Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Парасат шыңы – әл-фараби

Парасат шыңы – әл-фараби

Шығыстың ғұлама ойшылы, мұғалім-сәни атанған әмбебап ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидың туғанына 1150 жылдығын атап өту дәстүрлі түрде басталып кетті. Естеріңізде болса, осыдан елу жыл бұрын кеңестік және араб елдері ғалымдары тартысында ғалым Ақжан әл-Машанидың ғылыми ізденісінің арқасында әл-Фарабидың қазақ жерінен шыққандығы бұлтартпас дәлелдермен айқындалып, 1100 жылдық мерейтойын атап өту елімізден бастау алған еді. Білім мен парасатқа аса бай тұлғаның биылғы мерейтойын да атап өту бұйырғаны ерекше мәртебе.
Атаулы мерекенің танымдық жұмысын мектеп қабырғасынан бастау алып жатқандығын ерекше ілтипатпен қолдаймын. Себебі, бүгінгі білім алушы – ертеңгі ел басқарушы тұлға. Қазір сіңірген білімі-өмірлік жемісі болары сөзсіз. Осы тұста Әл-Фарабидың өзі айтқан мына сөзі мысал болсын: «Піскен алманы көрсетіп «Осы алманың бітім-болмысындағы жақсы қасиет не? Түсі ме, шырыны ма, дәмі ме әлде бітімі ме?» деген сауал қойылады. Сонда әл-Фараби: «Бәрінен де оның ұрығы тамаша. Өйткені, осы алманың өзі сол ұрықтан өсіп шыққан және одан бүкіл бақ пайда болды ғой!», – деп жауап берген екен. Асылында, алмамен қозғалған мәселенің төркінін адамның алған тәрбиесі мен біліміне теңеп, өшпейтін құнды сөз айтқан. Демек жақсы қасиетін сараласа сан жетпейтіндей ақылды ұрпақ ел басқарсын десек, білімнің бастауын алып отырған мектептен осындай ұлы, кемеңгер тұлғалардың сөзі мен еңбегін алдына шам етіп жағып беруіміз қажет.
Кез келген ел өз ішінде емес, өзге елдермен байланыс жасау арқылы білім көкжиегін кеңейте алатыны мәлім. Ежелден басталған бұл байланыс халықтардың мәдени өмірі мен рухани дүниесіне өзінің барлық болмысымен өшпес ізін қалдырғаны сөзсіз. Өркениеті дамыған алпауыт елдермен толассыз рухани байланыс­та жүргеніміздің кепілі әл-Фарабиден бастау алатыны сөзсіз. Есімі дүние жүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ даласының асыл перзенттерінің ең жарық жұлдызы – әл-Фараби. Х ғасырдан бастап қазіргі таңға дейінгі мың жылдан астам уақыттың ішінде ұлы бабамыздың еңбектері әлем ғалымдарының сусындар кәусар бұлағына айналды.Ұлы ғұламадан қалған мирас ғылымның түрлі саласын қамтиды әрі өте құндылығымен ерекшеленеді. Оның философия, социология, логика, эстетика, этика және басқа да жаратылыстану мен гуманитарлық ғылым салалары бойынша айтқан теориялық тұжырымдары дүние жүзі халықтарының қоғамдық-философиялық ойларына ықпал етті деп айтуға болады. Демек біріншіден, әл-Фарабиды оқушыларға насихаттау олардың бойындағы мақтаныш сезімін тудырып, патриоттық рухын ояту. Бұл өте маңызды қадам деп есептеймін.
Араб халқында мынадай дана мақал бар: «Ғылыми мұра қалдырмаған ғалым найзағай ойнатып, күркіреп тұрып, жаумай өткен бұлтпен тең». Осындай қанатты сөзді ту етіп ұстанған ұлы ұстаз ғылым мен өнердің барлық салаларына өз үлесін қосып, екі жүзге тарта трактаттарды қаламынан тудырған. Әсіресе, философия мен әлеуметтану, этика, эстетика мәселелері қазіргі таңда адамзатқа қажет дүниелер болып тұр. Осы өрбіп тұрған мәселелердің шешімін табуда әл-Фарабиды оқып, оған сүйенсек, тура жолға түсеміз. Бұл ойды барлық өсіп келе жатқан жас буынның санасына сіңіру арқылы, біз болашағымызға деген нық қадамды өз қолымызбен жасаймыз.
Әл-Фарабидың әдебиеттану саласына қатысты трактаттары, үлгі тұтарлық еңбектері қаншама. Ғалым Н.Келімбетов: «Әбу Насыр әл-Фараби әдебиет теория­сымен де жан-жақты шұғылданған ғалым. Әдебиет ­теориясы бойынша бірқатар келелі еңбектер жазғанын ғалым шығармаларының сақталып қалған тізімдерінен білеміз» деген сөздері ойыма оралып, сөздерімді нақтылап отыр. Мектеп қабырғасында білім алушылар энциклопедист ғалымның ең алдымен әдеби қырымен танысып жатады. Ғұламаның 1150 жылдық мерейтойын атап өту барысында бір ғана кешке ғалымның барлық қыр-сырын ашып зерделеу мүмкін емес нәрсе. Дегенмен де оқушылар үшін тағы да бір апталық тани түсу артықтық етпеді, керісінше тағылымы мол әрі әсерлі болды. «Ұлы ұстаздың үлкен жолы» деген атпен ашылып,көпшілік біле бермейтін тың ақпараттармен №156 Нартай Бекежанов мектебінің оқушылары бөлісіп, әдемі апталық үлгісін көрсетті. Кітаптарымен танысып, көзбен көріп, қолмен ұстады, ақын ретінде танытты, өлеңдерін жатқа айтты. Көпшілік біле бермейтін күйшілік, суырып салмалық өнерін дәріптеді. Маңызды бөліктерінің бірі, «Әл-Фараби айтқан екен...» атты әдеби кеш те қамтылды. Қонақтарға қызық болған, оқушыларға жаңа танымдық мәліметтер болғаны академик, ғалым А.Сейдімбектің құрастыруымен, жинақтауымен шыққан бабамыздың айтқан сөздері, оқиғалары. Мұны бірі білсе, бірі білмейді. Мұның өзі үлкен мұра емес пе?! Жас ұрпақтың санасына бабамыздың қанатты, тапқыр сөздерімен әсер ете алсақ, олардың алдындағы парызымыздың кішкене болса да өтелгені.
Айтпақ ойымның қорытынды сөзі ретінде мына түйінді айтқым келеді: «Өзің отырғызып, баптаған ағашыңның болашақта тәтті жемісін көремін десең, ұлттың ұлылығын ардақтаған бабаңның сөзін санасына жеткіз!»

Әмина Мәлікова
04 ақпан 2020 ж. 817 0