Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚСТАНДА ҮЗДІК ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР АНЫҚТАЛДЫ

ҚАЗАҚСТАНДА ҮЗДІК ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР АНЫҚТАЛДЫ


«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Жол картасы - 2020» бағдарламасы аясындағы жас кәсіпкерлердің үздік жобаларын марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атамекен» ұлттық палатасы ұйымдастырған байқаудың мақсаты - жас кәсіпкерлерді анықтау мен қолдау, сонымен қатар «Бизнетің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлер қызметінің сәтті үлгілерін насихаттау.
Аталған жобаға 16 бен 29 жас аралығындағы кәсіпкерлер қатысты. Республикалық деңгейде алғаш ұйымдастырылған байқауға барлық өңірден 51 жұмыс ұсынылып, оның ішінен үздік деген 4 жоба таңдалынып алынды.
Жобаларға қойылатын басты талап өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, сонымен қатар жұмыс орындарын ашып, елімізде шағын және орта бизнесті дамытуды болатындығын дәлелдей алу.
«Біздің мақсат - өз ісін бастаймын деген жас кәсіпкерлерге демеу болу. Көмек екі тұрғыда қарастырылады. Бірінші, оқыту мен бизнес жоспар құруға, нарықтың жағдайын бағдарлай алуға үйрету, екінші егер кәсіпкердің жобасы шыныменде табыс көзі екендігін дәлелдеп, өзі ғана емес басқа адамдарды да жұмыспен қамтитындай іс бола, онда қаржылай көмек көрсету. Бүгінгі жобаға алғаш ұйымдастырылғанына қарамастан жұмыстар көптеп келіп түсті. Келер уақытта жоба өз жалғасын табады», - деді «Атамекен» ҰКП-ның қоғаммен байланыс департаментінің директоры Шұға Наурызбаева.
Республикалық жас кәсіпкерлер байқауының жеңімпаздары:
1 орын - Тәңірберген Есболов, «Роял комфорт» жасанды ротангтан жасалған жиһаз фабрикасы, (Шымкент қаласы);
2 орын - Арман Сақышев, «Dental-Centre» заманауи стоматологиясы, (Ақтөбе қаласы);
3 орын - Елдос Баялышбаев, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық және сауықтыру орталығы, (Алматы облысы, Талдықорған қаласы).
Ынталандыру жүлдесі Виктория Волошина, Заманауи технология бойынша лазерлік оймалау арқылы кәдесыйлар жасау, (Павлодар облысы, Екібастұз қаласы).
«Менде үйлерге жөндеу жұмыстарын істеп жүргенде, өз кәсібім болса екен деген арман болды. Кейін жөндеу жұмыстарын істей жүріп байқағаным Шымкентте ротангтан жасалған жиһаздарға сұраныс көп. Көп уақыт созбай істі бастау үшін алдымен оқып, нарықпен таныстым. Одан байқағаным ротанг өзі қымбат, өсімдік бізге шетелден келеді, біз жұмыс жасай келе жасанды түрін өндіруді зерттеп білдік, содан жұмыс басталды. Қазірде командамызда өзіммен 6 адам бар. Біздің кәсіптің тағы бір артықшылығы оңтүстікте күн жылы болғандықтан ротангтан жасалатын жиһаздарға сұраныс қай кезде де болады. Алдағы уақытта штатты көбейтіп, өніміміздің барлық аймақтарға шығару жоспарда бар», - деді байқауда 1 орын иеленген шымкенттік кәсіпкер Тәңірберген Есболов.
Аталған байқаудың бір ерекшелігі - бағдарлама бойынша қаржылай емес қолдаудың бір немесе бірнеше құралын пайдаланған жас кәсіпкерлер үшін өткізілуі. Жүлде қоры 600 мың теңгені құрайды және жыл сайын өткізіп тұру жоспарланып отыр. 


29 қыркүйек 2018 ж. 882 0