СУРЕТШІЛЕР БАҚ СЫНАДЫ
Әмбеге аян, қазақта өнердің сан алуан түрі бар. Айта берсек, ән, би, күй, қолөнер деп жалғасып кете береді. Ал соның ішінде жанға тыныштық сыйлайтын – сурет өнері. Бала сурет салу арқылы әсемдікті сезініп ғана қоймайды, өзінің шығармашылығынан ләззат алады. Қоршаған ортаны да тереңірек ұғынады. Бейнелеу өнері – егеменді елдің болашағы болар жас ұрпақты ұлттық дүниетаным негізінде тәрбиелеудің баға жетпес теңдессіз құралы. «Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді» деген әйгілі суретші Пабло Пикассо. Ал мұндай дарын – екінің бірінде бола бермейтін ерекше қасиет. Өздеріңізге мәлім, суретшілердің ұшар басында әйгілі кескіндемеші, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеев тұр. Бұдан кейін де бұл сала бойынша елімізде жетістікке жетіп жүрген жастар көп. Аудан өрендері де бейнелеу өнерінен алыс емес.

Байқаудың басты мақсаты – балалардың шығармашылық және көркемдік қиялдарын дамытуға мүмкіндік беру арқылы қабілетін қалыптастырып, қатысушылардың сурет салуға деген қызығушылығын арттыру болып табылады.
Нәтижесінде I орынды Ш.Уәлиханов атындағы No127 мектеп-лицейінің 4 сынып оқушысы Бегімсұлу Шатланбек иеленсе, II орынды No45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының 3 сынып оқушысы Айгерім Әшімова алса, III орынды No181 орта мектебінің 7 сынып оқушысы Жанерке Елтай қанжығасына байлады. Сондай- ақ байқауға белсене қатысқаны үшін Кәусар Абдуғаппар, Александр Ким, Жанерке Әйтім, Ұлзере Зинабдинова, Кәусар Қайратқызы, Нұрила Панабек, Айсұлтан Мейірбекке алғыс хат пен ынталандыру сыйлығы табысталды.
Ұлт мәдениетін зерделеуде сурет өнерінің ықпалы зор. Шыдамдылықты талап етіп, бар уақытын бір кескінге арнап, қағаз бетіне сырлы бояуды түсіру тек суретшілерге ғана тән қасиет. Сондықтан шығармашылыққа жаны құмар жастар барда бейнелеу өнері өз өміршеңдігін жоймасы анық.
Айнұр ИБРАШ