Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Суретшілер симпозиумда бас қосты

Суретшілер симпозиумда бас қосты


«Сырдағы галерея – Қазақстанның үздік суретшілерінің ордасы. Мұнда қазақтың тұңғыш суретшісінен бастап, бүгінде елге аты мәлім өнер иелерінің туындылары қойылған». Мұндай пікір С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында өткен «Аға ұрпақ өнері – жастарға аманат» атты халықаралық симпозиумда айтылды. Аталған шараға отандық өнер иелерімен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей тәрізді көршілес мемлекеттің қылқалам шеберлері қатысты.
Шара талантты жас­тарға қолдау көрсетіп, бейнелеу өнері саласындағы еңбек сі­ңір­ген қайраткерлер мен жас суретшілердің басын қосып, өзара тәжірибе алмасуды көз­дейді. Сонымен қатар, ұйым­дастырушылар салада жа­ңаша көркем формаларды іздеуді ойға алған. Қазақстан Суретшілер ода­ғы облыс­тық филиалының төрағасы Амангелді Кененбаев Сырдағы симпозиумның мақсаты жайлы айтып өтті.
Шетелдік суретшілер қазақ хал­қының қонақжайлы­лы­ғы мен мәдениетке өзгеше көз­қа­расын тілге тиек қылды. Әсіресе, бейнелеу өне­рінде атақты Қожықов­тар салған сүрлеу­ді сөз етті. Ал саланың бүгінгі майталмандары Иассауи Ағытаев, Қайырбай Зәкіров тәрізді аға буынның жастарға үйретері мол.
– Мен Қырғызстаннан келдім. Сырдария, Түркіс­тан сөздеріне құлағымыз қанық. Қазақ пен қырғыз – ағайынды халық. Қанша ұлт пен ұлыс жойылып кетсе де, біз қос мемлекет – өз мәдениетіміздің мәйегін ұлық­таған елміз. Ұқсас­ты­ғымыз – мәдениетімізде. Түркі­лердің ұлт­­тық құндылығы ешқашан өшпейді, – деді қырғызстандық суретші Урмат Серенов.
Ал Ресей көркем академиясының қызметкері Сергей Секирин халықаралық деңгейдегі шараға көңілге көп нәрсе түйіп, тәжірибе алмасу үшін келгенін айтады.
– Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Меніңше, мұндай шараға атсалысатын әрбір азамат өнерге бейтарап қарамайды. Қаншама сурет­шінің басын қосып отыр. Білмейтініміз көп екен, үйрену үстіндеміз. Біз сөз­­­бен емес, суретпен сөйлейміз. Сондықтан, мұндағы сезіміміз бен көңіл толқынысымыз Қорқыт кешені мен Қамбаш көлінде салатын суретімізден көрінер, – деді ол.
Симпозиумға қатысатын 20 суретші Сыр табиғатын қылқаламға арқау етіп, өз өнерлерін көрсетпек. Ол үшін Қорқыт ата кешені мен Қамбаш көліндегі табиғи жағажай таңдалып отыр.
Аян СПАНДИЯР.
15 маусым 2019 ж. 1 268 0