Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЛҚАЛАМ ӨНЕРІНІҢ ЖАС ШЕБЕРІ

ҚЫЛҚАЛАМ ӨНЕРІНІҢ ЖАС ШЕБЕРІ

Өнердің де түр-түрі бар. Дегенмен қылқаламмен қағаз бетіне сурет салып, жансыз бейнені тілсіз сөйлеткендей көркем бейнелеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Көргенін емес, сезінгенін екінші адамға сездіре алатын суретшілердің әр туындысы тылсымға толы. Сурет – адамның ішкі әлеміне терең бойлап, оны бояумен сөйлететін тілсіз әңгіме. Ол тарихты – тасқа, ұлт рухын – қағазға қашаған сырлы әлем. Бұл өнер түрі баланың жан дүниесін, эстетикалық талғамын ғана емес, ұлттық сана-сезімін тәрбиелеудің теңдессіз тетігі.
«Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді» деген әйгілі суретші Пабло ­Пикассо. Өздеріңізге мәлім, суретшілердің ұшар басында әйгілі кескіндемеші, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеев тұр. Бұдан кейін де бұл сала бойынша елімізде жетістікке жетіп жүрген жас көп. Аудан өрендері де бейнелеу өнерінен алыс емес екендігін біз үнемі мақтанышпен айтып, көзі қарақты оқырманмен бөлісіп келеміз.
Жуырда аудандық «Оқушылар үйінде» «Дизайн Арт» үйірмесінің шәкірті Сымбат Абдуллаеваның «Суреттегі сыр» атты шығармашылық сурет көрмесі өтті. Шараға аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешов және Сымбаттың ата-анасы мен ұстаздары арнайы келіп қатысты.
Жұртшылықтың қызығушылығын оятқан «Суреттегі сыр» атты көрмені аудандық «Оқушылар үйінің» директоры Шолпан Аяпбергенқызы ашып, жас қылқалам шеберіне шығармашылық шабыт пен толағай табыс тіледі.
– Қазақ даналығында «Өнерлі болу – бір құрмет, өнерді сүю – мың құрмет» деген сөз бар. Бұл Сымбат Абдуллаеваның әлемдік деңгейдегі сурет көрмесінің алғашқы баспалдағы деп білеміз. Сурет өнері ішкі құбылысты, өзі сезіне алған ойдағы түйсігін бейнелеу арқылы жеткізу болып саналады. Сымбатты қолөнерге баулып, сурет салудың қыр-сырын үйретіп жүрген ұстазы, үйірме жетекшісі Айсұлу Ханқожаеваға ерекше алғысымды білдіремін, – деді Оқушылар үйінің басшысы.
Сымбат Абдуллаева Ш.Уәлиханов атындағы №127 орта мектеп-лицейінің оқушы. 4-ші сыныптан бастап «Дизайн Арт» үйірмесіне қатысып, шығармашылығын шыңдап келеді. Содан бері жас дарын ізденімпаздығының арқасында халықаралық, республикалық, облыстық суретшілер байқауының жеңімпазы атанған. «Жас қылқалам шебері» номинациясының иегері.
Көрмеге Сымбат Бақытжанқызының бірнеше жұмысы қойылып, түрлі тақырыпты қамтитын суреттері көрермен назарына ұсынылды. Суреттерді тамашалау арқылы Сымбаттың мінез-құлқын, ішкі жан дүниесін түсінуге болады. Барлығы автордың қиялынан туындаған сезімін, көңіл-күйін білдіретін тамаша картина. Көрмені тамашалауға келген көрермен қауым ерекше көңіл күйге бөленіп, алдағы уақытта жалғасын таба беруін тіледі.
Бұл көрме Сымбаттың шығармашылық ізденісін, еңбекқорлығын және өнерге деген шынайы сүйіспеншілігін анық көрсетті. Суреттертердегі сыр тек бояуда емес, сол арқылы берілген терең мағынада, көңіл күй мен ой үндестігінде жатыр. Осындай шығармашылық жұмыстар өнерлі жас ұрпақтың эстетикалық талғамын арттырып, өнерге деген қанатын кең жаюына мол мүмкіндік берері анық.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
06 қаңтар 2026 ж. 66 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№1 (9368)

06 қаңтар 2026 ж.

№100 (9367)

31 желтоқсан 2025 ж.

№99 (9366)

27 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031