Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттың ұйытқысы болған ұлттық мереке

Ұлттың ұйытқысы болған ұлттық мереке


Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен елімізде шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні деп белгіленді. Аталмыш мерекеге орай, аудан көлемінде түрлі іс-шаралар өтті.
Домбыра – қазақ жанының барометрі. Қалың бұқараның басынан өткен қуанышты сәт те, қайғылы кезеңдер де домбыра үнімен қабысып, шанағынан күй болып төгілді. Қазақтың көңіл-күйін тылсым табиғатпен байланысын, көкірегіндегі мұңын дәл осы домбыра мен қобыздан анық естуге болады. Үн арқылы ұғысқан, күй арқылы табысқан көшпелі жұрттың домбыраға деген құрметі, махаббаты ерекше. 1 шілде – Ұлттық домбыра күні қарсаңында мәдениет саласының қызметкерлері ұлттық аспабымыз киелі домбыраны насихаттауды халық көп жиналатын орындардың бірі халыққа қызмет көрсету орталығынан бастады. Өнерпаздар ұлттық киімде ортаға шығып, күй шертіп, аудан тұрғындарына кереметтей көңіл-күй сыйлап, ыстық ықыласқа бөледі.
Домбыра тек музыкалық аспап емес. Ол – қазақ үшін тұтастай әлем, халықтың тұтастай өмірі. Сондықтан болар одан әрі насихаттау барысы теміржол вокзалында жалғасын тапты. Қазақтың күмбірлеген күйін жақсы қабылдаған халық, өнерпаздарға алғыс білдіріп, домбырашылармен суретке түсіп, мәз-мәйрам болып тарқасты. Сол күні бұл шара орталық сапаржайда да көрініс тауып, жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады. Домбыра ұлттың жаны мен жүрегі болғандықтан, халықтық мерекеге ұласуы, ұлт мәдениетінің мәйегіне айналуы бұл шараны толықтыра түскендей болды.
Мерекеге орай, ауданның орталық алаңында «Нағыз қазақ – домбыра» атты мерекелік шара өтті. Шара барысында, аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов аудан жұртшылығын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жолдады. Күйші, домбырашы, халықаралық, республикалық күйшілер байқауының лауреаты «Мен Қазақпын» ұлттық жобасының республикалық кезеңіне жолдама алып отырған Ә.Тәшімовке аудан әкімінің атынан қасиетті домбыраны сыйға тартты. Одан әрі музыкалық мәдениеттің бастау бұлағы болған абыз Қорқытты сахналап, қоңыр қобыз үнінің жалғасы ретінде қазақтың қос ішекті қара домбырасының қасиетін қайта жаңғыртып, оны айшықтады. Қазақ даласына домбыраның үнін асқақтата жеткізуші жас өрендерге «Домбыра – сен менің қобызымның үнінің жалғасысың! Сен елдің мұңын, қуанышын, тариxын жырлайсың! Сен қазақ дейтін елмен мәңгі бірге боласың! Сен менің аманатымсың!» – деп, мәңгілік асыл мұра домбыраны табыстаудан бастаған саxналандырылған көрініс, мерекенің мазмұнын айқындай түскендей болды. Өз кезегімен ортада саxнаның оң және сол қанаттарындағы домбырашылар «Ерке сылқым» күйін шертіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Аудан көлеміндегі отыздан аса домбырашылардың басын біріктірген аталмыш шарада, күмбір күйдің қоңыр үнін, жырдың жақұтын, дәстүрлі әннің әуенін, мың бұралған бидің көрінісіне куә болып, аудан тұрғындары өнеріміздің ұйытқысы болған «Домбыра» күнін осылай тойлады.

Жұлдызай
Ноғайбайқызы.
03 шілде 2018 ж. 1 996 0