзі, аудан экономикасына қосылған қосымша үлес.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ЫРЫСТЫҢ ӨЗЕГІ
Сыр бойындағы Шиелі үшін ауыл шаруашылығы – жай ғана кәсіп емес, ата-бабадан жалғасқан тіршіліктің күретамыры, ел ырысының алтын арқауы. Құм мен су, еңбек пен төзім қатар сыналатын бұл өлкеде әр гектар жер, әр тамшы су ерекше қадірге ие. Өткен олжалы он екі айда ауданның аграрлық саласы осы сыннан сүрінбей өтіп, нақты нәтижелерге қол жеткізді.
Ауыл шаруашылығы саласында 5 млрд 17,2 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 101,5 пайызды құрады. Бұл – ауа райының құбылмалы, су тапшылығы сезілген кезеңіне қарамастан, еңбек адамының табандылығы мен жүйелі мемлекеттік қолдаудың жемісі. Жалпы алғанда, 31 512 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, оның ішінде өңірдің басты брендіне айналған күріш 12 301 гектарды қамтыды. Сонымен қатар дәнді, майлы, малазықтық, көкөніс және бақша дақылдары да жоспарға сай егілді.
Егіннің шығымдылығы мен сапасын арттыру мақсатында агротехникалық шаралар толық көлемде жүргізілді. Егіске қажетті 15 200 тонна минералды тыңайтқыштар мен арамшөптерге қарсы 11 738 литр гербицидтер 100 пайыз қамтамасыз етіліп, шаруалар дер кезінде қолдау тапты. Бұл – өнімділікті арттыруға және шығынды азайтуға бағытталған маңызды қадам болды.
Су тапшылығы ең күрделі сынға айналған шақта, аудан үшін шешуші стратегиялық қадамдар жасалды. Жалпы аудан бойынша 67 насос қондырғысы іске қосылып, егістікті сумен қамтамасыз ету жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің бастамасымен, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен еліміздің 19 облысынан Қызылорда облысына жіберілген 25 насос қондырғысының 10-ы Шиелі ауданына жеткізілді. Оның ішінде жоғары қуатты СНП-500 маркалы насос қондырғылары егісті судан қалдырмауда шешуші рөл атқарды. Бұл – тек техникалық көмек емес, ел ырысын сақтауға бағытталған ортақ жауапкершіліктің көрінісі болды. Аграрлық саладағы осы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Шиелі ауданы су үнемдеу технологиясын қолдану бойынша «Озат аудан» атанып, облыстық «Алтын дән – 2024» салтанатты шарасында жоғары бағаланды. Осылайша, жерге жан бітірген еңбек, судың әр тамшысын қадірлеген жауапкершілік пен мемлекет қолдауы Шиелінің аграрлық әлеуетін тағы бір белеске көтерді.

ТҰРҒЫН ҮЙ МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Халықтың тұрмыс деңгейі ең алдымен оның күнделікті өміріне тікелей әсер ететін инфрақұрылымның жай-күйімен өлшенеді. Осы орайда өткен олжалы он екі айда Шиелі ауданында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық желілерді дамыту бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарылды.
(2024 жылы ауданда 178 пәтер ел игілігіне пайдалануға беріліп, ондаған отбасы қоныстойын тойлады. Ал 2025 жылы бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, облыстық бюджет есебінен 52 пәтерлік 26 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл бастамалар тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтуға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған нақты қадамдар болды.
Жол инфрақұрылымын дамытуға да айрықша көңіл бөлінді. Республикалық және жергілікті бюджеттерден 1,9 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, аудандық маңызы бар және ауылішілік автомобиль жолдары күрделі және орташа жөндеуден өткізілді. «Самара – Шымкент» бағыты бойынша учаскелер жаңғыртылып, ауылдарға кіреберіс жолдар ретке келтірілді. Бұл тұрғындардың қатынауын жеңілдетіп қана қоймай, экономикалық байланыстарды күшейткен маңызды қадам.
Ауызсумен қамту мәселесінде Шиелі ауданы толық көрсеткішке қол жеткізді. Барлық елді мекендер 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліп, магистральді су желілері жаңартылды. Сонымен қатар су тұшыту қондырғылары орнатылып, шалғай ауылдардың суға қолжетімділігі артты.
Электр желілерін жаңғырту бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері ауыстырылып, қосалқы станцияларды қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл электр қуатының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өндіріс пен тұрмыстағы үзілістердің алдын алуға мүмкіндік берді.
Газдандыру жұмыстары қарқын алып, жаңа елді мекендер кезең-кезеңімен «көгілдір отынға» қосылуда. Газ құбырлары мен ішкі тарату желілерінің салынуы тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, экологиялық жағдайды жақсартуға оң әсерін тигізді.

БІЛІМ. ДЕНСАУЛЫҚ. МӘДЕНИЕТ
Қай өңірдің болсын кемел келешегі ең алдымен адам капиталының сапасымен өлшенеді. Ал сол сапаны қалыптастыратын басты үш тірек – білім, денсаулық және мәдениет. Өткен олжалы он екі айда Шиелі ауданында осы салалар жүйелі түрде дамып, ел өміріне нақты өзгерістер алып келді.
Білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жансейіт елді мекенінде 100 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілсе, №252 орта мектепке 375 орындық қосымша оқу ғимараты салынды. Бұл оқушылардың қауіпсіз әрі сапалы білім алуына жасалған маңызды қадам. Сонымен қатар кентте 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «өнер мектебінің» құрылысы аяқталып, жас өрендердің шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін заманауи орталықтар ел игілігіне ұсынылды. М.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейдің аймақта үздік білім ордасы атанып, қомақты қаржылай сыйлыққа ие болуы білім саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Спорт инфрақұрылымы да назардан тыс қалмады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Шиелі кентінде жаңа спорт кешенінің құрылысы басталып, ауыл тұрғындарының бұқаралық спортпен айналысуы­на жол ашылды. Бұл – салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.
Денсаулық сақтау саласында ауыл тұрғындары үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету басты мақсат ретінде айқындалды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Тартоғай, Алмалы, Ортақшыл, Әбілда Тәжібаев және Бестам ауылдарында заманауи дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді. Барлық елді мекендегі медициналық ұйымдарға 30 санитарлық автокөлік алынып, шалғай ауыл тұрғындарының да медициналық қызметке қолжетімділігі артты. Сонымен қатар, Шиелі кентінде 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараты іске қосылып, ауданаралық аурухана базасында МРТ құрылғысын орнатуға арналған қосымша корпус салынуда. «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеуден өтуі де тұрғындар үшін қолайлы жағдай туғызды.
Мәдениет саласы Шиелінің рухани тынысын кеңейтті. Облыс әкімінің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Руханият орталығы» ел игілігіне беріліп, оның құрамынан неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі ашылды. Бұл орталық ауданның мәдени-рухани өмірінің алтын өзегіне айналды.
Тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілді. Мемлекет қорғауындағы «Оқшы ата», «Асан ата», «Қыш ата», «Ғайып ата» мазараттары қайта құрылымдалып, кешен аумағында жарықтандыру мен ауызсу жүйелері жүргізілді. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Оқшы ата» кешенінің айналасы абаттандырылып, 4 гектардан астам аумақ тазартылып, климатқа бейімделген 5 мыңнан астам тал көшеті отырғызылды. Бұл – табиғатқа жанашырлық пен рухани мұраға құрметтің жарқын көрінісі.

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ
Қоғамның шынайы тірегі – атақ пен даңқта емес, күнделікті еңбектің тынысында. Ел экономикасын алға сүйрейтін де, әлеуметтік тұрақтылықты сақтайтын да жұмысшы мамандық иелері. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы осы ақиқатты қайта жаңғыртып, еңбек адамының қоғамдағы орнын айқындауға бағытталған стратегиялық шешім болды.
Бұл бастама Шиелі ауданында нақты істермен өрнектелді. Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудан көлемінде жүйелі жұмыстар қолға алынып, жастарды ерте жастан кәсіпке баулу, еңбекке бейімдеу бағыты басымдыққа ие болды. Соның айқын көрінісі ретінде аудандық М.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейі мен Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі арасында екіжақты меморандумға қол қойылып, қаңтар айынан бастап мектеп оқушылары тігінші және аспазшы мамандықтары бойынша кәсіби білім ала бастады. Бұл – жас ұрпақтың болашақ мамандығын саналы таңдауға, нарық сұранысына бейімделуіне жасалған нақты қадам.
Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бағытында ұйымдастырылған іс-шаралар да мазмұнды өтті. Жыл басында «Руханият орталығында» «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында арнайы семинар өткізіліп, еңбек адамының қоғамдағы рөлі, кәсіби біліктілікті арттырудың маңызы кеңінен талқыланды. Сонымен қатар «Әлемнің әміршісі – еңбек» атты облыстық әйелдер форумы өтіп, өндірісте, ауыл шаруашылығында, қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың тәжірибесі мен табысты жолы көпшілікке үлгі ретінде ұсынылды.
Еңбекті дәріптеу мәдениетін қалыптастыру мақсатында аудан орталығында «Жұмысшы мамандықтар жылы» және «Ұлы Абайдың 180 жылдығы» аясында әр аптаның жұма күні екі ауылдық округтің қатысуымен «Ауыл күндері – 2025» аудандық байқауы ұйымдастырылуда. Бұл байқау ауыл еңбеккерлерінің жетістігін насихаттап қана қоймай, ұрпақ санасына адал еңбек пен маңдай тердің қадірін сіңіруге бағытталған тағылымды алаңға айналды. Байқау жеңімпаздары «Алтын күз – 2025» мерекесінде марапатталмақ.
Осылайша, жұмысшы мамандықтарын ұлықтау – бір жылдық науқан емес, ұзақ мерзімді әлеуметтік саясаттың өзегіне айналуда. Еңбек адамына құрмет көрсетілген жерде – береке бар, кәсіп иесі қадірленген елде – тұрақты даму бар. Шиеліде басталған бұл игі бастамалар қоғамның алтын қазығы саналатын жұмысшы мамандықтарының мәртебесін асқақтатып, ел болашағына берік негіз қалауда.

СПОРТТА – РУХ, ӨНЕРДЕ – ӨРІС
Шиелі спорты жылан жылы да биіктен көрінді. Аудан спортшылары облыстық «Алтын күз – 2024» және «Алтын күз – 2025» ауыл спартакиадаларында спорттың 16 түрінен қатарынан жүлделі І орынды иеленіп, аудан мерейін үстем етті. Бұл – жүйелі дайындық пен жас ұрпаққа жасалған қолдаудың жемісі.
Өнер саласында да Шиелі аты жаңғырды. «Төрлет, еңбек адамы!» тақырыбындағы «Алтын домбыра» айтысында жерлесіміз Мейірбек Сұлтанханның топ жарып, бас жүлдені алуы сөз өнеріне деген құрметтің белгісі. Ал «Қазақ аруы – 2024» байқауында Ақкербез Ысқаққызының жеңісі өңірдің мәдени-эстетикалық әлеуетін айғақтады.
Түйін: Олжалы 12 ай Шиелі үшін есеп беру кезеңі ғана емес, сенім мен серпіннің жылы болды. Әр саланы қамтыған жүйелі жұмыс ауданның даму бағытын айқындап, халықтың ертеңге деген үмітін нығайтты. Шиелі – еңбегімен еңселі, бірлігімен берекелі, болашағына нық қадам басқан өңір.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
06 қаңтар 2026 ж. 70 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№1 (9368)

06 қаңтар 2026 ж.

№100 (9367)

31 желтоқсан 2025 ж.

№99 (9366)

27 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031