Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күймен тыныстаған – Тынысбек

Күймен тыныстаған – Тынысбек


Халқымыздың музыкалық қазынасында сары алтындай бағалы күйлері жүздеп кездеседі. Оларды хатқа түсіретін нота мәдениеті жоқ болса да, сыры мен сымбатын жоғалтпай, қайта ажарлана, әрлене түсіп «қолдан-қолға» көшіп, атадан мирас боп қала берді. Сол киелі өнерді насихаттап келе жатқан атақты күйші – Тынысбек Дүйсебековтың өнер жолын, күйдің ерекшеліктерін назарларыңызға ұсынамыз.

«Домбыра мұнша шешен
                         болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан
                             жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе», – деп толғана жырлаған дауылпаз ақын Қасым Аманжолов күйдің көнекөз қариядай тарихшылдығын сүйсіне жазған болатын. Иә, күй тыңдаса жігерленіп, арқасы қозып, тебіренбейтін қазақ жоқ. Әрбір күйдің астарында үлкен философиялық мән жатыр. Дана қазақ көңіл-күйді қоңыр домбыраның құдіреттілігімен күй арқылы жеткізіп отырған. Сонау Қорқыт ата заманынан бастау алған өнердің бұл түрі әлі күнге дейін мәнін жоймай, заман өткен сайын құнды мұраға айналуда. Ауданның әрбір ауқымды іс-шарасынан күйдің күмбірін естіп жүргеніміз ақиқат. Осы тұста кейінгі ұрпаққа күйді, жырды көп үйретуге тырысқан, жас күнінде талай додаларда алдына жан салмай, бірнеше республикалық сайыстарда бас жүлдені қанжығасына байлаған Тынысбек Дүйсебековтың өнер жолын, күй әлеміндегі өзіндік орнын жас ұрпаққа өнеге етпекпіз. Кейіпкеріміз Жа­ңа­қорған ауданында өнерлілер отбасында дүниеге келген. Нағашы көкесінен домбыраны жетік меңгеріп, бастауыш сыныбында-ақ есімі көпшілікке таныла бастаған. Өзі бас бухгалтер, экономист болып жұмыс атқарса да, қоңыр домбырасын қолынан тастамай өнердің биігін бағындырды. Т.Дүйсебековтің халыққа танылған шағы атақты күйші Әлшекейдің 4-5 күйін Қазақ ғылым академиясына аудио нұсқасын жазып қалдыруы. Осы ғылым академиясы Әлшекейдің күйлерін зерттеген уақытта Манап Көкенов арқылы талантты Тынысбекті тапқан. Ол домбыраны тек өзі ғана тартып қоймай, ұл-қыздарын да оған баулып, өнегесін үйретті. – Бала күнімнен домбыраға әуестігім ерекше болды. Дәл қазір сексеннің сеңгіріне шықсам да күйдің күмбірін сағынып, ауық-ауық ардақты аспабымды қолға алып тартып тұрамын, – дейді күйші. Егде жасқа келгенше ел арасында еленіп жүрген кісінің аудан көлемінде жалпы өнерге сіңірген еңбегі зор. Бір сөзбен айтқанда, көргенін қағып алып, келешекке көлемді мұра етіп қалдырды. Бір қуантарлығы, қазір өнердің қай түрін үйренгісі келген адамға бар жағдай жасалған. Түсініп қарасақ қазақтың ұлан-байтақ даласы, сол даланың табиғаты, Алатауы мен Қаратауы, Сарыарқасы мен Сары өзені, Саржайлауы – бәрі-бәрі қазағымның күйлерінде көрініс тапқан.
Қазақтың күйі қуанышта да, қайғыда да қазақпен бірге жасап, дамыған заманға халқымызбен бірге қадам бас­ты. Өнер атаулының ішінде күйдің мерейі жоғары, рухы биік. Күй дербес мемлекет құрып мерейленген халқымыздың рухын мәңгілікке толғай бермек. Себебі, ол – біздің ең ардақты, ең әлеуетті, ең сәулетті ұлттық құндылығымыз, ұлттық кодымыз, ұлттық мәдениетіміздің төресі. Ал, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында әділ айтылғандай, ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру да болмайды. Қазақ мемлекеттігінің дербес даму үлгісіне, әсіресе күйден алатын даралық сипаттар мол болмақ. Осы ретте, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі сақталып қалсын десек, ұрпаққа күй мен домбыраға деген махаббатты дарытуымыз керек-ақ.

Бекжан ӘБУТӘЛІПҰЛЫ.
23 қаңтар 2019 ж. 1 138 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

№89 (9253)

09 қараша 2024 ж.

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930