Алғысқа лайық мамандық
Қазіргі қоғамның мейірім мен қайырымға, аялы алақанға мұқтаж екені жиі байқалады. Біз көшеден мүмкіндігі шектеулі немесе көмекке зәру адамды көрсек, оларға аянышпен қараймыз. Ал, әлеуметтік қызметкер сол жандармен бірге біте қайнасып өмір сүреді. Олардың өміріне етене араласып, жалғызбасты қарияларға, І, ІІ топ мүгедектеріне, мүмкіндігі шектеулі балаларға, жүйке жүйесі дертіне шалдыққан жандарға көмек көрсетеді.
Әлеуметтік қызмет көрсету – қоғам талабы. Қазіргі таңда аудан бойынша 140 мүгедек бала мен оларға көмек көрсететін 32 қызметкер бар. Қамкөңіл балаларға көмектесіп, оларға қолдау көрсету осы қызметкерлерге жүктеледі.Әлеуметтік қызметкерлері қызмет алушылардың әрқайсысымен жекелей қарым-қатынас орнатып, олардың талап-тілектерін тыңдап, мейлінше толыққанды өмір сүру салтын жеңілдетуге күш салуда. Осылай балаларға қамқорлық көрсетіп, оларға рухани қолдаушы бола білген жанның бірі – Тамара Жұмашева.Оның мамандығы – әлеуметтік қызметкер. Ол бұл салада 14 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Шиелі ауданы бойынша, тізімде тұрған мүгедек балаларға әлеуметтік көмек көрсетеді. Өзінің қарауындағы – жасөспірімге аптасына 2 сағаттан 3 рет барып, бірге жұмыс жасайды.Ол өзі көмек көрсететін баланың бір сәтте анасы, ұстазы, досы да бола біледі. Өйткені, кемтар болып туған балалардың біразы қоғамнан алыстап, мектепке де бармайды.
– Мүмкіндігі шектеулі балалардың құлазыған көңіл-күйін жадыратып, мағынаға толтыру біздің міндетіміз. Баланың қасында болған уақытта бірге ойын ойнаймыз, қоршаған ортамен танысамыз, кітап оқуға, есеп шығарып үйретуге тырасамыз. Сонымен қатар, мәдени шаралар ұйымдастыруға да аса мән беріледі, – дейді Тамара Арыстанбекқызы.
Иә, олар мереке сайын 140 баланы бірнеше топқа бөліп, ән айтқызып, би билетеді. Одан бөлек түрлі сұрақтар қойылып, шығармашылық жұмыстар да жасалып жатады. Шара соңында демеушілер тарапынан балаларға сыйлық үлестіру де дәстүрге айналған деуге болады.
Осындай жүгі ауыр көшті бастап жүрген Тамара Жұмашева мен өзге де «әлеуметтік қызметкер» атағын абыроймен алып жүрген, өз жұмысына шын ықыласпен кірісетін жандардың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Олар үшін өзгенің проблемасы деген түсінік жоқ, қиналған адам көрсе қолұшын созып, көп саралап жатпай қолынан келген көмегін көрсетеді. Әлеуметтік қызметкерлердің өз саласында тұрақтап қалуы да осы қасиеттерінде. Жалақысы мардымсыз бола тұра, қызмет алушының бабын табу мақсатында қалтқысыз еңбек ету дене күшімен бірге психологиялық табандылықты да қажет етеді. Бұл жерде адамның діні, нәсілі, ұлты, жасы, білім деңгейі немесе қоғамдағы мәртебесі маңызды емес. Тек қана кең жүректі, адами бейнесі айқын, өзінен гөрі өзгелерге болсын дейтін адамның ғана қолынан келері анық. Айналамызда осындай мейірімді адамдардың көп болғаны қандай ғанибет!
Гүлхан ЯХИЯ.