БЕРЕКЕЛІ ЖЕРДІҢ БЕРЕКЕЛІ ЖӘРМЕҢКЕСІ

Жәрмеңке – жай ғана саудасаттық емес. Ол – ауыл еңбеккерлерінің маңдай тері мен елге деген жанашырлықтың жемісі. Халықтың қамын ойлаған, әлеуметтік бағаны назарда ұстаған бастаманың мәні де, маңызы да зор. Ең бастысы – бұл шара әрбір отбасы үшін тиімді баға, ал еңбек адамдары үшін өз өнімін адал нарыққа шығарудың бірегей мүмкіндігі. Өткен жәрмеңкеде жалпы 9,1 тонна ауыл шаруашылығы өнімі ұсынылды. Бұл сандар – құрғақ статистика емес, әрбір салмақтың артында шынайы еңбек, Жер-Анадан өсіп шыққан берекелі ырзық жатыр. Халықтың сұранысына сай дайындалған өнім түрлері: картоп – 0,4 тонна, жуа – 2 тонна, қырыққабат – 0,1, күріш – 3, қарақұмық – 0,3, макарон өнімдері – 0,5, пісте майы – 0,2, сүт – 0,1, тонна – 1, табиғи бал – 0,4, 0,1 тонна балық өнімдері сатылды. Барлық тауар базар бағасынан 15-20 пайызға төмен бағада сатылды. Бұл – тұрғындар үшін үлкен көмек, әсіресе тұрмысы орташа отбасылар үшін жағымды жеңілдік. Жәрмеңке алаңында тек сауда жасалған жоқ – сол жерде сенім мен серіктестік орнады. Халық пен шаруа арасындағы байланыс тікелей орнап, өнім туралы ашық пікір алмасулар, кеңестер айтылды. Бұл – тұтынушы мен өндіруші арасындағы шынайы диалогтың алаңы. Ауылдан келген ағайындардың жүзінде шаршағандық емес, еңбектің ләззаты байқалды. Ал кент тұрғындары үшін бұл күн – табиғи өнімге қол жеткізудің сәті ғана емес, ауылдың шынайы дәмін сезінудің тамаша мүмкіндігі болды. Азық-түлік бағасының тұрақты б о л у ы – е л д і ң ә л е у м е т т і к тұрақтылығының бір негізі. Осы орайда Шиелі ауданында қолға алынған мұндай жәрмеңкелер – әкімдіктің халыққа деген қамқор көзқарасын, нақты істер арқылы көрініс тапқанын аңғартады. Бұл – құрғақ уәде емес, халықтың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге бағытталған нақты қадам. Мұндай бастамалар – тек бір күндік шара емес. Олар ауыл шаруашылығын дамытуға, ішкі нарықты қолдауға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Жәрмеңке соңында тұрғындар тарапынан айтылған жылы лебіздер мен алғыстар – бұл істің қаншалықты қажет әрі пайдалы екенін дәлелдеді. Жәрмеңке – халықтың өз өнімін өзіне ұсынудың ең ұтымды жолы екенін тағы бір мәрте көрсетті. Жер емген диқан мен маңдай терін мал баққан шаруа – елдің шын байлығы. Ал сол байлықты әділ жолмен халыққа жеткізу – бүгінгі биліктің, жергілікті әкімдіктің, елдік сананың жауапкершілігі. Шиелідегі сенбілік жәрмеңке – осы жауапкершіліктің сәтті көрінісі. Ел ырысы – жерден, ал береке – бірліктен басталады. Сол бірлік пен тірліктің тоғысқан тұсы – дәл осы жәрмеңке секілді шынайы шаралар. Сондықтан мұндай бастамалар жалғасын тауып, тек Шиеліде емес, барша қазақ даласында өріс алсын!
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ