Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАНСЫЗ БЕЙНЕНІ ТІЛСІЗ СӨЙЛЕТКЕН ЖАН

ЖАНСЫЗ БЕЙНЕНІ ТІЛСІЗ СӨЙЛЕТКЕН ЖАН

22 мамырда аудандық «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Сырлы бояу» үйірмесінің шәкірті Айзере Әділханқызының «Ғажайып сурет әлемінде» атты шығармашылық сурет көрмесі өтті. Таңғажайып туындыларды қылқаламмен қағаз бетіне түсіріп, жансыз бейнені тілсіз сөйлететін бейнелеу өнері екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ал осы үйірмеге он жылға жуық қатысқан 11- сынып оқушысы облыстық, республикалық және Ташкент, Лондон, Дубайда өткен халықаралық байқаулардың жеңімпазы болып үлгерді.
Жұртшылықтың қызығушылығын оятқан «Ғажайып сурет әлемінде» атты көрмені «Арман» мәдениет үйінің директоры, өнер жанашыры Нұргүл Шалекеева ашып, Айзереге шығармашылық шабыт пен толағай табыс тіледі.
– Құрметті қонақтар, өнер жанашырлары. Қазақ даналығында «Өнерлі болу – бір құрмет, өнерді сүю – мың құрмет» деген сөз бар. Бүгін аудандарда көп бола бермейтін ерекше сурет көрмесіне қош келдіңіздер. Бұл Айзере Әділханқызының әлемдік деңгейдегі сурет көрмесінің алғашқы баспалдағы деп білеміз. Сурет өнері ішкі құбылысты, өзі сезіне алған ойдағы түйсігін бейнелеу арқылы жеткізу болып саналады. Айзерені қол өнерге баулып, сурет салудың қыр-сырын үйретіп жүрген ұстазы, үйірме жетекшісі Зухра Баймырзаеваға ерекше алғысымды білдіремін – деді мәдениет үйінің басшысы.
Көрмеге Айзере Әділханқызының бірнеше жұмыстары қойылып, түрлі тақырыптарды қамтитын суреттері көрермен назарына ұсынылды. Суреттерді тамашалау арқылы Айзеренің мінез-құлқын, ішкі жан дүниесін түсінуге болады. Барлығы автордың қиялынан туындаған сезімін, көңіл-күйін білдіретін тамаша картиналар. Көрмені тамашалауға келген ата-аналар мен балалар ерекше көңіл күйге бөленіп, алдағы уақытта жалғасын таба беруін тіледі. Олардың айтуынша, бұндай шаралар бейнелеу шеберлерінің әрі қарай жетіліп, жаңа туындылардың пайда болуына сеп болмақ.
Санаулы күннен кейін алтын ұя мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған Айзере суретші мамандығын таңдап, шығармашылық емтихан тапсырғалы отыр. Өмірін өнермен өрнектеуді қалаған Айзеренің таудай талабына бізде сәттілік тілейміз.

М.ҚАЙРАТҰЛЫ
27 мамыр 2024 ж. 173 0