Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күнсұлу Түрікпен: «Мен қазақпын» жобасында өнер көрсетудің өзі жеңіс»

Күнсұлу Түрікпен: «Мен қазақпын» жобасында өнер көрсетудің өзі жеңіс»


«Бұл менің ғана жеңісім емес, қазақ халқының жыраулық дәстүрінің жеңісі деп білемін» дейді «Men qazaqpyn» мегажобасының жеңімпазы қызылордалық жыршы Күнсұлу Түрікпен.

Атадан балаға мұра болып келетін төл өнерімізді ұрпаққа насихаттауда тер төгіп келе жатқан жыршы Күнсұлу Түрікпен «Men qazaqpyn» мегажобасы жайындағы ойларымен және дүбірлі додадан алған әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz тілшісі.
«Men qazaqpyn» мегажобасы – халықаралық деңгейдегі ұлттық өнерімізді насихаттайтын маңдайы жарық жалғыз жоба деп білуіміз керек. Себебі, осыған дейін де және дәл қазіргі уақытта ұлттық өнеріміздің насихаты кемшін болып тұрған тұста мұндай жобалардың маңызы зор. Жобаның мақсаты – ұлттық өнердің насихаты және оны насихаттап жүрген мұрагер ұрпақтарының есімдерін елге таныстыру, ұлттық өнердің халық арасында ұмытылмай, әрдайым жадында сақталуы болып отыр. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының және оның басшысы Ерлан Қаринның тікелей мұрындық болуымен ұйымдастырылған жоба қазақтың ұлттық өнерін өрге сүйреу бағытындағы ең ұтымды жолға қойылған жоба деп ойлаймын. Сондықтан дәл қазіргі алмағайып заманда ұлттық өнеріміздің, қазақтың классикалық терме-жыр өнерінің қазақ халқымен қайтадан қауышып, жаңаша форматта насихатталып жатуының өзі бұл қазақ мәдениетінің жеңісі деуге болады. Осы орайда «Men qazaqpyn» мегажобасын ұйымдастырушыларға көп рахмет айтқым келеді», – дейді Күнсұлу.

Бұл жоба осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Жыршының айтуынша, алғашқы кезде де жобаның қатысушыларға қояр талабы өте жоғары болатын. Екінші рет ұйымдастырылу кезінде де талаптар мен ережелер осал болмағанын айтады.
«Жобаға қатысуға ниет білдіргендердің де саны көп болды. Қазақстанның барлық өңірінен қатысушылар келіп, оған қоса, шетелдердегі қандастарымыз қызығушылық танытып, өз ұсыныстарын білдірді. Жобаның үлкен жаңалығы да осы тұста білінді. Мегажобаға тек облыс орталықтарынан ғана емес, сонымен бірге аудан, ауыл, шалғай елді мекендердегі ұлттық өнердің жанашырлары, өнерпаздар келіп қатысты. Олардың назардан тыс қалмай, жобаға өтініш білдіріп, қатысуға ниет білдіруі тың жаңалық болды. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдердегі қандас бауырлардың, олардың арасында көршілес Ресей елінің Астрахан қаласы және Моңғолия мемлекетіндегі өзге елде жүрсе де, өзінің төл өнерін ұмытпай, оны насихаттап, дәріптеуге атсалысқаны зор қуаныш сыйлады. Бұл, әрине, жобаның үлкен абыройлы жетістігі деп білемін», – дейді К.Түрікпен.

Биыл «Men qazaqpyn» мегажобасына қатысуға 3 мыңнан астам қатысушы тілек білдірген. Төрт кезеңнен тұратын жоба төрт айға жуық уақытқа жалғасты. Осы уақыт аралығында барлық қатысушылардың деңгейі, дайындықтары сарапқа салынды. Жобаның алғашқы кезеңінде әр қатысушы өз өңірінің мектептері бойынша шығарма орындады.
Екінші кезеңде қазылар алқасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан аумағындағы барлық мектептер бойынша тапсырма берілген болатын. Күй, ән, терме жанрлары бойынша барлық мектептердің шығармасын орындау міндеттелді. Яғни әр қатысушыға он шығармадан беріліп, жеребе тасталды. Сол арқылы сахна төрінде орындау қажет болды. Үшінші кезең, яғни жартылай финал кезінде әр өнерпаз өз мектебінен бұған дейін орындалмаған тың шығармаларды орындау қажет болды. Ақтық мәреде жобаға қатысушы өзі қалаған шығарманы орындауына мүмкіндік алды. Әйткенмен, шығарманы орындап қана қоймай, оны жандандыру керек.
«Ақтық кезеңде 9 өнерпаз бақ сынастық. Айта кететін жайт, әр жанр бойынша 3 өнерпаздан өнер көрсетті. Қазылар алқасының шешімі бойынша әр жанрдан тек бір ғана өнерпаз үздік танылуы шарт. Мұндай мегажобада «Сыр елі – жыр елінен» келгеннен соң, бас бәйге де бізде болуы керек деп түйдім. Алға қойған мақсат орындалды. Осы орайда айта кету керек, Жобада қамқорлық танытып, талапкерлерге жанашырлықпен қараған ұлт жанашыры, ұлттық өнеріміздің насихатталуына сеп болып жүрген түркітанушы Мырзатай Жолдасбековке зор алғысымызды білдіремін. Ол кісінің өзі үнемі айтатын сөзі бар. «Men qazaqpyn» мегажобасы қазақ халқының ұлттық өнердегі ұлы жеңісі, абыройлы жетістігі. Сондықтан жобаға қатысқан әрбір қатысушы жеңімпаз» дейді. Сол айтқандай, бұл жобада өнер көрсетудің өзі үлкен бақыт, үлкен жеңіс деп білемін. «Men qazaqpyn» мегажобасы қатысушыларға шабытына шабыт қосары анық», – дейді Күнсұлу.

Оның айтуынша, жалпы, әрбір халықтың өзінің ұлттық өнері, ұлттық колориті бұл өзінің классикалық өнер түрі деп қарауымыз қажет. Оның ішінде қазақ халқы ұлттық өнерге өте бай.
«Сондықтан да қазақ мәдениетінің, қазақ өнерінің әрбір жеңісі, әрбір жаңалығы келешек ұрпақ алдындағы орындалып жатқан азаматтық парыздарымыздың бірі. Осы сәтте, тағы да мегажобаның ұйымдастырушылары Ерлан Қарин, Ержан Қожабеков және Қуаныш Сұлтанов мырзаларға ел алдында өз алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, бізге үлкен сенім артып, үкілеп, ақ сұңқардай баптап топқа қосқан Қызылорда облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығына, Шиелі ауданы әкімдігі мен аудандық мәдениет бөліміне және Сыр жұршылығына рахмет айтқым келеді. Қолдау бар жерде өнер ешқашан өлмейді. Бұл тек менің ғана жеңісім емес, бұл қазақ халқының жыраулық дәстүрінің жеңісі деп білемін», – дейді жас жыршы.

Айта кетейік, жыраулық дәстүрді жалғастырып келе жатқан жастардың бірі сырбойылық Күнсұлу Түрікпен «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен өткен «Men qazaqpyn» мегажобасының жеңімпазы атанған болатын. Жас жырау жобаның ақтық сынанда үздіктер қатарынан көрініп «Үздік термеші» атанды.

Динара МАХАНОВА
09 желтоқсан 2018 ж. 1 066 0