Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала көңілге бақыт сыйлаған күн

Бала көңілге бақыт сыйлаған күн

Жан баласына жақсылық жасау үшін асып-тасқан дүние байлықтың қажеті жоқ. Сәл ғана мейірім болса жеткілікті. Ынталы жүректен шыққан титтей ықыласты іс үлкен түйткілдердің түйінін тарқатуы бек мүмкін. Тіпті көпбалалы бір отбасын шаттыққа бөлесе ғажайыбы сол болмақ. Дәл осы мақсатпен 31 желтоқсан күні «Бекзатхан» мейрамханасындағы шыршаның шамы 28-ші рет жағылды. Жыл сайын жалғасатын бұл үрдістің демеушісі – аудандағы белді кәсіпкер Бауыржан Еламан мен жары Айткүл Әбдіқадырова.
Алғаш рет 1999 жылы көлемі 25 шаршы метр ғана болатын азық-түлік дүкенінде көршілердің 20 баласын қатыстырып жасаған мерекелік іс-шара қазіргі таңда 150 балаға дейін қатысатын дəстүрлі мерекеге айналған.
– Былдырлап тілі шыққан кезінен бастап, есейіп, ержеткенше шыршаға келетін балалар жетерлік. Олар біздің көз алдымызда өсіп келеді. Отбасымызбен ұйымдастырған 28 жыл бұрынғы кішкене ғана мерекелік шарамыз осылай жалғасын тауып жатқанына қуаныштымын. Балалардың бал-бұл жанған жүздерін көруден асқан бақыт жоқ, – дейді, Айткүл Әбдіқадырова.
Бұл жолғы ертеңгіліктің ерекшелігі Нұргүл ­Шалекеева басшылық жасайтын «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен балалардың сүйікті кейіпкерлері лабубу, куроми және Малифисента мен үш марғаудың қойылымдарында болды. Ертегі әлеміне енген балақайлардың жүздері жайнап шыға келді. Бір қызығы, сол кездегі мерекелік шыршаға қатысқан кішкентай бүлдіршін Салтанат Ертаева енді ертеңгілікке өз балаларын алып келеді. Ал қызы Сабира Баймахан «шыршаға ең ұзақ қатысушы» номинациясын иеленді.
– Бала кезімізде Аяз ата мен Ақшақардан алған сыйлыққа шын қуанатынбыз. Әр жыл сайын осы мерекені асыға күтеміз. Бізге ұмытылмас жаңа жылдық кеш ұйымдастырып берген Бауыржан аға мен Айткүл апайға алғысымыз шексіз. Сіздер тек маған ғана емес, енді балаларыма да есте қаларлық ғажайыпқа толы балалық шақтың бал кезеңдерін сыйлаудасыздар. «Қолы ашықтың – жолы ашық» деген сөздің ақиқатын сіздерге қарап білуге болады, – дейді Салтанат.
Кеш барысында «ең əдемі киім киген», «əдемі əн айтқан», «үздік өнер көрсеткен», «ең кішкентай қатысушы», «әдемі киім үлгісі» сынды түрлі номинация бойынша қаржылай сыйлықтар тапсырылды. «Əке көрген оқ жонар» дегендей, 3 жасынан бастап ата-анасының осы бір ізгілікке толы шарасын көріп өскен Бекзатхан бүгінде шыршаны ұйымдастыруды өз қолына алған.
– Жыл сайын ұмытпай осы күнді күтіп, ата-əжелері бастап, мейрамхана ішін күміс күлкіге толтыратын бүлдіршіндерімізді біз де жылда 31 желтоқсан күні, сағат 13:00-де Бекзатхан мейрамханасында қуана күтеміз, – дейді Бекзатхан Бауыржанұлы.
Еламановтар отбасы балаларға шаттық сыйлайтын осы бір дәстүрлі шараны өздерінің жанұялық мерекесіне айналдырған. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дейді қазақ даналығы. Үлкен байлықпен адамға үлкен қайырым бітпейді, керісінше, үлкен қайырымдылық – жиған байлығыңды абыройлы етеді. Оған Еламановтар отбасының дәстүрлі осы іс-шарасы дәлел болып келеді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
06 қаңтар 2026 ж. 68 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№1 (9368)

06 қаңтар 2026 ж.

№100 (9367)

31 желтоқсан 2025 ж.

№99 (9366)

27 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031