Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨЛ ПЕРЗЕНТТІҢ ТАРТУЫ

ТӨЛ ПЕРЗЕНТТІҢ ТАРТУЫ

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген екен. Күйге бұдан артық баға беру де қиын. Расында күй құдіреті көңіл көкжиегінің кілті іспетті. Түсінсең, түйсінсең күй алпыс екі тамырыңды иітер тылсым күшке ие. Адам жанынан ақтарылып, қос ішекті домбырадан күмбірлей шыққан үн, күн сияқты жүрекке сәулесін түсіріп, үзілген үмітті жалғап, тілмен жеткізе алмас дүниені жария қылғанда тамсанасың.
Бабадан қалған саф өнер, асыл мұраның үзілмеуіне үн қосып, мағыналы ғұмырында қастерлі күй өнеріне мұрындық болған, мақсаты биік азаматтарды көргенде, көңілің марқаяды. Күйді нақышына келтіре орындап, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген ауданның біртуар азаматы – Әділбек Тәшімов.
Ол 1984 жылдың 4 наурызында Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Алты жасынан бері қос ішектің құдіретін бойына сіңіріп, он жасында аудандық балалар әуез мектебіне барады. Талантты жан тез шыңдалып, күйдің құдіретін сезінеді. Бүгінде елді елең еткізер өнерімен танылып, ыстық ықыласқа бөленіп жүр. Әсіресе, оның қос домбырамен тартқан күйі елді елең еткізбеске қоймайды.
Кейіпкеріміздің алғашқы ұстазы – әкешешесі. Кейін Қошқарбек Тасбергенов, Төлепберген Тоғжанов секілді талант иелерінен тәлім алған. Білімін жетілдіру мақсатында алдымен Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжіне «Домбыра» мамандығы бойынша білім алып, сонан соң Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясын «Оркестр әртісі, оқытушы педагог» мамандығы бойынша үздікке бітіріп шыққан. Өзінің айтуынша, консерватория қабырғасында жүргенде Қазақстанның халық әртісі, профессор Қаршыға Ахмедияров шәкірт ретінде тәрбиелеп, өнердегі өрісінің кең қанат жаюына үлкен үлес қосқан. Халықаралық, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпаз лауреаты атанған. Республикалық Күйшілер Одағының мүшесі.
Әділбек Тәшімов бүгінде Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениеті үйінің жанынан құралған ұлттық аспаптар оркестрінің жетекшісі әрі осынау қасиетті өнер шаңырағының қызметкері. ҚР Мәдениет саласының үздігі. Сонымен қатар шәкірт тәрбиелеп, ізбасар дайындап келеді. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, олардың биік белестерді бағындыруы жолында тынбай еңбектенуде.
Әділбек Тәшімов күйді шебер орындаудан бөлек, өзінің туындылары да халық арасына кеңінен танылып келеді. Бүгінгі мақалада Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай шығарған «Шиелі толғауы» шығармасын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Автордың айтуынша бұл күй осы елдің төл перзенті ретіндегі тартуы. Осыған орай, аудан басшылығы «Шиелі толғауы» күйінің құрметіне аудан орталығында ескерткіш орнатқан.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
23 қыркүйек 2025 ж. 93 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№84 (9351)

04 қараша 2025 ж.

№83 (9350)

01 қараша 2025 ж.

№82 (9349)

29 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930