КЛИНИНГ – ЖАУАПТЫ КӘСІП
Уақыт өткен сайын жеке кәсібін ашуды, өз уақытын өзі басқаруды қалайтын жандардың қатары артпаса, кеміп отырған жоқ. Оларды мемлекеттік қолдау да тыңғылықты жүргізіледі. Мәселен биылғы жылдың алғашқы 6 айында жаңа бизнес идеяларды қолдау бағытында 76 жобаға 110 млн теңге грант бөлінген. Бір өкініштісі кәсіпкерлік негіздері туралы білім алуға барғандардың көбі бизнес-идеяны курстан өту барысында ойға алады. Басым көпшілігінің мақсаты мемлекет берген 1 жарым миллионға қолжеткізсе болды. Осы ретте бастапқы қаражаты мен тәуекелі аз жобалардан алатын тәжірибе мол болатындығын ескерген абзал. Әйтпесе кәсіпкердің дені мал бағу мен тәтті пісіруден әрі аспай жүр. Мәселен қазіргі таңда үй тазалау, заттарды әдемі әрі жинақы ұстау үшін, кілемдерін жудыруға арнайы маманның көмегіне жүгінгісі келетіндер көп. Бұл ірі қалаларда кәдімгідей жолға қойылған кәсіп. Бүгінде көбі апталап үйін ақтап, күні бойы кілем жуғысы келмейді. Оданда арнайы құрал-жабдығымен келіп үйін мұнтаздай ететін клинингтің қызметіне жүгінген әлдеқайда тиімді. Соған сай жөндеуден кейінгі тазалау, диван, төсектерді мұнтаздай ету, кілемді арнайы аппаратпен жуып кептіру, тіпті шкафтағы заттарға дейін жинап беретін түрлі қызмет түрлері ұсынылып келеді. Дәл қазір сұранысы жоғары кәсіптің бірі осы десек те артық айтқанымыз емес. Ең бастысы клинингтік қызметті аз қаражатпен бастауға болады. Бұл кәсіппен айналысуға арнайы кеңсе де керек емес. Телефонға жауапты адам уақытылы тапсырыс қабылдап, жұмысшыларды жөнелтіп отырса жеткілікті. Ең алғаш рет клининг қызметі Англияда ХІХ ғасырда пайда болған. Кәсіби тазарту мамандарының бірінші тұтынушылары байлар мен ресми мекемелер болған. Аталған сұраныс ұлғая келе British Institute of Cleaning Science атты тазалау ғылымының институты құрылды. Әкімшілік, медициналық, білім беру ғимараттарының қатары көбейген сайын тазалау қызметінің сұранысы арта түсіп, жұмысты жеңілдету үшін әрі тиімділікті арттыру мақсатында арнайы машиналар ойластырылды. Ал қазір бұл қызметтің ауқымы кеңейіп, заманға сай сұраныс артып отыр.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ