Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақтың жаны – күй

Қазақтың жаны – күй


Қазақ халқының баға жетпес өнерінің бірі – күйшілік. Ғасырдан ғасырға жеткен ұлтымыздың осы бір өнері дала үні мен табиғаттың тылсымын, адам атаулының қуанышы мен мұңын қос ішекке түскен сазды әуен арқылы жүректен жүрекке жеткізіп келеді. Күйді нақышына келтіре орындап, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген ауданның біртуар азаматы Әділбек Тәшімовті әңгімеге тартқан едік. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осынау аманат жайлы ой-толғаныс ортаға өрнектеліп түсті.

– Әділбек, жалпы өнер саласына қалай келдіңіз?
– Негізінен күйшілікке деген қызығушылық өнерлі отбасында өскендігім, сонымен қатар әкемнің ықпалы дер едім. Мені өнерге баулып, алғашқы ұстаздық еткен әкем Ахметхан. Музыкалық кәсіби білімі болмаса да, дала консерваториясын бітірген деуге болады. Әкем сексенге келсе де қолынан домбырасы түскен емес. Немерелеріне үйретіп, білгенін айтып отырады. Жас кезінен ақын, жыршы, термеші болған. Домбыраның құлағында ойнайтын отбасында өскендіктен осы жолды өзіме серік етіп, күйшілік өнеріне келдім. Себебі әкем бала кезімнен өнерді құлағыма құйып, домбыра тартуды үйретті. Әкем «Жазушы М.Әуезовтің: «Қазақтың ұяты күйінде ғана қалды» деген сөзін үнемі айтып, ой салып оты­­рады. Түсінген адамға үлкен мән-мағына тұр. Күй – қашан да қазақтың қорғаны болғанын анық аңғаруға болады.
– Дәстүрлі өнер саласындағы ұлы күйшілердің ізін жалғаушысыз. Осы ұлттық музыканың болашағы туралы не айта аласыз? Жаһандану заманында эстрада өнері дәстүрлі өнерді шетке ығыстырып бара жатқан жоқ па?
– Талай мың жылдық өтсе де қазақпен бірге жасап келе жатқан күй өнерінің құдіреті де осында болар, атадан балаға мирас болуында. Сондықтан күйшілік өнер қазір де бар, болашақта да болады. Көпшілік оны тыңдайды, құрметтейді. Халық даналығы: «Әуен – бейнесіз тарих» дейді, біз сияқты насихаттаушысы барда өнер қайта жанданып, елдің ішінде жаңа форматта жаңғыра береді. Қазақ өнерінің қоржынында қаншама баға жетпес жауһарға айналған күй болса, олардың шығу тарихын баяндайтын соншама аңыз да бар. Күйді жетімсіретпей тыңдайтын талғамы биік, өресі кең, еститін құлақ баршылық. Дегенмен халықтың музыка тыңдаудағы мәдениеті өзгерген. Сондықтан классикалық өнердің тыңдаушысы қашанда табыла береді. Эстрада өнері дәстүрлі өнерді ығыстырып бара жатыр, жоғалып кетеді деген қауіп, түсінік болмауы керек деп ойлаймын. «Абайдың айтушыдан тыңдаушың мықты болсын» дейтіні бар ғой. Сол мықты тыңдаушыны қалыптастыру біздің борышымыз. Ел арасында күйшіге деген құрмет қай уақытта да жоғары болған. Бұл бүгінде төмендей қойған жоқ. Көпшілік бабы келіскен күйшіге ғана қол соғады. Тыңдаушының талғамына сай өнер табылады, күйшінің талғамына сай тыңдарман табыла бермейді. Бұл – бүгінгі ахуал. Сондықтан болар әрбір концертімде шабытқа бөленіп, әсерге кенеліп күйді орындаймын. Әлімсақтан жалғасып келе жатқан күй өнеріне құрметім ешқашан жоғалмайды.
– Әлде күй өнеріне дамудан гөрі сабақтастық тән бе?
– Қазақ ежелден қабағын мұң басып, қатты қапаланғанда не болмаса бөркін аспанға атып, аса қуанғанда қастерлі домбырасын қолына алып, күмбірлеген күймен жұбанған. Саздан күй шығарып, оны сан рет құбылтқан. «Домбыра» атты халық әніндегі «Күй ойнайды қазағымның қанында, күй ойнайды қазағымның жанында» деп келетін жыр жолдары рухты халықтың болмысын, құдіретке ие екенін көрсетіп береді. Сондықтан жалғастық пен сабақтастық дәстүрлі өнерге тән қасиет. Бұл уақыттың тезіне беріспейтін, қазақтың маңдайына біткен, өзегінен өшпейтін жасампаз өнер.
– «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді Абай атамыз. Сізді халыққа танытқан ұстаздарыңыз жайлы айтып өтсеңіз?
– «Ұстаздың жолы атаңнан ұлық» деген тәмсіл бар. Осы орайда ұстазым ретінде жоғарыда айтып кеттім ғой, ең бірінші әкемді айтар едім. Бала күнімнен осы өнерге баулып, жетістікке жетуіме себепші болды. Өнердің осы саласына қадам басқан кезде Төлепберген Тоқжанов, Әлімжан Абсадықов секілді ұстаздардан тәлім алдым. Консерватория қабырғасында тікелей ұстазым болған Қазақстанның халық әртісі, профессор Қаршыға Ахмедияров шәкірт ретінде тәрбиелеп, жанашырлықтың қандай болатынын өз ісімен үлгі етті. Қазақтың күй өнерін жалғастырып, білгенін жастарға үйретіп, әрбір шәкірттің өнердегі өрісін қалыптастыруға бағыт беріп, ақыл кеңесін айтқан басқа да ұстаздарым бар. Олар – профессор Құбыш Мұхитов, Қошқарбек Тасбергенов, Тмат Мерғалиев, Абдулхамит ­Райымбергенов. Сонымен қатар Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінде 10 жыл қызмет атқардым. Мен үшін өмірімдегі ойып алар белесімнің ұмытылмас сәттері. Қазіргі таңда отбасылық жағдайыма байланысты туып өскен жеріме келіп, қызметімді жалғастырудамын.
– Жалпы өнер жолы – ауыр жол. Кейде адам болған соң күресуден, өзіңді дәлелдеуден шаршайтын кез болады емес пе?! Тіпті қолды бір сілтеп, бәрін тастай салғыңыз келетін сәтте сізді ұстап қалатын қандай күш? Сүйенеріңіз кім?
– Өнер жолы қашанда ауыр жол екені мәлім. Көптеген қиыншылыққа мойынсұнбай, өнер жолынан өзіңді алыстатпай, еңбегіңмен танылуың керек. Сондықтан қазір шаршайтын жаста емеспін. «Жас келсе іске» дейді, бойдағы бар қуатты шыңдап, халыққа өнеріңді өз деңгейінде жеткізе білу – парызым. Күш пен жігер, ақыл мен қайрат өнер жолын қуған кез келген адамның бойында табыла білу керек. Сонда ғана талай жылғы еңбек жемісті де жеңісті болады. Әрине пендеміз ғой, көңіл жабырқап, шаршаған кезде домбырамды қолыма алып, бір-екі күйді шерткен кезде бар шаршағаным басылып, қайта қуаттанып, көңіл-күйім көтеріледі. Ал сүйенеріме келетін болсам, осы өнердің тыңдармандары дер едім. Халқым барда, қолдаушым барда ешқандай қиыншылықтан сүрінбей өтуге болады.
– Өткен жылы «Мен қазақпын» ұлттық телевизиялық жобасына қатыстыңыз. Бұл жоба сізге не берді, нені үйретті?
– Қазіргі өтіп жүрген түрлі жобаның ішінде «Мен қазақпын» жобасы ұлттық классикалық өнерді, ұлттық құндылықты насихаттауда «маңдайы жарқыраған» жобаның бірі деп санаймын. Облыс­тан іріктеу турдан өтіп, Нұр-Сұлтан қаласында өткен үлкен жобадан сытылып қалдым. Дегенмен де қатысушы ретінде өнерпаздардың бір-бірімен шығармашылық байланыс орнатуына, пікір алмасуына, рухани дамуына, ән, жыр, күй қоржындарын толтыруға үлкен септігін тигізді. Жоба қатысушыға ғана емес көрерменге де берері көп болды. Студент кезімнен халықаралық, республикалық сайыста лауреат атанып, еліміздің үздік орындаушы номинациясын жеңіп алғанмын. Мүмкіндік болса осындай үлкен жобаларға қатысуға тырысамын. Ол адамды шыңдап, дамуыңа ықпал етіп, жаһандану заманында жұтылып кетпеуіңе үлкен сеп болады. Қарап отырмай, ізденіп, күйшілік өнерімді әрі қарай дамыта беремін. Себебі әрбір орындаушы өзінің күй қорын, осындай сайыстарға қатысып, тәжірибе жинақтап, қалыптасады.
– Сіздің домбыраңызды қандакй шебер жасады?
– Менің домбырамды Ғани есімді шебер жасаған. Ақшасы тұрғысынан аса бағалы деп айту қиын. Жақсы шебер көп. Бірақ маған алматылық осы жігіттің жасаған домбырасы ұнайды. Әр домбыраның өзіне тән үні болады десек, сол үнді асқақтататын да, аспандататын да нағыз шебердің қайталанбас қолтаңбасы. Расында да жұмыстың жүйесін ғана біліп, киелі өнердің киесін ұғынбасаң, ұлттық мұраның рухын сезінбесең, сапалы дүние дайындап шығу бекершілік. Бұл қай салаға да тән бұлжымас қағида. Ал ағашына келетін болсақ, қаттылығы жағынан алдыңғы үштікте орын алатын шетелдің полисандр ағашынан жасалған.
– Алда қандай шығармашылық жоспарыңыз бар? – «Ұстазсыз шәкірт тұл» дейді ғой. Қазіргі таңда шәкірттеріміз бар. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, ізбасар дайындағым келеді. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, бәйгеге қоссам деймін. Оған әлі де күш керек. Сонымен қатар жаңаша дамып, жетілу керек. Ол болашақтың еншісінде. Негізінен орындаушылық стиль екіге бөлінеді: төкпе және шертпе күй дәстүрі. Мысалы, Құрманғазының күйі, жалпы батыстың күйі төкпе дәстүріне кіреді. Ал Арқа, Алтай, оңтүстік өңірде шертпе дәстүрі көп тараған. Сондықтан әр басқан перненің дыбыс бояуын тауып, әуендетіп ойнайтын домбырашыны «күйші» дейміз. Осындай білген дүниемді бөліссем деген ниет бар.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Жұлдызай Ноғайбайқызы

06 шілде 2019 ж. 1 876 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930