Мүмкіндікті мүлт жібермеген пайдаға кенеледі
Елімізде жеке кәсіп ашып, өз ісін дөңгелеткісі келетіндер қатары жыл сайын артып келеді. Иә, қазір ешкім бизнесті қалай және неден бастаймын? Алғашқы қаржыны қайдан алуға болады деген сауалдармен бас қатырмайды. Себебі іс бастаймын деген жандарға арнап мемлекеттен шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған бірқатар бағдарлама жүзеге асырылуда.
Соның бірі кәсібін ашқысы келетіндерге арналған «Бастау» жобасына қатысу үшін өтініштер қабылдау үздіксіз жүріп жатыр. Жобаға 18 жастан асқан жұмыссыз азаматтар және мүмкіндігі шектеулі жандар, сондай-ақ өз кәсібін ашқанына 3 жылдан аспаған жас кәсіпкерлер де қатыса алады. Бұл жоба 2017 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен құрылған. Осы төрт жылға жуық уақыттың ішінде елдегі 60 мыңнан аса азамат арнайы білімін жетілдіріп, бизнестің қыр-сырына қанықты. Тек білім алып қана қоймай, білгенін іс жүзінде жүзеге асырып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар қаншама. Ауданның өзінде қазіргі таңда 5 мыңға жуық тұрғын кәсіпкер ретінде тіркелген.
«Бастау» жобасына қатысушылар 20 күн көлемінде кәсіпкерлік негіздеріне қатысты білім алып, арнайы сертификаттар алып шығады. Сондай-ақ осы уақыт ішінде стипендиямен де қамтамасыз етіледі. Қатысушылар біліктіліктерін жетілдірумен қатар өздерінің бизнес жоспарларын әзірлейді. Бұған дейін бизнес жоспары сәтті шыққан үміткерлердің 505 мың және 250 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие ұтып алуына мүмкіндігі болған. Биылдан бастап қайтарымсыз қаржының көлемі 530 мың 200 теңгеге артып отыр.
Сондай-ақ кәсіпкердің қалауынша 6% жеңілдікпен 6,5 жылға 8000 АЕК көлемінде несие де беріледі. Сонымен қатар жоба тарапынан кәсіпкерлерге кәсібін іске асыруға көмектесу мақсатында бір жыл қолдау көрсету қызметі қарастырылған. «Бастау» жобасының қатысушыларының 70%-дан астамы ауыл шаруашылығы саласында, қалғаны – қызмет көрсету саласына бағыт алған, мысалы, машина жөндеу бекеттері, сән салондары, шағын жылыжайлар және т.б. «Бастау» жобасына қатысу үшін жұмыспен қамту орталығы арқылы өтініш беріледі.
Осылайша нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік жобаларының тиімділігін аудан тұрғындары тиімді пайдаланып отыр. Оңтайлы мүмкіндікке ие болғандардың бірі – Хакімжан Бимурзаев. Отыз жастағы азамат өткен жылы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығынан кеңес алып, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының II бағыты бойынша қатысуға өтініш береді. Соған сәйкес «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курстарына қатысып, 2019 жылдың 17 сәуірінде сертификатын алған. Бизнес жоспарын сәтті қорғап шыққан Хакімжан «Өңірлік инвестициялық орталығына» жолданып, «Акцеблок туатуарлық плитка цехы» жобасы бойынша шілде айында 4 млн теңге алып, өз кәсібін ашты. Бүгінде ол тек өзі ғана емес, тағы бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Нарыққа шығарған тауары да өтімді. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті мүлт жібермей пайдаға асырған азамат бүгінгі еңбегінің ертеңгі зейнет-қайтарымы қомақты болатынына сенімді.
Аудан тұрғыны Құндызай Байденова да өткен жылы ұйымдастырылған «Жас кәсіпкер» жобасының қатысушысы. Сүйікті ісін кәсіп көзіне айналдыруды армандаған бойжеткен өткен жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттың 505 мың теңге қаржысына ие болды. нәтижесінде «Құндызай» сұлулық салонын ашқан ол, бүгінде қыз-келіншектерге сапалы қызмет көрсетумен айналысып келеді.
Ауданда өткен жылы осы секілді 652 шағын және орта бизнес нысаны іске қосылған. Егер биылғы жоспарланған жобалар жүз пайыз жұмыс істесе, бұл көрсеткіштің алдағы уақытта әлі де жақсара түсері анық. Жыл басынан бергі бір жарым айдай уақыт ішінде 580 азамат «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курстарында оқуға ниет білдіріп отыр. аудандық жұмыспен қамту бөлімінің маманы Жаңабай ...евтің айтуынша бизнес жобасы мақұлданған 150 тұрғын мемлекеттік грантқа қол жеткізгісі келсе, «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде 6 пайызбен шағын несие алуға ниет білдіріп отырған үміткерлердің саны 270-ке жеткен.
Мемлекет берген мүмкіндікті қалт жібермей пайдаға асыруға тырысатын шиеліліктер кәсіпкерлікті дамыту бойынша аймақта көш бастап тұр. Мұны облыс әкімінің өзі ауданда болған сапарында баяндаған болатын.
Гүлхан ЯХИЯ