Әлеуметтік қызметкерлер күні: Қалтқысыз қызмет
Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтеді. Əлеуметтік сала – еліміздегі ең өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда қоғамда болып жатқан оқиғалардың дені осы əлеуметтік мəселе төңірегінде туындап жататыны шындық. Əсіресе, «əлеуметтік» ұғымымен қорғау, көмек, қызмет, оңалту, ортаға əсер ету, қамсыздандыру, паналау орны, диагноз, қолдау, педагогика, қызметкер секілді қатарлас қолданылатын тіркестер құлағымызға сіңісті болып кетті. Десек те, бұлардың бəрінің астарында қоғам өмірінде болып жатқан мəселелерге атүсті қарамай, мемлекетіміздің əрбір көмекке зəру жандарына қол ұшын созу жатыр. Бүгін осындай көзге көріне бермес, қиындығы көп жұмысты еңсеріп жүрген аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің жұмысы әңгемізге арқау болмақ.
Бүгінгі таңда, тағдыр тауқыметін тартқан, түрлі жағдайларға тап болған немесе мүмкіндігі шектеулі жандарды көргенімен көмек көрсетуге құлық таныта қоймайтындар да баршылық. Ал, біз тілге тиек еткелі отырған «əлеуметтіксаланың» пұшпағынилепжүрген «қызметкерлер» болса, осындай жандармен бірге біте қайнасып өмір сүреді. Олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс жасап, өмірінеетенеараласады. Əлеуметтік сала қызметкерлері жалғызбасты қарттардың көңілін аулап, барынша қолдау көрсетуде. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қайғысымен бөлісіп, оңалып кетуіне ықпал жасайды. Қазіргі таңда əлеуметтік қызметкер – белгілі бір көмекке мұқтаж адамдарға демеу болар адам ғана емес, ол қоғамның əл-ауқатын жақсартуға бағытталған əлеуметтік саясатты реформалауға қатысушы десек те болады. Жалпы, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде 7 сектор болса, оның 4-уі көмек көрсету бағытында жұмыс жүргізеді. Сонау, 1955-1985 жылдар аралығында Ұлман Мәмірейқызы, 1985-1999 жылдары Зейнұр Дүйсенбаева, 1999-2003 жылдары Айжан Қайырбекова, 2003-2011 жылдары Айдарбек Сәрсенбаев, 2011-2017 жылдары Исабек Байкенжеев басшылық жасаған аталмыш бөлімді бүгінгі таңда Марат Шоханов басқарып келеді.
Халықтың қамын ойлайды
Аудан тұрғындарының қиыншылығы мен ауыртпашылығын бірге көтеретін «Мүгедектер және ардагерлермен жұмыс жасау» секторы мүмкіндігі шектеулі балалар, Ұлы Отан соғысы мен тылда қажырлы еңбек еткен ардагерлерге көмек көрсетеді. Соның ішінде«Мүгедек балалармен жұмыс жасау» секторы жыл басынан бері 214 балаға әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді. Онда 1 бөлімше меңгерушісі, 2 кеңесші, 1 айқындаушы және 34 әлеуметтік қызметкер тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, педагогикалық, мәдени, экономикалық және құқықтық бағыттарда жұмыс жасайды. Әрбір мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастырып, түрлі рухани саяхаттар ұйымдастыруды да сала қызметкерлері жұмыс жоспарынан тыс қалдырмайды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы такси қызметі, ыммен тілдесу мамандары да қарастырылған. Ал, «Жалғызбасты қарттармен жұмыс жасау» секторы бүгінгі таңда 123 қараусыз қалған қарттарға әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетіп келеді. Қартайған ата-анасын арқасына салып асыраған қазақ халқы үшін құлаққа түрпідей тигенімен, ауданда әртүрлі себептермен қараусыз қалған қарттардың бары жанға батады. Бейнетінің зейнетін көрер жасқа келгенде жалғыз қалған осы жандарға өз баласындай қамқорлық танытып, үйін сырлап, киімін жуып, тамағын әзірлеп беру де осы сала қызметкерлеріне жүктеледі. Сонымен қатар, «Халықты жұмыспен қамту» секторы да күн сайын алдына жұмыс сұрап келген әр топ өкілінің көңілін қалдырмауға тырысады. «Халықты жұмыспен қамту» секторының меңгерушісі Зәуре Жүсіп «Жұмыстың жеңілі жоқ. Алайда, тағдыр теперішіне ұшыраған, қиындық көріп, өмірден түңілген адамдармен жұмыс жасау өте қиын. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің қаулысымен жұмыс жасау, сотталғандарға жұмыс көзін табу секілді машақаты көп істің басынан табылу да біздің міндет» – дейді.
«Жаңа форматтағы атаулы көмек» пен «Азаматтық хал актілерін тіркеу» секторы да күн сайын қызу іске кіріседі. Мысалға,«Азаматтық хал актілерін тіркеу» секторында 2018 жылдың жеті айында неке қиюды тіркеу – 134, некені бұзуды тіркеу – 30, бала тууды тіркеу – 440, әкелікті анықтауды тіркеу – 15, бала асырап алуды тіркеу – 2, қайтыс болуды тіркеу – 119, азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер – 210, және анықтамалар беру – 136, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды тіркеу – 3, азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру – 1, азаматтық хал актілері жазбаларын жою – 3, азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу – 23 азаматқа рәсімделген.
Ақыл-есін жоғалтып, құлдыққа салынғандарды еліне қайтаратын да, құжаттарын қайта жасататын да, халықтың әлсіз топтарына көмектесетін де, науқас адамның қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасайтын да – осы әлеуметтік жұмыс мамандары. Сондықтан, тек мереке қарсаңында ғана емес, еңбегін елеп, нардың жүгіндей ауыр міндетті арқалап жүрген қызметкерлерді құрметке лайықты дер едік.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
Б.БӘЙІМБЕТ (фото).