Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨЛЕҢНІҢ ҚҰДІРЕТІ ӨЛІМНЕН ҚҰТҚАРАДЫ...

ӨЛЕҢНІҢ ҚҰДІРЕТІ ӨЛІМНЕН ҚҰТҚАРАДЫ...

«Өлең» деген төрт әріптің ішінде қаншама құпия мен сыр жатыр десеңші?! Иә, біз адамдар өлең дегенді қарапайым дүние деп қарастырғанымызбен, оның артында қаншама тылсымның жатқандығын біле бермейміз. Өлең – өмірдің тылсымы һәм сезім сыйқыры. Алпыс екі тамырыңды шымырлатып жіберетін өлең жайлы көп нәрсе айтуға болады. Бірақ сіз сол қыл қаламның көмегімен жазылған қара өлеңнің, жауһар жырдың құдіреті адам баласын қатерлі дерттен жазып, аурудан айықтырады десе сенер ме едіңіз?
Өлең – бір қарағанда жай өлең сияқты көрінуі мүмкін. Алайда сол бір ғана өлең – бір адамның өмірін өзгертуге қауқарлы тылсым құбылыс. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп хакім Абай айтқандай, сөздің патшасын түсіне білетіндер оның қаншалықты жанға рахат сыйлай алатынын жақсы біледі. Әдетте өлең сүйер қауым да, ақындар да поэзия арқылы өзгелерге айта алмаған жан сырын тауып, мұңдасып жатады. Сол арқылы жанына тыныштық сыйлап, төрт шумақтың өзінен төрткүл дүниеден теңдесіз кереметті табады. Бір сәтке болса да бақыттың дәмін сезінеді, бір ғана өлеңнен көңілі шаттанады. Кейде жылайды, жүрегіндегісін өлең ұғып қойғандай күй кешеді. Иә, өлеңнің барлық құдіреттілігі де сол. Жыр-дастандар пайда болғалы бері оның құпиясын әлі күнге дейін ешқандай ғалым да аша алмаған. Өйткені ол бәріне жұмбақ, көзге көрініп, қолға ұсталмайтын қымбат дүние. Әрі түсініксіз әлем. Қанша түсініксіз болса да сіз бен бізді таң қалдыратыны – өлең арқылы адамдардың жауһар жырды жүрек түкпіріне ұялатып, содан бақыт ­тауып жүргені. Қаншама ақын жазушылар да осы өлең арқылы жүректегі сөзін айтып, қаншама жанның жүрегінен жол тапқан. Демек, өлең – расында жүректің қаруы, дерттің дәруі. Дерт демекші, біз жыр жазып жүргендердің жанын өлеңмен емдеп жазатынын, сырласатынын ғана білеміз. Алайда қолына қалам ұстаған, жазуға қабілетті жандардың дені өлең жазып, кітап шығарып, жазбаларды естелік ретінде қалдыруы арқылы ауыр дерттен айыққанын естідіңіз бе? Бір қарағанда бұл ертегі сияқты көрінгенімен, рас нәрсе.
Көне адамдардың жазып қалдырған дерегі бойынша, осыдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген грек жазушысы обыр дертіне шалдығып, ол аурудан қаламының күші арқылы айыққан деседі. Бұл қалай дейсіз ғой? Юнек Уолфак есімімен танылған әйгілі грек жазушысы өзінің ауыр дертке шалдыққанын білгеннен кейін, өлетінін сезіп өмірінің соңына дейін ешкіммен сөйлеспеуді, тек түн ауғанда өткенін, өмірден түйгенін шимайлауды, өзімен-өзі болып, жалғыздықта әртүрлі жазбалар жазуды шешеді. Осылай тек қана жазу жазып ішіндегі бар мұңын қаламына ақтарған ол бірнеше жылдан кейін ауыр дерттен құлан таза айыққан көрінеді. Иә, ол мұндай айықпас дерттен ешқандай дәрі-дәрмектің көмегінсіз арылған. Осы оқиғадан кейін ел-жұрт жазушының әрбір жазбаларын мұқият қарап, қара қалам мен жырдың құдіреттілігіне куә болған. Біздің келтірген мысал біреу ғана. Бәлкім сіз мұндай жазылмас дерттен қалайша өлең жазып, қыл қаламмен сырласып айығуға болады деп түсінбей де отырған боларсыз?
Қазақ поэзиясында «өлең – препарат» деген қуатты сөз бар. Өздеріңіз білетіндей, ақын жаны нәзік, сезімтал келеді. Олар құдды бір өзге ғаламшарлықтар іспетті. Өздерінен басқа оларды ешкім түсіне қоймайды. Соншалықты қилы әрі тылсым күшке ие ақын жандылардың әлемі расымен басқа. Әдебиетке жаны жақын мұндай жандар басқалардан ерекшеленіп тұратыны да содан. Олардың жаны нәзік, тез жараланғыш келеді. Себебі жазуға құмар адамдар кез келген дүниені жүрекке жақын қабылдайды. Сол үшін де олардың жаны тез жараланады. Ауруды өздеріне магнитше тартып қабылдап алатындар да осы ақындар қауымы. Өйткені қаламгерлердің құлазыған көңілін айналасындағы адамдар түсінуге де құлықты емес. Ауыр дертке шалдығатындардың басым бөлігі де осылар. Ғалымдардың айтуы бойынша, жүректері ауыратындар да, ауыр дертке шалдығатындардың басым бөлігі де осылар. Неге екені сіз бен бізге қараңғы. Бәлкім бұған мұндай адамдардың кез келген дүниеге бей-жай қарамай, бәрін жүрекпен қабылдап алулары себеп шығар. Алайда ауыр дертті арқалаған ақындардың арасында ауруды өлеңмен жеңгендерді көріп, өлеңнің құдіреттілігіне еш күмән келтіре алмай қаласың. Мәселен, жүрегіндегі сезімін жырлары арқылы жеткізген Жадыра Байбұланованың осыдан бірнеше жыл бұрын обыр дертіне шалдыққанын білеміз. Телеарналардың біріне берген сұхбатында ақын қыз өлең жазу арқылы өмірді сүйе бастадым деген болатын. Қара өлеңді жанындай сүйетін оның айтуынша, өзі де бұл дертпен біраз жыл күрескен көрінеді. Ақын қыз әуелі Алла содан соң жақындарының қолдауының арқасында ауыр дерттен айыққан. Бұл туралы кезінде талай бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жазды. Жадыраның айтуы ­бойынша, ол обыр дертін өлеңмен сырласып, қара өлеңге мұңын шағып, жыр жазып жеңген. Және ол өлеңнің қадір-қасиетінің, тылсым сырының бар екеніне шексіз сенетінін тілге тиек етті. Бұдан бөлек қатерлі дертті жырмен жеңгендер жайлы келтірер мысалымыз да жетерлік. Солардың бірі – өлеңге ессіз ғашық Сыр елінің ақын қызы – Асылзат Арыстанбек. Ол да осыдан бірнеше жыл бұрын ауыр дертке шалдығып, өз өлеңі арқылы ауырудан айыққан ақындардың бірі. Бүгінде ол өзінің өткен оқиғаларын көпшілікке өлеңі арқылы жеткізіп, өзгелерге үлгі болып жүр. Әрине, өлең – дертті толықтай емдейді деген сөз жоқ. Кімге болса да әуелі Аллаға деген сенім, өмірге деген ұмтылыс керек-ақ. Сонда ғана аурудан айығуға болады. Ал өлең – сенімнің күші, жанның дауасы, тылсымға ие құбылыс. Мүмкін талай ақынның ауыр дертті жеңіп, аурудан айығуында да бір сыр бар шығар. Не болса да, ол әлі ашылмаған құпия. Біздің білетініміз – өлеңнің ешқашан өлмейтіні. Демек, қашан да жыр жауһары қасиетті, қадірлі. Ол тек адам жанын емдеп қана қоймай, аурудан айықтыратын күшке ие.

Сымбат СҰЛТАН
28 ақпан 2023 ж. 533 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930