МОБИЛЬДІ ҚАБЫЛДАУ ТҰРҒЫНДАРҒА ТИІМДІ

Мобильді қоғамдық қабылдау шарасын партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ашып, республика және облыс орталығынан арнайы келген мобильді топ өкілдерін таныстырды. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсатына тоқталып, түсіндірме беріп өтті. – «AMANAT» партиясы мобильді қабылдау жұмысын бірнеше жылдан бері жүзеге асырып келеді. Мұндағы негізгі мақсат – облыс орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерді аралап, ондағы тұрғындардың өтініштілектерін тыңдап, ауылдағы қордаланған мәселелердің шешімін табуға ықпал ету, елдегі заңнамалық өзгерістерден хабардар етіп, нақты ақпарат ұсыну, – деді А.Әбілқасымұлы. Маңызды жиында халық жеке бастың емес, тұтас елдік мәселелерді алға тартты. Атап айтсақ, Қарғалы елді мекеніне Сырдария өзенінің үстінен автокөліктер өтетін көпір құрылысын жүргізу, Жөлек ауылына балабақша ғимаратын салу, Жансейіт және 21 бекет елді мекендеріне газ тарту, Ы.Жақаев ауылындағы ВЛ-10/0,4 кВт электрмен жабдықтау желілерін реконструкциялау жұмыстарына қолдау сұрады. – Әрбір көтерілген мәселе бойынша нақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Жөлек ауылына балабақша ғимаратын салу бойынша қазіргі таңда «Шолпан ана» шаруа қожалығының демеушілігімен 200 млн теңге шамасында 2 қабатты және қосымша 1 қабатты балабақша салу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары биыл екінші жартыжылдықта басталады, – деді мобильді топ мүшесі, аудан әкімі Айтбай Жандарбеков. Сонымен қатар аудан басшысы ауыл тұрғындарына Қарғалыға Сырдария өзенінің үстінен автокөліктер өтетін көпір құрылысын жүргізу бағытында 2023 жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғандығын, бүгінде ұзындығы 308 метр, ені 13 метр болатын көпір құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін тиісті басқармаларға бюджеттік өтінім ұсынылғанын жеткізді. Мобильді қабылдау барысында ауыл тұрғындарының әлеуметтік, қоғамдық және өзге де ортақ түйіткілді мәселелерінің заңдылық аясында шешілуі бойынша жұмыстар атқаратындығы жеткізіліп, бағыт-бағдар мен кеңестер берілді. Қабылдау соңында ауыл ақсақалдары өз ризашылықтарын білдіріп, топ өкілдеріне ақ батасын берді.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ