Қуанса балалар қуансын
Жаңа жыл – үлкенді-кішілі барша адамның асыға күтетін мерекесі. Осы мерекенің шырайын балалардың шат күлкісі, адамдардың бір-біріне алғаусыз айтқан ақ тілегі одан әрмен кіргізе түседі. Сонымен қатар түрлі-түсті шамдармен көмкерілген алаңдар да, болмысы бөлек безендірулер де жаңа жылдың көркіне көрік қосады.
Осындай керемет көріністің бір парасы бейсенбі күні Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде сезілді. Өйткені, мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналып аудан әкімінің шыршасы өтті. Оған 140-қа жуық бала қатысып, ән салып, би биледі.
Думанды кеш балалардың ертегілер еліне саяхат жасауымен басталды. Кеште көңілді сайқымазақтар мен әр түрлі жануарды сомдаған әртістер жиылған көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады. Содан кейін аудан әкімі Әшім Оразбекұлы балаларды мерекемен құттықтады.
– Тышқан жылы барлығыңызға жақсылық әкелсін. Алға қойған мақсаттарыңыз орындала берсін. Біздің болашағымыз – сіздер. Мемлекет бұл тұрғыда отбасының татулығына мән беріп, көптеген жұмыстар істеуде. «Бақытты отбасы», «Балапан» бағдарламалары соның бір дәлелі.
Сіздерді жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық берсін. Балаларымыздың болашағы баянды болсын, – деп ақжарма тілегін жеткізді аудан басшысы.
Содан соң Әшім Оразбекұлы кешке қатысушы балаларға сыйлық үлестіріп, олардың өнерін тамашалады. Бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлаған шара да аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Әбдірахманов та жылы лебізін білдірді.
– Құрметті балалар және ата-аналар! Барлығыңызды жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын. Бақытымызға баланған балалар ешқашан ауырмай, мәз-мейрам күйде жүре берсін, – деді ол.
Осыдан кейін қуаныштан бал-бұл жайнаған балалар өнерлерін ортаға салды. Жүзден астам баланың бірі ән айтса, енді бірі өлең шумақтарын мәнерлеп оқыды. Ал кештің басты кейіпкерлері аяз ата мен қарша қыз әрқайсысына сыйлық таратты.
Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шырша кешіне АО «Волковгеология» мекемесі демеушілік жасауда. Аталған мекеме жыл сайын Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы бүлдіршіндерге сыйлық сыйлап, мерекені көңілді қарсы алуға мұрындық болып келеді.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ