СӘБИ – ШАТТЫҚ, ОТБАСЫ – БАҚЫТ

Жаңа туған нәрестенің алғашқы тынысы – жаңа өмірдің басталуы ғана емес, ол елдің демографиялық өсіміне қосылған үлес, мемлекет үшін ең үлкен қазына. Осыны жете түсінген аудан басшылығы мереке күні перзентханаға арнайы ат басын бұрды. Аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет, қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев жас аналарды құттықтап, аудан әкімдігінің атынан естелік сыйлықтар табыс етті.
Құттықтау барысында отбасының қоғамдағы орны, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі жөнінде терең ой қозғалды. Бала тәрбиесі – тек бір отбасының ғана емес, ұлттың болашағына жауап беретін міндет екені ерекше атап өтілді.
МЕРЕКЕЛІК ҚУАНЫШТЫҢ ШЫНАЙЫ КЕЙІПКЕРІ
Мереке қарсаңында қуанышқа кенелгендердің бірі – Жақаев ауылының тұрғыны Айгерім Шаметова. Ол төртінші сәбиін өмірге әкеліп, өзінің отбасы ғана емес, аудан жұртшылығын да қуантты.
– Дәл осы күні босанғаныма қатты қуаныштымын. Перзентханамызда жылы лебіздер айтылып, бізге ерекше құрмет көрсетілді. Құттықтап, қолдау білдірген барша азаматтарға алғысым шексіз, – дейді ол.
Айгерімнің сөзі – елдегі әлеуметтік саясаттың адамға жақын екенін дәлелдейді. Өйткені отбасының әр мүшесіне көрсетілген қамқорлық – қоғамға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.
Қуаныш пен жауапкершілік қатар жүреді. Биылғы демографиялық деректерге көз жүгіртсек, Шиелі ауданының бүгінгі жағдайы бір жағынан үміт сыйласа, екінші жағынан ойлануға мәжбүр етеді.
ДЕМОГРАФИЯДАҒЫ ДАБЫЛ
Жыл басынан бері ауданда 1057 нәресте дүние есігін ашты. Бұл – былтырғы көрсеткіштен 164-ке аз (2024 жылы – 1221). Бір қарағанда, бұл аз айырмашылық болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол ұзақ мерзімде халық санына елеулі ықпал ететін маңызды белгі.
Аудандық перзентхана босанғандардың үлесі 76,8 пайызды құраса (812 босану), облыстық перинаталдық орталықта босанғандардың саны 234 болып, 22,1%-ға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар екенін көрсетеді (2024 жылы 14%).
Ал туу деңгейі алаңдатарлық. Әр 1000 тұрғынға шаққанда 13,6 пайыз, бұл – былтырғы 15,6 пайыздан екі пайызға төмен. Бұл – демографиялық өсімнің қарқыны бәсеңдегенін білдіретін елеулі белгі.
Жақсы жаңалық – сәби өлімінің азаюы. 2025 жылы 0-1 жас аралығында 6 жағдай тіркеліп, бұл 5,5 пайызды құрады. Өткен жылы мұндай қайғылы жағдай 9 рет орын алған еді (7,2%). Мұның өзі ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында жасалған еңбектің нәтижесін көрсетеді.
Бұл деректердің астарында екі түрлі шындық жатыр. Біріншіден, сәби өлімінің азаюы – аудан медицинасының даму қарқыны мен дәрігерлердің жанкешті еңбегінің дәлелі. Екіншіден, туу көрсеткішінің төмендеуі – болашаққа бейжай қарамау қажеттігін ескертетін дабыл. Бұл мәселе стратегиялық деңгейде шешім қабылдауды, жас отбасыларды қолдауды, әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап етеді.
Шиелінің бүгінгі демографиялық айнасына қарасақ, болашаққа сеніммен қарауға да, ойлануға да негіз бар. Ендігі міндет – осы деректерді салмақтап, халық санының тұрақты өсімін қамтамасыз ету жолында нақты қадамдарға көшу.
ТУУ КӨРСЕТКІШІ НЕГЕ ТӨМЕНДЕДІ?
Туу көрсеткішінің төмендеуі – бұл тек қана құрғақ сандар мен ресми мәліметтер емес, қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық ахуалдың шынайы көрінісі. Оның астарында бірнеше күрделі себеп жатыр. Әуелі әлеуметтік жағдайдың қиындығы. Жас отбасылар үшін ең үлкен сынақ – баспана мәселесі мен тұрақты табыс көзінің жоқтығы. Қаржылық тұрақсыздық көпшілікті бала санын шектеуге немесе бала сүйюді кейінге қалдыруға мәжбүрлейді. «Алдымен жағдай жасап алайық» деген ұстаным қазір жиі кездеседі.
Содан соң көші-қон үдерісі. Ауылдан қалаға ағылған жастар – бүгінгі қоғамның шындығы. Ірі мегаполистерге немесе шетелге көшкен жастар туған жерінде отбасын құруға асықпайды. Ал ауылдық елді мекендерде халықтың азаюы туу көрсеткішінің табиғи түрде төмендеуіне әкеліп отыр. Және ана денсаулығы мен медициналық қызмет. Бала туу деңгейіне тікелей әсер ететін факторлардың бірі – ана денсаулығы. Кейбір ауылдық жерлерде медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі әлі де болса толыққанды емес. Уақтылы тексеруден өтпеу немесе қажетті мамандардың тапшылығы да өз әсерін тигізуде.
Соңғысы құндылықтардағы өзгерістер. Қазіргі заманның қарқыны жастардың ойсанасына да әсер етті. Материалдық игілікті бірінші орынға қою, мансап пен жеке жетістікті басты мақсат ету – отбасы құруды кейінге шегеруге алып келеді. Бұл үрдіс кейде бала санын азайтуға дейін жеткізеді. Туу деңгейінің төмендеуі – бір күннің немесе бір жылдың нәтижесі емес. Ол – қоғамдағы өзгерістердің жиынтық көрінісі. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін тек экономикалық шаралар ғана емес, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мен әлеуметтік саясатты күшейту де қатар жүруі тиіс.
СӘБИ КҮЛКІСІ – ЕЛДІҢ ҮМІТІ
Шиеліде өткен Отбасы күні – мерекелік шара ғана емес, елдің әлеуметтік ахуалына айна болған маңызды оқиға. Әрбір жаңа туған сәби – халықтың демографиялық қоржынына қосылған асыл қазына. Ал әр отбасы – мемлекеттің мызғымас тірегі, болашағының кепілі.
Биылғы деректер үміт пен жауапкершілікті қатар сыйлады. Сәби өлімі азайып, медициналық қызметтің сапасы жақсара бастағаны – оң өзгерістердің белгісі. Алайда туу деңгейінің төмендеуі – тек ойланатын ғана емес, әрекет етуді талап ететін күрделі мәселе.
Отбасы – ұлттың жүрегі, ал сәби күлкісі – сол жүректің соғысы. Бұл үн ешқашан бәсеңдемеуі үшін мемлекет те, қоғам да бірге әрекет етуі қажет. Әр үйде шаттық пен береке орнаса, елдің де еңсесі биіктейді. Бақытты отбасы – мықты мемлекеттің негізі, ал бұл негізді нығайту – баршамыздың ортақ парызымыз.
Сұлушаш МАДИЯРОВА,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ