Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әл-Фараби ілімі көпке үлгі

Әл-Фараби ілімі көпке үлгі

Қазақта «қос тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын» деген керемет сөз бар. Иә, биыл еліміз үшін ұлылар ұлықталатын мереке қатар келіп отыр. Олар Абай Құнанбайұлының 175 жылдық, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қос мерейтойға қатысты қаулы қабылдап, оны дайындайтын және өткізетін мемлекеттік комиссия құрған болатын. СәйкесіншЕ аталҒАН комиссия мерейтойды атап өтудің республикалық деңгейдегі жоспарын жасап шығарды. Мәселен, ұлы ақынның 175 жылдығына арнап өткізетін шаралардың саны 500-ге жуықтаса, ал әл-Фарабиге арналған республикалық көлемдегі іс-шара саны 50-ден астам. Қазақтың қос тұлғаСы әр ғасырда ғұмыр кешкенімен, екеуінің айтқан ғибратты сөздері бір арнада тоғысады.

Тарихшылардың пайымдауынша Әбу ­Насыр әл-Фараби 870 жылы Отырарда өмір сүрген. Ойшыл осы жерде өзінің әлемтану жолын бастаған. Оған «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Жақыпбек Алтайұлының айтқан мына бір сөздері дәлел: «Ол әулетті отбасыда өмірге келген. Оның әкесі әскери қолбасшы болған. Орта ғасырда Фараб қаласы ғылым мен мәдениеттің ордасы еді. Мұнда Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхана орналасты. Осының арқасында әл-Фараби ондағы құнды жазбалар және кітаптармен танысуға мүмкіндік алды. Ғалымның жастық шағы осы шаһарда өтті».
Жастайынан ғылымға үйір болып өскен Әбу Насыр Бұхара мен Самарқанда, кейіннен Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Мәдина, Мекке, Александрия қалаларында болып, білімін одан әрі жетілдерген. Ол өзінің білімге деген құштарлығының арқасында Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанды. Әл-Фараби 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазып, біздерге қалдырды. Сондай-ақ философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны жіті зерттеді. Ол алғы ұстаз Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамытып қана қоймай, өз атынан «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сынды біршама философиялық еңбектер жазды. Жоғарыда аталған еңбектерінде дүние, қоғам, мемлекет пен адамдар байланысы жөнінде пайымдауларды баяндайды. Мәселен, ғалым «Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді» дейді. Негізі дөп айтылған дүние. Барлық білімнің бастауы – жақсы мінез-құлық пен тәрбие.
Баланың өмірдегі даңғыл жолы ата-анадан көрген мінез-құлық пен олар бойына дарытқан тәрбиеден бастау алса, қажетті білімді ұстаз арқылы санасына сіңіреді. Мұғалім жаңартылған білім мазмұны арқылы жаңа методикамен сабақ беріп, балаларды қызықтырғаны дұрыс-ақ. Бірақ осындай атақты ойшылдың орамды ойларын күнделікті сабақ жоспарына енгізіп, ұмыт қалдырмаса екен. Бұл жолда педагог мамандарға артылар жүк те жеңіл емес. Кемелденген тұсымызда кемеңгердің мұра етіп қалдырған шығармаларын мектеп қабырғасынан бастап оқыса, білсе, өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу болатыны анық.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында әл-Фарабидің –1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының – 175 жылдық мерейтойларын ысырапшылдыққа жол бермей өткізу керектігін шегелеп айтты. Яғни Президент атап өткендей ғұлама тұлғаларға арналған тойлар ағартушылық және идеологиялық бағытта өтуі тиіс. Және олар қалдырған қымбат қазыналарды халық арасында, ғаламда кеңінен баршамыз бірдей дәріптеуіміз қажет. «Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады» деп сенім білдірді Президент. Расында, әл-Фараби мұрасының өскелең ұрпаққа тигізер пайдасы көп. Бабамыздың әр жазылған шығармалары бүгінгі күні өзектілігін жойған емес. Ол айтқан философиялық ойлар тұтас ұлттың рухани кемел қалыптасуына бағыт болатыны сөзсіз. Бүгіннен бастап еліміздегі мектеп пен ЖОО-да әл-Фараби мұралары өз деңгейінде насихатталуы керек деп білеміз.
Қорыта айтсақ, ата-ана балаға жақсы тәрбие берсе, өмірге қажетті мінез-құлық онсызда қалыптасады. Сосын мектеп пен ұстаз арасындағы байланысты үзбей отырса ғана өгіз өлмейді, арба да сынбайды.

Сұлушаш МАДИЯРОВА

22 ақпан 2020 ж. 1 393 0