Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиеліде «Біз өнерлі баламыз» атты көрме өтті

Шиеліде «Біз өнерлі баламыз» атты көрме өтті

Жас пен жынысқа, ұлт пен ұқсастыққа, түр мен тілге қарамастан жер бетіндегі адамдардың ортақ ұғынар тіл – өнер. Өнердің де түр-түрі бар. Дегенмен, қылқаламмен қағаз бетіне сурет салып, жансыз бейнені тілсіз сөйлеткендей көркем бейнелеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Көргенін емес, сезінгенін екінші адамға сездіре алатын суретшілердің әр туындысы тылсымға толы.

Жақында Ы.Жақаев ауылының мәдениет үйінің жанынан құрылған шебер қолдар мен жас суретші үйірме мүшелерінің «Біз өнерлі баламыз» атты қорытынды көрмесі өтті. Мұнда өз қабілеттерін шыңдау мақсатында жұмыс істеп келе жатқан үйірме мүшелерінің еңбегі ортаға қойылды. Тиісінше түрлі тақырыпта бейнеленген оқушылардың туындылары қатысушылардың оң бағасын алды.

“Бұл – жас үйірме мүшелерінің алғашқы тың көрмесі. Шәкірттеріміздің әрқайсысы өзінше ыстық. Оларға жарқын болашақ тілеймін! Әр қадамына қуанып, қолдап отыратын ата-аналар мен ұстаздар барында олардың жетер жетістігі әлі алда”, – деді үйірме директоры.

Айта кетейік, Ы.Жақаев ауылдық мәдениет үйінде 5 үйірме бар. «Жас суретші» сурет, «Шебер қолдар» қолөнер, «Жыр әлемі» көркемоқу, «Жас өркен» жасөспірімдер ән үйірмесі, «Шабыт» би үйірмесі қызмет көрсетуде. Үйірмеге жалпы 44 өнерпаз қатысады. 

Үйірме өнерпаздары аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып жүлделі орындармен марапатталып жүр. Атап айтсақ, «Tanm art» өнер орталығының ұйымдастыруымен өткен «Самғау» республикалық өнер байқауында «Шабыт» би үйірмесі жүлделі ІІ орын дипломмен марапатталды. 

Сонымен қатар «Tanm art» өнер орталығының ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы «Белес» өнер байқауында дәл осы би үйірмесінің өнерпазы Ақниет Иманалиева І орын дипломмен марапатталды. Түркістан қаласындағы Алаш өнер орталығының ұйымдастыруымен өткен «Халықаралық Түркістан Фест» көпжанрлы өнер байқауында «Жас өркен» ән үйірмесінің өнерпазы Әбдеш Ерұлан диплом І орын иеленді.
 
Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Туризм энциклопедиясы» байқауында «Жас суретші» сурет үйірмесінің оқушылары Айша Қырықбай, Диана Әбдразақ, Мирас Махамбетжан, Ерасыл Абжапбарұлы, Айзере Мұханбетқали жүлделі І орын диплом иегерлері атанды. «Мереке» өнер орталығының ұйымдастыруымен өткен балалар мен жасөспірімдер арасында «Фариза, Фаризажан, Фаризақыз» атты Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін оқу республикалық байқауында «Жыр әлемі» көркемоқу үйірмесінің өнерпазы Раяна Мұхамедәлі жүлделі І орын иеленді.
24 мамыр 2023 ж. 102 0