ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫМЕН ҮЗДІКСІЗ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП ОТЫР
Кәсіпорын 2006 жылы уран өндіру кешенінің қарқынды дамуы жағдайында уран өндіретін кәсіпорындарды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Сол жылы «Уранэнерго» ЖШС «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының оңтүстік өңірінің батыс және солтүстік бөлігінде жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан уран кеніштерін тәуелсіз электрмен жабдықтау жобасын іске асыруға кірісті.
Тұтынушыларды электрмен жабдықтау жобасы 220/110/10 кВ «РУ-6» тірек қосалқы станциясы арқылы жүзеге асырылады.
«Уранэнерго» құрылтайшылары — «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының еншілес және бірлескен кәсіпорындары: «Кен Дала.KZ» АҚ, «Қызылқұм» ЖШС, «Қаратау» ЖШС, «Бетпак Дала» БК ЖШС, «Горнорудная компания» ЖШС, «Инкай» БК ЖШС, «Аппак» БК ЖШС, «Байкен-U» және «Ақбастау» ЖШС. Қазіргі уақытта жоғарыда атап өткен кейбір мкемелердің атауы өзгерді.
2006-2019 жылдары «Уранэнерго» құрамына «Таукент-Энергосервис» ЖШС және «ШиеліЭнергосервис» ЖШС енді. Бұл кәсіпорындар Қызылорда облысы, Шиелі кенті мен Оңтүстік Қазақстан облысының Таукент және Қыземшек кенттерінің тұтынушыларын жылу, су және электрмен жабдықтау және су бұрумен қамтамасыз етті.
«Уранэнерго» ЖШС-нің негізгі қызмет түрлері – трансформаторлық қосалқы станциялар мен электр тарату желілерін, әуе және кабельдік желілерді салу және пайдалану, электр энергиясын жеткізу және тарату, энергетикалық жабдықтарды орнату және жөндеу.
Электрмен жабдықтаудың негізгі нысандарының құрылысы 2008 жылдың соңы мен 2009 жылдың басында аяқталды. 2009 жылдың тамызынан бастап салынған электр желілері мен қосалқы станциялар өндірістік пайдалануға берілді. Осылайша, «Уранэнерго» ЖШС салынған нысандарды сапалы пайдалануды қамтамасыз ету үшін толыққанды жөндеуөндірістік база құрды.
Бұдан бөлек, Шиелі кентінде кәсіпорынның жөндеу-өндірістік базасы бар. Мұнда диспетчерлік теле-басқару, релелік қорғау және автоматика, кернеу өлшеу мен қорғаныс, механизация және көлік, қосалқы станциялар мен желілерді пайдалану қызметтері шоғырланған.
Жаңа кәсіпорынның құрылуы өңірде көптеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Айта кетерлігі, мұнда жұмыс істейтіндердің барлығы жергілікті тұрғын. Өндірісте озат қызметкерлердің бірнешеуін атап өткенді жөн көрдік. Олар энергокешен қызметінің басшысы Жұмабек Есжігітов, электромонтер Жасарал Шамахан, жургізуші Сәбит Ермағанбетов, аға шебер Нұркен Райымбеков. Тағы бір маңызды жайт, «Уранэнерго» қызметі басталғаннан кейін өңірде энергетик-инженер, электромонтер, электромеханик сияқты мамандықтарға сұраныс күрт артты. «Уранэнерго» ЖШС Шиелі филиалының басшысы Ермек Тасжан жастарға электромеханик, электрслесарь сияқты кәсіптерге оқуға кеңес берді. Бірақ жай ғана оқу емес, сапалы білім алу керек. Өйткені жұмысқа қабылдау кезінде білім деңгейі мен практикалық дағдылар басты назарда болады.
Кәсіпорын қызметімен танысу барысында біз өндірістік базада ерекше құрылғыны байқадық. Бұл – күн энергиясынан қуат өндіретін тақтайшалар екен. Оның көмегімен жөндеу-өндірістік базаның бүкіл аумағы жарықтандырылады.
Жалпы алғанда «Уранэнерго» қызметі өңірімізге экономикалық және әлеуметтік жағынан оң әсерін тигізіп отырғанын байқаймыз.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
сурет автордан