Балалармен жарығырақ бұл әлем
Адамның ең асыл қасиеті – жақсылық жасау. Сондай-ақ балалардың шат-шадыман күлкісіне себепкер болу – құрметке лайық істердің бірі. Жуырда аудандағы белді кәсіпкерлер Бауыржан Еламан мен Айткүл Әбдіқадырова осындай игі іске мұрындық болды. Олар 150-ден астам баланың жаңа жылдық кешін көңілді өткізіп, бүлдіршіндердің көңілін көтерді.
Биыл жиырма бірінші рет ұйымдастырылған шара «Бекзатхан» тойханасында өтті. Мерекелік кешке жиналған балғындар Б.Томаеваның жетекшілігімен құрылған «Жұлдыз» би тобының өнерін тамашалады. Шараны тізгіндеген Нартай ауылының мәдениет қызметкері Айшахан Молжігіт кешті думанды өткізді. Ал «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің» деген тәмсілдің төркінін түсініп ер жеткен Бекзатхан Бауыржанұлы әр балаға сый-сияпат табыстады. Бұдан бөлек өз өнерін ортаға салған бүлдіршіндерге де сыйлық үлестірді.
Ұйымдастырушылар сыйлық табыстау барысында ешкімді ескерусіз қалдырмады. Қатысушылар арасында арнайы номинация тағайындап, 20 балаға ақшалай сыйлық табыс етті. Солардың арасында жаңа жылдық кешке үш баласын қатыстыруға келген Салтанат Қылышбекқызы мен Павлодар техникалық университетінің студенті Дайын Арғынбайұлы қаржылай сыйлықтың иегері атанды. Ал «Ең жас қатысушы» номинациясымен алғабастық 3 айлық Әлинұр мен Бидайкөл ауылдық округінен келген 4 айлық Нұрасыл марапатталды.
Жаңа жылдық кеш соңында ақ жаулықты әжелер ұйымдастырушыларға, әсіресе, жас кәсіпкер Б.Бауыржанұлына алғысын айтып, ақ батасын берді. Осылайша кешке жиналған қауым көтеріңкі көңілмен тарқасты.
М. БОЛАТҚЫЗЫ