Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт мақтанышы – Әл-Фараби

Ұлт мақтанышы – Әл-Фараби

Президент жарлығымен биылғы жыл ойшыл ғалым, философ, математик, Әбу насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы мемлекет көлемінде аталып өтуде.
Арада мыңдаған жыл өтсе де, ғылыми және мәдени мұралары ұрпақтан- ұрпаққа аманат болып, есімі ел есінде жатталған еңбектері адамзат игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан ұлт перзенттерінің бірі – Әбу Насыр әл-Фараби .
Оның кіндік қаны тамған жер – Отырар қаласы. Туған жері қазақ елінің ежелгі шаһары Отырарды арабтар Фараб деп атаған. Осыған орай ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған.
Әбу Насыр сауатын өте ерте ашқан. Ең алдымен Отырар медресесінде, содан кейін Хорасанда білім алады. Білімін арттыру мақсатында Бағдад қаласына келеді. Оны ғылыми қауым Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атаған. Фараби медицина, логика, астрономия, жаратылыстану ғылымдарын меңгеріп, 70-ке жуық тілде сөйлей білген. Ол грек ғылымы мен философиясын, Аристотельдің еңбектерін игеруге күш салған. Әл-Фарабидің «Ақылдың мәні», «Данышпандықтың інжу-маржаны», «Ғылымдардың шығуы», «Философияны оқу үшін алдымен не білу керек?», «Аристотель еңбектеріне түсінік», «Поэтика», «Риторика», «Софистика» атты зерттеулері оның есімін күллі әлемге мәшһүр етті. Ол әдебиет теориясымен де шұғылданған. Бұған дәлел ретінде «Өлең және ұйқас туралы сөз», «Өлең ырғағы туралы», «Поэзия­­ өнерінің негіздері туралы трактат», «Өлең өнері», «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат» атты зерттеу туындыларын айтуға болады.
«Өлең кітабы» еңбегінде өлеңнің композициясына, шумағына, ұйқасына шолу жасап, ақынның ойын оқырман жүрегіне жеткізе білу керектігін айтады. Бұл шығарманың негізгі түйіні – өлеңнің ішкі мағынасы мен сырт тұлғасы өзара үндесіп, үйлесуі қажет. Өлеңнің буыны, бунағы, ұйқасы бір-бірімен үндесіп, мән-мағынасы сырт тұлғасымен астасып тұрса ғана оқырман ойынан шығатынын айтады.
Ғалым баба «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат» атты еңбегінде ақындарды үшке бөліп, олардың әрқайсысына сипаттама жасайды. Бірінші топқа табиғи дарынды, өлең жолында керемет теңеулер таба алатын, бірақ өлең теориясын білмейтін ақындарды жатқызады. Өлең жазу өнерін толық меңгерген ақындар екінші топты құраса, үшінші топқа жоғарыда көрсетілген ақын топтарына еліктеушілерді атайды.
Әбу Насыр әл-Фараби бұл еңбектерінде әдебиетші-ғалым ретінде өлеңнің құрылысын, тақырыбын, шумағын, ырғағын, тармағын, бунағын, ұйқасын, түр-тұлғасын жан-жақты талдап береді.
Өлең теориясын жетік меңгерген әл-Фарабидің ақындық мұрасы бізге дейін толық сақталмаған. Десе де аз ғана өлеңдерінен тынысы кең, шалқар шабытты, нәзік сезімді ақын болғанын аңғаруға болады.
«Жақсының жаны жомарт, жүзі жарқын,
Аузынан шыққан сөздің бәрі алтын.
Сыры сай сымбатына, арманы асқақ,
Ісімен риза еткен туған халқын», – деп толғаған ­Фараби баба бақытқа жету үшін адамда үш қасиет болсын дейді. Біріншісі – ерекше сымбатты, екіншісі – шынайы жан құмарлығы, үшіншісі – ой парасаты. Осы қасиеттер адам баласында үйлесім тапқанда бақытты өмір сүретінін айтады.
Өскелең ұрпақ бойына аталған ізгі қасиеттерді дарытуда, дұрыс жолға бастауда ұлы ғалымның ғылым мен өнердегі табыстарын, мол мұраларын бағыт-бағдар ретінде ұстана отырып, адамзат кәдесіне жарату біздің басты парыздарымыздың бірі болып табылады.

Гүлсауле Жантелеева ,
№158 орта мектеп мұғалімі

11 тамыз 2020 ж. 1 285 0