Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әл-Фараби әлемі

Әл-Фараби әлемі

Адам баласын кемелдікке кенелтіп, өркениетке апаратын бір ғана жол бар. Ол – білім мен ғылым жолы. Және де өзінің кішкене ғана ғұмырын осы жолға арнап, артына өшпес мұра қалдырған данышпан ғалымдар аз емес. Бірақ солардың арасында бүкіл әлемге ұстаз дәрежесіне жеткен екі ғана ғалым бар. Соның бірі – түрлі ғылымдардың негізін қалаушы Әбу Насыр әл-Фараби.
Биыл ғұлама ғалымның туғанына – 1150 жыл. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойды бүкіл ел көлемінде арнайы атап өтуді тапсырды. Еліміздің білім, ғылым ордалары мен мәдениет орталықтарында, музей, кітапханаларында тақырыптық іс шаралар ұйымдастырылып, баспасөз беттерінде мазмұнды мақалалар жария­­ланып жатыр. Бұл да болса ғалым бабамыздың құрметіне жасалып жатқан игі шаралардың бірегейі.
«Жақсыларға әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, әл-Фарабидің қай жерде кіндік кесіп, қай халықтың өкілі екені туралы тартыс күні кешеге дейін жалғасып келді. Баршамыз білетіндей, ғалымның табаны тиген, ғылыми еңбектері жазылған Иран, Ирак сондай-ақ бізбен көрші жатқан бірнеше мемлекет оның Отаны болуға тырысып бақты. Түрлі деректер келтіріп, сәйкесінше дәлел-дәйектерін де ұсынды. Бірақ түбінде ақиқат жеңіп, ұстаздың Қазақстан жерінде туып-өскені, түркілердің ұрпағы екені анықталып, қазіргі таңда бұл фактіні әлем жұртшылығы мойындап отыр. Бұған бабамыздың «Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки» деген толық аты-жөнінің өзі нақты дәлел бола алады. Сондағы «ат-Турки» деген сөз оның тегі түркі екенін білдіріп тұр. Ал «әл-Фараби» дегені Фараб қаласынан шыққанын көрсетеді. Бұрын арабтар Отырар қаласын «Фараб»­ деп атаған. Сондықтан оның қазақ даласында туып, Ұлы даладан шыққанына ешкімнің де таласы болмауға тиіс.
Отырар қаласын өз заманында Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығы, байлығы асып, берекесі тасыған үлкен шаһар болған дейді жазба-деректерде. Осы тұста ең ерекше болған Отырар қаласындағы кітапхананы да айта кету керек. Ол өзінің ауқымы жөнінен әлемде Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орында тұрған. Осындай білімнің бесігінде өмірге келген Әбу Насыр бала кезінен оқуға құштарлығын танытып, өз қатарластарынан тума дарынымен ерекшеленген. Білікті ұстаздардан дәріс алып, Отырар кітапханасынан білім мен ғылымның нәрін татқан. «Адам ақыл-ойының арқасында ғана адам болады» деген қағиданы өмірлік мақсат етіп қойған. Өз перзентінің бойындағы осы құштарлықты анық байқаған әкесі оны Шаш, Самарқан, Бұқара, Дамашық, Бағдат қалаларына оқуға жібереді. Әбу Насыр осы жерлерде өз білімін шыңдайды.
Ұлы ғұламаның тағы бір феномені – көп тіл білгендігі. Кейбір деректерге сенсек, ол ондаған тілді меңгерген екен. Соның ішінде араб, парсы, түркі, латын, грек және үнді тілдерін білген. Замандастарының жазуынша, ол өте білімді, бірақ аса қарапайым кісі болған. Оның ғылым мен өнерде қамтымаған саласы жоқ деуге болады. Жаратылыстану, философия, астрономия, физика, математика, медицина, ботаника, логика, этика, тіл білімі, музыка салаларын терең меңгерген. Сол салаларда зерттеу жүргізіп, еңбектер жазған. Неміс ғалымы Ш.Штейшнейдер әл-Фарабидің 120-ға жуық еңбегі, трактаты болған дейді. Түрік ғалымы А.Атештің айтуынша, кейінгі ұрпаққа ұлы ғұламадан – 160, ал тәжік ғалымы Б.Ғафуровтың дерегінше 200-ге жуық еңбек пен трактат қалған.
Ойшылдың мол мұрасының ішіндегі «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактаты көпке үлгі. Айталық, қазір «мемлекеттік басқару құрылымы» деген ұғым бар. Мемлекет құрылысы толық зерттелген бүгінгі күнде мұндай ұғым таңсық та емес шығар. Бірақ ол осыдан ХІ ғасыр бұрын, қаланың құрылымы және оларды басқару жолдарын жан-жақты көрсетіп кеткен. Мысалы, өз кестесінде қаланың өз ішінде ауылдардан, көшелерден, үйлерден тұратынын есептеп, қалалардан мемлекет құралатынын, ал мемлекеттердің бүкіл әлемді құрайтынын айтқан. Содан кейін қаланы басқару жолдарын жазған. Қала басшысы қандай тұлға болуы керектігін, оның бойында қандай қасиеттер басым болуға тиіс екенін ашып көрсеткен. Әл-Фараби «қала басшысы 12 қасиетке ие болуы қажет» дейді. Осыған қысқаша тоқтала кетсек. Қала басшысы болатын адамға қойылатын бірінші талап – оның он екі мүшесі сау, денсаулығы мықты болуы керек. Екіншіден, айтқан сөзді жылдам ұғып, оны тез арада игеріп алуға тиіс. Үшіншіден, сөзді тыңдай білетін және жадында сақтай алатын, түсінетін адам болуы абзал. Төртіншіден, ақылды, парасатты және ең ұсақ-түйек деген мәселенің өзін назардан тыс қалдырмайтын адам болуы қажет. Бесіншіден, ойларын анық және нақты жеткізетін шешен болуы керек. Алтыншыдан, басшы боламын деген кісі білім мен ілімге махаббаты зор, оқудан шаршамайтын, өзінің рухани байлығын ұдайы жетілдіре беретін адам болуы керек. Жетіншіден, тамақ жеу мен сусын ішу мәдениетін меңгерген, құмарлықты жек көретін адам болуға тиіс. Сегізіншіден, шындықты сүйетін, өтірікке және оны айтатындарға төзбейтін адам болуы қажет. Тоғызыншыдан, жаны таза, намысын бағалайтын адам болуы керек. Оныншыдан, ұлы ғұлама өз трактатында «динар, дирхамға мойынсұнбайтын» деп жазған, яғни бүгінгі тілмен айтсақ, «парақорлықты жек көретін адам» басшы болуға лайықты деп есептейді. Он біріншіден, табиғатынан адалдықты жақсы көретін, арамдықты жек көретін адам болуы керек. Трактаттағы он екінші талап – басшы өз айналасындағы адамдарға және басқаларға әділ болатын, әділет жолындағыларға көмек беретін және әділеттілікпен болған шығындарды өтейтін, еш нәрседен қорықпайтын батыл адам болуға тиіс. Басшыға қойылатын бұдан артық қандай біліктілік талабы болуы мүмкін?!
Әл-Фарабидің осы еңбегін «қаланы басқаратын адам көрсетілген талаптарға сай келсе, қала тұрғындары бақытты болады, қала халқы бақытты болса, бүкіл ел бақытты болады. Бір ел бақытты болса, барлық ел бақытқа бөленеді. Сол арқылы бүкіл дүниежүзі құт-берекеге кенеледі. Егер бір қала, бір мемлекет бақытты болмаса, қиын жағдай туғанда мемлекеттер бірін-бірі қолдап тұрмаса, онда елдер де, халықтар да бақытты болмайды» деп түсінуіміз керек. Бүгінгі таңда бүкіл әлемді әуре-сарсаңға салған коронавирус індеті кезінде мемлекеттер бір-біріне гуманитарлық қолдау көрсетіп жатыр. Егер әлем елдері бірігіп, күш салмаса, осы індетті жеңіп шығудың өзі екіталай нәрсе. Әл-Фараби қай кезде де ынтымақтың маңызы зор екенін сол заманда айтып, ескертіп кеткен. Оның осы ойлары біздің қазіргі жағдайымызға дәлме-дәл келіп тұрғандай.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
29 маусым 2020 ж. 894 0