«AMANAT»: МОБИЛЬДІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БАЙТЕРЕК, ИІРКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ӨТТІ
Кеше «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының мобильді көшпелі қабылдау тобы Шиелі ауданына қарасты Бәйтерек және Иіркөл ауылдық округтерінде болып, халықты толғандырған сауалдарына жауап берді.
Қабылдауға партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Жұмабек Ермұхаммед Нұрмаханбетұлы арнайы қатысты.
Жалпы 2 елді мекенде ұйымдастырылған мобильді қабылдауға 34 тұрғын келді. Өтініштердің басым бөлігі жеке бастың емес, елдік мәселер төңірегінде болды.
Мәселен Бәйтерек ауылдық округіне қарасты Бидайкөл ауылының тұрғындары апатты жағдайдағы ескі әкімдік ғимаратын бұзып, орнына жаңадан ғимарат салу, апатты жағдайдағы ескі мектепте уақытша тұрып жатқан тұрғындардың тұрғын үй, жер мәселесін шешу, ауылдағы ескі ағаштан тұрғызылған электр бағаналарын темір бетонды электр бағаналарына ауыстыру, көшелерді күрделі жөндеуден өткізу, қосымша жасанды жол кедергісін орнату, жаяу жүргіншілер жолын салу, № 22 бекет елді мекеніндегі темір жолдың шығыс бетіндегі тұрғын үйлерге көгілдір отын (газ ) тарту мәселелерді көтерді.
Мұнан соң мобильді топ өкілдері Иіркөл ауылдық округі Ы.Жақаев ауылында тұрғындарды қабылдады.
Бұл ауылда тұрғындар елді мекен бойынша көшелерге асфальт төсеу, түнгі жарық шамдарын орнату, ескірген электр желілері мен электр бағаналарын ауыстыру, елді мекенді ыза су басуына байланысты К-4 қашыртқысын қаздыру және округке қарасты Жансейіт елді мекеніне жаңадан ауылдық клуб салу туралы өтініш-тілектерін білдірді.
Қос ауылда өткен мобильді қабылдауға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық маслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясы төрағасының орынбасары Мақсұт Нәлібаев сондай-ақ тиісті басқармалардың өкілдері мен заңгерлер қатысты.
Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің негізгі жұмысы тұрғындардың өтініштерін қараумен қатар, ел игілігіне бағытталған жобаларды түсіндіру, насихаттау болып табылады. Осы орайда Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхаммед Жұмабек азаматтарды қабылдау барысында тұрғындар көтерген мәселелер назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, әрбір өтініш-тілек заң аясында шешемін тапқанша партия назарында болатынын хабарлады.
Сондай-ақ мобилді топтың өкілдері ауыл тұрғындарының әлеуметтік, қоғамдық және өзге де ортақ өзекті мәселелерінің заң аясында шешілуі бойынша жұмыстар атқаратындарын жеткізіп, бағыт-бағдар мен кеңестер берілді.
2024 жылға 14 елді мекенде мобильді қабылдаулар өткізу жоспарланып, бүгінгі таңға оның 6-уы кестеге сай жүзеге асырылды. Нәтижесінде, 53 өтініш қаралып, 19-ы оң шешілді. Сонымен қатар арыз-шағымның 14-іне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 20 өтініштің орындалуы бақылауға алынды.