Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күй мен жыр – қазақтың жүрегін жарып шыққан рухы

Күй мен жыр – қазақтың жүрегін жарып шыққан рухы

Қасиетті қара домбыраны қолынан тастамаған, жақұт өнерімізді жаңғыртушы, жастарға үлгі етуші, ұлттық мәдениетіміздің өрге жүзуіне өзіндік үлес қосып жүрген жыршы-термешілер облыста жетерлік. Солардың бірі – Күнсұлу Түрікпен. атадан балаға мирас болып келе жатқан осынау аманатты ертеңгі ұрпаққа жеткізіп, насихаттап келеді. жақында орайы келіп, өнерпазбен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Күнсұлу, жалпы, өнер саласына қалай келдіңіз?
– Негізінен жыршылыққа 11 жасымнан бет бұра бастадым. Өнерге деген қызығушылық өнерлі отбасында өскендігім, сонымен қатар әкемнің ықпалы дер едім. Кішкентай күнімнен әкемді үлгі етіп, қазақы тәрбиені ала білдім. Күні бүгінге дейін өнер жолына келуіме үлкен себеп болған – ата-анам, сонымен қатар алғашқы ұстаздарым деп айта аламын. Себебі әкем бала кезімнен жыр өнерін құлағыма құйып, домбыра тартуды үйретті. Домбыраның құлағында ойнайтын отбасында өскендіктен осы жолды өзіме серік етіп, жыршылық өнерін таңдадым.
– Дәстүрлі әндердің болашағы туралы не айта аласыз? Жаһандану заманында эстрада өнері, дәстүрлі өнерді шетке ығыстырып бара жатқан жоқ па?
– Қазақта «Түйенің өзі барда ізі жоғалмайды» деген жақсы сөз бар. Әлімсақтан атадан балаға мирас болып келе жатқан өнер – жыраулық. Ол қазір де бар, болашақта да болады. Халық оны тыңдайды, құрметтейді. Насихаттаушысы барда өнер қайта жанданып, елдің ішінде жаңаша форматтарда жаңғыра береді. Бүгінде халықтың музыка тыңдау мәдениеті өзгерген. Дегенмен, классикалық өнердің тыңдаушысы қашанда табылады. Эстрада өнері, дәстүрлі өнерді ығыстырып бара жатыр, жоғалып кетеді деген қауіп, түсінік болмауы керек қой деп ойлаймын. Абайдың «айтушыдан тыңдаушың мықты болсын» дейтіні бар ғой. Сол мықты тыңдаушыны қалыптастыру біздің борышымыз. Ел арасында жыршыларға деген құрмет қашанда жоғары болған. Бұл құрмет бүгінде төмендей қойған жоқ. Себебі, кезінде ақындық, батырлық, әншілік, орындаушылық, кеңесшілік секілді қасиеттердің барлығы жыраулардың бойынан табылған. Ал, қазір бұл қасиеттер жыршылық, ақындық, әншілік, ағартушылық, ғалымдық секілді ұғыммен алмасып келеді. Сондықтан, жыршы-жырауларға деген құрмет ешқашан жоғалмайды.
– Дәстүрлі өнерден бөлек эстрада жанрында да өнер көрсету ойыңызда бар ма?
– Күй мен жыр – қазақтың жаны, көркі, жүрегін жарып шыққан рухы, сарқылмайтын сазы. Жаһандану дәуірі мың жерден өңмеңдеп қаумалай берсін, қазақтың алтын құрсақ арулары аман болса, бейбіт шұғыласы шалқыған заманымыз барда күйіміз де, жырымыз да шарықтай бермек. Бұл уақыттың тезіне беріспейтін, қазақтың маңдайына біткен, өзегінен өшпейтін жасампаз өнер. Жалпы өнер деген тұтас бір сала. Саусақтың басы бөлек болғанымен, білегі бір дейді ғой. Сондықтан ұлттық өнерді тұтынып жүрген өнерпаздар үшін өнердің қай саласы болсын таңсық емес. Басқа да өнер түрін еркін әрі кәсіби деңгейде алып кете алады. Шамамыздың келгенінше эстрадалық жанрда да ән айтып жүрміз, домбырамен де, кәдімгі өңделген эстрадалық бағытта да. Қосымша бұл өнердің түрінде алып жүрсем, ешқандай айып жоқ шығар деп ойлаймын. Оның үстіне жаһандану дәуірі деп жатырсыз, сол бағытта да терме, жыр, халық әндері, дәстүрлі әндер эстрадалық бағытта өңдеп түбірін жоғалтпай насихаттап жатсақ, үлкен жақсылық болар еді.
– «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді Абай атамыз, сізді халыққа танытқан ұстаздарыңыз жайлы айтып өтсеңіз?
– «Ұстаздың жолы атаңнан ұлық» деген тәмсіл бар. Осы орайда ұстаздарым ретінде жоғарыда айтып кеттім ғой, ең бірінші ата-анамды айтар едім. Бала күнімнен осы өнерге баулып, жетістікке жетуіме себепші болған солар. Өз әкем уақытында домбырамен өлең айтып, мақам саздарды сауатты орындаған. Мектеп қабырғасында жүрген кезде Қорқыт ата университетіндегі дәстүрлі өнер, жыр кафедрасына барып қосымша тәлім алып, үлкен өнердің жолына қадам бастым. Жыршылық дәстүрді жалғастырып, білгенін жастарға үйретіп, әрбір шәкірттің өнердегі өрістерін қалыптастыруға бағыт беріп, ақыл кеңесін айтқан Руслан Ахметов, Алмас Алматов, Диас Рүстембеков, Серік Жақсығұлов ұстаздар жыршылық өнердің қыр-сырын үйретіп, мақсатымның айқын болуына өз үлестерін қосты. Одан кейінгі ұстазым халық пен өмір дер едім. Осы төрт бірдей ұстаздың тәлім-тәрбиесін алып, өмір жолымда өнердің формасын сақтап келе жатырмын деп ойлаймын.
– Сіз бүгінде Сыр сүлейлерінің ізін жалғаушы, жырды көмекеймен айту дәстүрінің насихатшысы ретінде елге танылып қалған өнерпазсыз. Алдағы уақытта шәкірт дайындап, мектеп ашу жоспарда бар ма?
– Өте жақсы сұрақ екен. Көмеймен жыр айту бұл үлкен қасиет. Бізден де бөлек Орта Азия халықтарының түркі тілдес елдерінде бұл жыр сақталған. Ал қазақ даласында көмеймен жыр айту Қармақшы өңірінде берік сақталып, бүгінде жанданып, дамып келеді. Көмеймен жыр айтудың қазақ даласындағы отаны ретінде де Қармақшы ауданын айтуға болады. Ұстазсыз шәкірт тұл дейді ғой. Қазіргі таңда шәкірттеріміз бар. Тәрбиелеп жүрген, бағыт бағдар беріп жүрген Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіндегі дәстүрлі ән-жыр бөлімінде оқитын шәкірттеріміз бен Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінде тәлім алып жатқан ізбасарларымыз бар. Ұлттық өнер бағытында мектеп ашу алда жоспарда бар. Оған әлі де күш керек, сонымен қатар, әлі де жаңаша дамып, жетілу керек. Сондықтан ол болашақтың еншісінде.
– Бауыржан Момышұлы «Өзіне-өзі сынмен қарау оңай іс емес» депті. Сынды қалай қабылдайсыз?
– Сын бар жерде мін жүреді. Сынға қарсы емеспін. Егер орынды болса, қабылдаймын. Айтылған сын арқылы өзімді түзеуге, келесіде ол қателікті қайталамауға тырысамын. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, сол сынды кімнің айтқанына аса мән беремін. Мақтаудан гөрі сынды жақын қабылдаймын. Орынды сынды әрқашан қаперімде ұстап жүремін.
– Жалпы, өнер жолы – ауыр жол. Кейде адам болған соң күресуден, өзіңді дәлелдеуден шаршайтын кез болады емес пе?! Тіпті қолды бір сілтеп, бәрін тастай салғыңыз келетін сәттерде сізді ұстап қалатын қандай күш? Сүйенеріңіз кім?
– Өнер жолы қашанда ауыр жол екені мәлім. Ал, қыз баласы үшін, тіпті де оңай емес. Көптеген қиыншылықтарға мойынсұнбай өнер жолынан өзіңді алыстатпай, еңбегіңмен тәнті болуың керек. Сондықтан қазір шаршайтын жаста емеспіз. Жас болсаң іске дейді ғой, бойдағы бар қуатты шыңдап, халыққа өнеріңді өз деңгейінде жеткізе білу алға қойған мақсатым, парызым.
Күш пен жігер, ақыл мен қайрат өнер жолын қуған кез келген адамның бойында табыла білу керек. Сонда ғана талай жылғы еңбек жемісті де жеңісті болады. Ал сүйенеріме келетін болсам, әрине осы өнердің тыңдармандары. Халқым барда, қолдаушым барда ешқандай қиыншылықтан сүрінбей өтуге болады.
– Алда қандай шығармашылық жоспарларыңыз бар? Қандай жаңалық күтеміз?
– Биылғы «Жастар жылына» орай, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында түрлі шаралар атқарылуда. Атап айтар болсақ, ұлтымыздың классикалық өнердің ізінде жүрген жас еріктілерді жинап, шығармашылық топ құрып, жұмыстардың легін бастап кеттік. Қызылорда қаласында Н.Бекежанов атындағы драма театрында Сыр елінің жас жыршы жырауларының қатысуымен республикалық фестивалін өткіздік. Сонымен қатар оған басқа да облыстан осы сала өнерпаздары келіп, кешіміз ойдағыдай өтті. Енді осы шығармашылық топ құдай қаласа республиканың басқа өңірлерінде жалғасын табу мақсатында үлкен жұмыстар атқарылуда. Осы игі бастамалар ақын-жырау Мұрат Сүгірбай екеуміз бірлесе отырып, қаладағы аталмыш екі оқу орнының студенттері мен ерікті жас жыршы – жырауларының бірлесуімен жасалып отыр. Қарап отырмай, ізденістерім ары қарай жалғаса бермек. Себебі әрбір орындаушы өзінің жыр қорымен, тәжірибесімен өлшенеді.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Жұлдызай Ноғайбайқызы.
25 мамыр 2019 ж. 1 122 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930