Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағдырына риза Тамара

Тағдырына риза Тамара


Өмір кейде өзіміз ойлағандай бола бермейді. Сыйы мен сынағы қатар жүретін тағдыр дей-тұғын жолдың өз бұралаңдары бар. Көпті көрген адамның әңгімесін айтты деп қабылдай көрмеңіз. Бұл – Тамара Ақмағамбетовамен тілдескеннен түйгенім еді.
Бес жылдан бері қол арбаға таңылған Тамара Асқарқызы алғашында бұл сынақты ауыр қабылдағанын жасырмады. Тағдыры көлденең тартқан дерттен діңкелеген кейіпкеріміз өзін қайрады. Үміт соңынан өшпейді ме? Аяғы мен қолынан жан кеткен Тамара тіршілік үшін талпынған сол тұста. Ұл мен қызы, келіндерінің бәйек болып, бар жағдайын жасағанына қарамастан үйде отырып қалудан қорыққан ол сол тұста бүгінгі кәсібімен айналысуды ойлады ма екен?
Өзін еңбекпен емдеген кейіпкеріміз жансыз қолдарын икемге келтіріп, ине мен жіп ұстады. «Талсуат» мүгедектерді оңалту орталығында өзінің бейімін білген, сыналса да сынбаған Тамара өз кәсібін ашуға ниет қылады. І топтағы мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер бүгінде «Мамық» тігін цехын ашып, өз өнімдерін ұсынып келеді. Тағдырластарын тағдыр сынағына төтеп беру үшін уақытты тиімді өткізудің жолын іздеуге шақырып отырады. Өмір оны психолог қылды. Тігін цехында өзімен тағдырлас жандар да жұмыс қылады. «Бір қыз бүгінде оқып, білім алып, өз кәсібін ашу жолында жұмыс жасап жатыр», – дейді Тамара Асқарқызы өз тігін цехынан шыққан қызметкерін айтып.
Осынау тағдыры теперіш көрсетсе де талпына білген Тамарадай жандарды көргенде «қолымнан келмейді» деген сылтауды желеу еткендерді түсінбейсің. Кейіпкеріміз де «сондай жандарға сабақ болғанды қаладым», – деп бөлісті өз сөзінде. Мүмкіндігі шектеулі кейіпкеріміз мүмкіндігі мол, аяқ-қолы сау кісілерге жұмыс ұсынып жүр бүгінде. Сынаққа сынбай, бейнеттен тынбай еткен еңбегінің арқасында облыс әкімінің бірнеше алғыс хатымен марапатталған Тамара Ақмағамбетова өнерден де құралақан емес көрінеді. Облыстық өнер байқауларына да қатысып, әсем әндерімен жүлделі орындардан да көрініп келеді.
Арбада отырмын деп алақан жаймай, төсекке таңылса да талпынысы тынбаған Тамара Асқарқызын халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, отбасына тыныштық, кәсібіне береке тілемекпіз.

Бақытжан ЖОЛАМАНҰЛЫ.
Суретті түсірген
Бақытжан БӘЙІМБЕТ.
07 наурыз 2018 ж. 1 377 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9244)

08 қазан 2024 ж.

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031