Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Талабы таудай Тамара

Талабы таудай Тамара


Шиелілік Тамара Ақмағамбетова – басына түскен қиын тағдырына қарамастан, өмірге деген құлшынысын жоғалтпай, он екі мүшесі сау адамдармен тең еңбек етіп, күнделікті нәпақасын тауып жүрген қайсар жан. Тіпті, оның бойындағы қабілеті, еңбексүйгіштігі мен ертеңгі күнге деген зор сенімділігі көпке үлгі боларлықтай.
Ол 2000 жылы Өзбек­станнан Шиеліге қоныс ау­да­рады. Ол жақта Тамара газбен жабдықтау саласында жұмыс істейді. Ал тарихи Отанына келген соң түрлі салаларда еңбек етті. 2012 жылы қатты ауырып, бірнеше рет ота жасатуға мәж­бүр болды.  Ақырында мү­гедек арбасына таңыл­ды. Алайда, Тамара бір ғана жәрдемақыға қарап отыр­ғысы келмей, қосымша табыс табуды ойлады. Бірде об­лыстық мүгедектерді оңал­ту орталығында кезек­ті емін алып жүргенде «Да­му» қорының семинарына қатысады. Менеджер ша­ғын кәсіпкерлікпен айна­­лы­судың жолдарын түсін­діріп, ол үшін бір­қатар мем­лекеттік бағдарлама­лардың бар екенін және жақсы бизнес жобасын ұсынғандарға арнайы грант берілетінін айтады. Осыдан соң Тамараның «кәсіппен айналыссам» деген ойы нақтылана түсіп, тәуекелге бел буады.
– Осы кезде мен «кәсіппен айналысамын» деген ойыма нақты бекідім. «Бизнес-Кеңесші» курсына жазылдым.  Кәсіп ашу туралы біраз дәріс алдым, іздендім. Ең әуелі адамға ниет керек екен. Ниет болса, қолдан келмейтін шаруа болмайды,– дейді ол.
Алғашқыда Тамара матрас­тар мен көрпе тыстар тігуді ойлайды. Бірақ арбада отырған жанға қиынға соғарын білді. Сонан бірде үйіндегі жастықтарға көзі түсті. Сөгіп тастап тазалауға кірісті. Бірақ, қанша тырысса да ойлағанындай болмады. Тамара интернет ақтарып, тозығы жеткен жастықтарды қалай та­зартудың, жаңалау­дың әдіс-тә­сілдерін іздест­ірді. Ақыры із­дегенін тап­ты. Ресейдің арнайы жас­тықтардың түгін тазалайтын құрылғысы бар екен. Осылайша бинзес-жоспар да дүниеге келді. Қажетті құжаттарды жинап, «Бинзестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 1 млн теңгенің грантын ұтып алды. Ол қаржыға тозған жастықтарды өңдей­тін цех ашты. Тамараның цехы бүгінде аудан ғана емес, облыс көлемінде жастық өңдеумен айналысатын бір ғана цех болып тұр.
– Жастық тазалау процесі ұзақ уақыт алмайды, небәрі 15-20 минуттық шаруа. Тапсырыс берушілер жұмыс барысын бақылап тұра алады. Біткен соң клиентке шыққан қоқысты көрсетеміз. Сонда біздің жұмысымыздың қаншалықты шынайы екенін байқайды,– дейді ол.  Тазалап болған соң жастықтың тысын тігіп, тап-тұйнақтай етіп иесіне тапсырады.
Тынымсыз Тамара мұны­мен шектелген жоқ. Ал­ғаш­қы цехының жұмысы жолға қойылған соң ол көрпе, көрпеше секілді тұрмысқа қажетті бұйымдар тігетін «Мамық» деген атпен тігін цехын ашты. Сөйтіп ауылдастарын жұмысқа тартты. Бұған қоса белсенді өмір салтын ұстануды әдет­ке айналдырған ол «Ай­рықша би» жобасына да қаты­сады. Жуырда ғана «Қазақ­станның Бизнес-ледиі-2018» республикалық кон­курсының аймақтық ке­зеңіне қатысып, екінші орын иеленді. Сондай-ақ, ол облыста алғаш рет өткізіл­ген «Өзіңе сене баста!»  атты мүмкіндігі шектеулі кәсіп­керлер өнімдерінің көрме-конкурсының қатысушысы.
Айнұр БАТТАЛОВА, 
«Сыр бойы».
05 қыркүйек 2018 ж. 1 165 0