Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қуанса, бала қуансын

Қуанса, бала қуансын

«Балаларды қорғау күні» деп белгіленген елеулі күнді барлық балалар асыға күтеді. Бұл балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және жыл сайын күтетін басты мерекелерінің бірі. Жаздың жаймашуақ алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін бұл мерекенің тарихы әріде. Әлем назарын бүлдіршіндердің құқығын, өмірі мен денсаулығын қорғауға аудару мақсатын көздейтін халықаралық мерекенің маңызы зор. Сондықтан да, бұл мерекені тойлаудан еш бала шет қалмауы тиіс.
Балаларды қуантқаннан артық не бар, бұл өмірде? Олардың жайнаған жүзін көріп, күміс күлкісін естіп, алаңсыз бақытты балалық шағын тамашалағаннан артық ғажап нәрсе болмас. Баланы қуанту – әлемге шуақ шашумен тең. Өйткені, балақайлар – болашағымыздың баянды жолы, өміріміздің мәні, көңіліміздің сәні. Балаға жасалған бар жақсылық болашақ жолындағы ұлы іспен тең десек, келісерсіздер. Алайда, бойына біткен сырқатпен күресіп не болмаса, отбасындағы келеңсіз жайттарға байланысты осынау балғын шақтың бал дәмін тата алмай келе жатқан балалар бар арамызда. Деректерге сүйенсек, биыл 167 мүмкіндігі шектеулі бала үйден оқытылып, тәрбиеленді. Үстіміздегі жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту мақсатында педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті ашылып, бүгінгі күнде 50 балаға қызмет көрсетуде.
Осы санаттағы ерекше балаларды қуантып, жүздеріне бір сәтке болса да шаттық нұрын ұялата білсек, бұл –парасат-пайымымыздың биіктен көрінуі болар.
Осы орайда, аудандық мәдениет үйінде 1-маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты отбасы – бақыт­ты балалық шақ» жобасы аясында қайы­рымдылық және мерекелік акциясы өтті. «Нұр Отан – балаларға» респуб­лика­лық акциясының мақсаты – аз қамсыздандырылған және жайсыз отбасыларына, психологиялық және құқықтық көмек көрсету. Партиялық қоғамдастық пен бизнес-қауымдастықты өткізіліп жатқан жұмысқа тарту, ортақтастық сезімді қалыптастыруды көздейді.
«Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының ұйымдастыруымен, аудан әкімдігінің қолдауымен өткен шараға аудан көлеміндегі мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың қарауындағы бүлдіршіндер қатысты.
Алдымен мәдениет үйінің фоесінде ұйымдастырылған балалардың қолөнер көрмесі тамашаланып, қолдан шыққан әрбір туындыға сүйсінген аудан басшысы Ә.Оразбекұлы қызығушылық танытып, балаларға алғысын жеткізді.
Мерекелік жиында «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ә.Оразбекұлы сөз алып, ел ертеңі – жастар үшін, бүлдіршіндердің жарқын болашағына қамқорлық жасау аға буынның парызы екендігін атап, бүлдіршіндерді мерейлі мерекемен құттықтады.
– Құрметті ата-аналар, тәрбиешілер! Айналайын жас балапандарым! 1-маусым – халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі баршаңызға құтты болсын! Бала – баршамыздың бақытымыз. Болашағымыз. Бүгінгі тұлымшағы желбіреп, гүлдей жайнаған бүлдіршіндеріміз ертеңгі қасиетті даламызды гүлге бөлейтін еліміздің бір-бір тірегі, ата-бабамыздан қалған ұлан-байтақ жеріміздің иесі. Тәуелсіз мемлекетіміз осылар арқылы гүлденеді, осылардың жан-жақты тәрбие, сапалы білім алып өсуі арқылы кемелденеді. Елбасымыз Н.Назарбаев Үкімет пен жергілікті әкімдерге жыл сайын мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерін жетілдіру, ондағы оқыту мен тәрбие берудің жан-жақты тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Балапан» бағдарламасы жұмыс жасап, ауданымызда көптеген игілікті шаралар жүзеге асырылып келеді, – дей келе өзінің жылы лебізін білдірді.
Сөйтіп, кезек сыйлықтарға келіп, аудан әкімі және кәсіпкерлердің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың қарауындағы 100 бүлдіршінге балмұздақ пен тәтті шырындар таратылды. Мұнан соң балалар дайындаған концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.
Айта кету керек, аталған акция барысында «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы ғимаратында да талантты, өнерлі және білімді оқушыларға партия филиалына қарасты «РУ-6» кен басқармасы бастауыш партия ұйымының демеушілігімен бағалы сыйлықтар табысталған болатын.
Д.ӘБІЛАСАН.
03 маусым 2018 ж. 2 760 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930