Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Абай тынысы – заман тынысы

Абай тынысы – заман тынысы


Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланған болатын. Мемлекет басшысы мақалада халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кеткенін, мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отырғанын айтып, тарихи мерзімнің маңыздылығын атап өткен еді. Содан бері ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған шараның ашылуы республикалық, облыстық, аудандық деңгейде салтанатты түрде ұйымдастырылып келеді. Осы орайда айта кетейік, аймақ бойынша ұлы ақын мерейтойының шымылдығын алғаш шиелі ауданы ашып беріп отыр.
Абай Құнанбайұлына арналған аудандық шараның ашылуы 31 қаңтар күні Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өтті. Ақынның ән мұрасы өзінің көркемдік құндылығымен заманауи ұлттық өнердің қайнар бұлағына айналды. Оның шығармаларын арқау етіп, қазақ композиторлары әр жанрда бірнеше туындылар жазды. Рухани кеште ақынның өмірінен қысқаша қойылымдар қойып, «Сегіз аяқ», «Домбыраға қол сұқпа», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» секілді бірнеше шығармаларын және Абай әндерінен әндесте мен қара сөздерінен қойылымдарды орындап, өлеңдерін оқыған мәдениет саласы қызметкерлері көрерменнің зор ықыласына бөленді.
Шара барысында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы шараны салтанатты түрде ашып, ұлы хакім, ойшыл тұлғаның мерейтойының мемлекет мүддесі, халық игілігі жолындағы маңызына тоқтала отырып, аталған шараның Абай Құнанбайұлының өмірін насихаттауда, ұрпақ бойына ұлағат сіңіруде алар орнының ерекше екендігін баса айтып өтті. Ұлы ағартушының туындылары қанша уақыт өтсе де, сахнадан түскен емес. Абай жылының салтанатты ашылуы ерекше өрбіді. Кеш соңында жүрекке жақын, көкірекке жылылық ұялатқан «Желсіз түнде жарық ай» әнін аудан басшысы мәдениет саласы қызметкерлерімен қосыла шырқады.
Абай мұрасы – қазақтың қасиетті қазынасы. Мұның дәлелі аймақта жыл сайын аудандық және облыстық деңгейде «Абай оқуларынан» көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
«Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп айтқан Ұлы Абай атамыздың осы сүбелі сөзі байтақ еліміздің болашағы бірлігінде, халқымыздың татулығында екендігін айқындап тұр. Жүрегі елім деп соққан қазақтың әр азаматы Абай шығармашылығын тану, ұлтының салт-дәстүріне бойлау арқылы өзіне өмірлік ұстаным, рухани азық алады. Сондықтан Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған шараны өткізудегі мақсат – елге ұлы ақынның шығармаларын насихаттап, оны оқуға үндеу екені сөзсіз.
Айта кетейік, Ұлы ақынның мерейтойы тек Қазақстанда ғана емес, ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ ұйымдарына мүше елдер аясында да кең көлемде тойланады.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ

04 ақпан 2020 ж. 1 234 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930