ҚОҒАМ. ҚҰҚЫҚ. ҚҰНДЫЛЫҚ

ЖАҢА ӘДІСТЕМЕ – ЖАҢА МҮМКІНДІК
Ең алдымен жиында сөз алған аудандық мәслихат аппаратының бөлім басшысы Ә.Ахметов мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау әдістемесін таныстырды. Бұл тек қағазда қалмай, қызметшілердің кәсіби дамуына нақты жол ашады. «Б» корпусы қызметкерлерінің бағалау жүйесі жаңартылды, бұрынғы шешімдер күшін жойып, әдістеме ресми жарияланғаннан кейін 10 күннен соң қолданысқа енгізіледі. Бұл қадам мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға бағытталған нақты стратегияның бір бөлігі.
ҚЫЛМЫСТЫҢ БЕТІ ҚАЙТТЫ МА?
Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Б.Мұханов 9 айдағы құқықтық жағдайды баяндады. Жалпы тіркелген қылмыстар – 128, өткен жылмен салыстырғанда 13,3% өскен. Ауыр қылмыстар саны 35-ке азайып, ашылу көрсеткіші 6,6% жақсарған. Онша ауыр емес және орта санаттағы қылмыстар – 55, ашылу көрсеткіші 5,1% жақсарған. Қылмыстың өсуіне жаңа заңнама бойынша ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру деректерінің көбеюі (10-нан 35-ке дейін) әсер етті. Полицияның профилактикалық іс-шаралары нәтиже беріп, бөтен мүлік ұрлығы 57,9% азайды. Ағымдағы кезеңде 8841 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, айыппұлдардың 85,8% өндірілген. Тұрмыстық ортада 128 қорғау нұсқамасы беріліп, 68 құқық бұзушыға ерекше талаптар белгіленген, ал 13 азамат облыс орталығындағы ішімдіктен бас тарту мекемесіне жатқызылған. Заңсыз айналымнан 30 атыс қаруы тәркіленді. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған қылмыстар тұрақты деңгейде, табиғатты қорғау саласында 5 қылмыстық дерек және 80 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Алаяқтық қылмыстар – 28, оның 14-і интернет алаяқтық. Есірткіге қатысты 15 дерек анықталған, оның 8-і өсіру, 1-і өткізу, 6-сы сақтау мен алып жүру бойынша. – Аудан бойынша 25 учаскелік полиция пункті жұмыс істейді, оның 4-еуі Шиелі АПБ теңгерімінде. Қалған 21 ауылда полиция қызметі әкімдік немесе басқа ғимараттардан бөлінген бөлмелерде ұйымдастырылған, – дейді аудандық полиция бастығы Б.Мұханов.
ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
Қоғамдық кеңес отырысы күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаумен ғана емес, ел жадында қалатын тарихи тақырыпқа да тоқталды. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе Ұлы Отан соғысының қаһарманы Қожамбаев Пернебек Баймаханұлының есімін ұлықтау жайлы болды. Ол 1924 жылы 10 қаңтарда қазіргі Балаби елді мекенінде дүниеге келген. Отан алдындағы борышын орындау үшін 18 жасында майданға аттанды.
Сержант мектебін тәмамдап, 27-ші Гвардия мотоатқыштар полкінің барлау ротасында командир болып қызмет етті. 1943 жылы Германияның Трептев қаласында көрсеткен ерлігі үшін ол «Даңқ» орденінің ІІІ дәрежесімен марапатталды. Кейінгі шайқастарда да талай мәрте ерліктің үлгісін танытты. Оның кеудесінде «Ұлы Отан соғысы» І дәрежелі ордені, «Берлинді алу үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Польша үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары жарқырады. Жеңісті жақындатқан жауынгер елге оралған соң да қол қусырып отырмады. 1947 жылдан бастап бейбіт еңбектің алдыңғы сапынан табылды. Батыс Қазақстан темір жолында бригадир қызметін атқарып, 1984 жылы зейнетке шықты. Ел экономикасының тамыры саналатын теміржол саласына қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте марапатталды. Пернебек Баймаханұлы – тек жауынгер ғана емес, үлгілі әке, берекелі шаңырақ иесі болды. Артында 3 ұл, 3 қыз, 29 немере қалдырды. 1997 жылы 22 сәуірде дүние салды. Бірақ артында қалған өнегелі өмір жолы, елге сіңірген еңбегі ұрпақ жадынан өшпек емес. Кеңес отырысында батыр есімін мәңгілікке қалдыру үшін оған көше атауын беру ұсынылды. Бұл бастаманы Талаптан ауылдық округінің әкімі Х.Тәжіев қолдап, арнайы баяндама жасады. Қазіргі таңда оған көше атауын беру шешілді – тарихи әділеттің көрінісі.
ЕҢБЕК АРДАГЕРІНІҢ ҮЛГІСІ
І Қоғамдық кеңестің төрағасы Қаблеш Бекішов Орынбай Ахметовті Шиелі ауданының құрметті азаматы атағына ұсынды. Орынбай Ахметов 1946 жылы дүниеге келіп, қазақ күресінен шәкірт дайындаған спорт нұсқаушысы ретінде танылған. Сонымен қатар агроном-экономист мамандығын алып, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында ұзақ жыл қызмет атқарған. 1995 жылы ЮНЕСКО аясында Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойында «Ызғар» атты сәйгүлікті баптап, халықаралық жарыста жеңіске жетіп, Қазақстанның атын ЮНЕСКО алтын кітабына енгізген. Отырыстың әр баяндамасы – тек есеп емес, қоғамдағы өзгерістердің көрінісі. Мемлекеттік қызметті жетілдіру, құқық қорғау саласындағы тиімді шаралар, тарихи тұлғаларды еске алу – бұның бәрі аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға арналған нақты қадамдар. Шиелі – қоғамдағы әр дауысқа құлақ асатын, әр жетістікті бағалай білетін аудан. Қоғамдық кеңестің отырысы дәл осындай жауапкершілікті, рухани және әлеуметтік мәнді іс-қимылды көрсеткен бір сәт болды.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ