Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Егін де әнді сүйеді

Егін де әнді сүйеді

«Құлақтан кіріп бойды алар, тәтті ән мен жақсы күйдің» адам өміріне, қоршаған ортаға айтарлықтай әсері бар. Жақсы әуен адамның есту қабілетін жақсартып, мейірімділікке баулиды. Кейде өкпе-реніш секілді сәтсіз сезімді еске салады демесеңіз, есте сақтау мен жүйке жүйесінің жүйелі жұмыс істеуіне пайдасы зор. Зерттеушілер музыканың әсерінен гүлдің тез өсетінін, жүректің ырғағы тыңдап отырған әннің ритміне қарай соғатынын, спортпен айналысу уақытында төзіміділікті арттыратынын, жағымсыз энергиядан арылуға болатынын анықтап, классикалық музыканы тыңдауды тұрақты әдет қылғандардың қан қысымы бірқалыпты тұратынын айтқан.
Олардың болжауынша, музыка қосылып тұрған жерде сиыр сауса, әдеттегіден көп сүт береді. Үнді ғалымдары да тәжірибе барысында жүгері егіп, бір жақ бөлігіне музыка тыңдатып, екіншісіне тыңдатпай өсірген. Нәтижесінде ән «тыңдаған» жүгерілер ұзын әрі дәндері ірі болып шыққан.
«Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген Мұхтар Әуезов. Ұлы даланың дархан көңіл ұрпақтары жан сарайындағы толқынысын, қуанышын, мұңы мен сырын күй арқылы жеткізген. Жошы хан ұлының өлімін күй арқылы сөзсіз түсінгенін тарихтан білеміз. Екпіндете, егілдіре, төгілдіре орындалатын күй кімнің болса да көңіл пернесін ашары анық. Әдебиеттен таң атқанша ән салып, күй тыңдаған сауықтарды білеміз. Қазақ қызықшылығын әнмен көркемдеп, қайғылы сәтте ішіндегісін әнмен шығарып, адам өмірін өлеңмен өрнектеген. Тойдың әнсіз өтпеуі, қыз ұзатылғанда сыңсу айтылуы, адам өмірден өткенде жоқтауы соның дәлелі. Абай атамыз «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» демей ме?
Қазірде медицинада «музыкатерапия» деген термин бар. Психикалық дертке ұшырағандар мен ақыл-есінде ауытқуы бар адамдарды тыныштандыру мақсатында баланың есту, тыңдау, сезіну, қимыл-қозғалыс қабілетін дамытуға, тілінің мүкісі бар балаларға арналған емдеу тәсілдерін ән арқылы жүргізеді. Жан қиналысынан пайда болатын психологиялық ауруларды музыкамен емдеу әлемнің дамыған елдерінде көптеп қолданылады. Дейтұрғанмен, бұл нәрсеге біржақты қарауға болмайды. Ұлтымызда да бұрынырақта қобызбен зікір салып емдейтін емшілер болған. Бірақ қыз баланың денсаулығына кері әсері болуы мүмкін деп қобызды тартқызбаған. Батыстықтар виолончель аспабын әйел адамға ойнатпаған. Жалпы дені сау адамға «тыңдаушының құлағын кесер» әндерді шектен тыс көп тыңдау кері әсер ететінін айтатын пікірлер де жоқ емес. Зерттеулерге сүйенсек, рок жанрының әншілері ерте қайтыс болатын көрінеді. Жалпы музыканың психологияға әсері болғандықтан, талғаммен тыңдаған жөн.

Назерке МҰХАМЕДИЯРОВА

17 қыркүйек 2019 ж. 782 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930