Қуаныш сыйлау – бір бақыт
Мүмкіндігі шектеулі бола тұра он саусағынан тамған өнерінің арқасында кәсібін дөңгелетіп отырған, рухы биік адамды өмірдің жіберген сынақтары мұқалта алмайтынының дәлеліндей болған жан –Тамара Ақмағанбетова. Алланың адамға берген мүмкіндіктері шексіз екенін білетін ол, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған кәсіпкер жан. Сөйте тұра Тамара апай айналасындағы көмекті қажет ететін жандарға қол ұшын созуды да өмірлік ұстанымына айналдырған.
Жақында ол өзі секілді жол көлік апатынан арбаға таңылып, уақытша еңбекке жарамсыз болып отырып қалған Ләззат есімді келіншекпен танысады. Қайта құру кезеңдерінде тігіншілікпен айналысқан Ләззаттың белсенді өмір сүруге деген құлшынысын байқаған Тамара Ақмағанбетова осы отырған қалпында кәсіппен айналысуға мүмкіндігі бар екенін айтып, Ләззаттың қызығушылығын оятқан.
Әрі қарай Тамара апай өзі байланыста болатын ауданның бірқатар кәсіпкерлеріне осы бір қайсар қызға тігін машинасын әперіп, кәсіп көзін ашуына қолдау көрсетуге ой тастады. Қайырымдылық іс-шарасына атсалысқан кәсіпкерлер Ләззатқа заманауи тігін машинасын, жұмысты бастау үшін керек болар құрал-жабдықтар мен матаның бірнеше түрін сыйлады. Оны аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Рысбай Нысанханов пен аудандық мәслихат депутаты Айткүл Әбдіқадырова бастаған бірқатар кәсіпкерлер арнайы апарып табыстап, жерлестерін қуанышқа бөледі.
Бірі он үш, екіншісі алты адамды жұмыспен қамтып отырған белгілі ісмерлер Тоғжан Мұсаева мен Сәуле Кенжеева Ләззатқа тігін машинасының қыр-сырын үйретіп, тілектерін жаудырды. Ләззат болса сол мезетте алғашқы құрақ көрпешенің құрағын пішіп, өзінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік берген жандарға алғысын айтты.
«Өскен өңір» ақпарат