Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бизнес – береке бастауы

Бизнес – береке бастауы

Ауданда жеке кәсіп ашып, өз ісін дөңгелеткісі келетіндер қатары жыл сайын артып келеді. Оған дәлел ретінде өңірдегі бес мыңға жуық кәсіптік нысанның жұмыс істеп тұрғанын айтуға болады. Ал оның 512-сі биылғы жылдың басынан бері ашылғандар.
Кәсіпкерліктің дамуына «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы оң әсерін тигізуде. Соның ішінде кәсібін ашқысы келетіндерге және жасап жатқан табыс көзін одан әрі дамытуды қалайтындарға арналған «Еңбек» бағдарламасының игілігін жұрт көптеп сезінуде.
Ауылдық жерде жұмыс көзі тапшы. Бірді-екілі ғана бюджеттік мекеме бар. Шаруашылықта жұмыс жасайтындардың өзі жылдың жарты мезгілінде бос болады. Сондықтан ауылда кәсіп көзін ашуға көбірек көңіл бөлу қажет. Осыны ескерген тұрғындар аспазшы, шаштараз, визажист, құс шаруашылығы секілді кәсіптік мамандықтарды меңгеруге ден қойып келеді. Ал «Бастау бизнес» жобасына қатысқан 400-ден аса аудан тұрғыны оқу курсын аяқтап отыр. Жастар жылы аясында «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша білім алған 115 азаматтың 89-ы 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алды. Ал жалпы он айдың ішінде 268 жобаға 109 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы берілген. Олардың саны жылдың соңына дейін 300-ге жетеді деп жоспарлануда. Ал өткен жылы бар-жоғы 50-дей ғана аудан кәсіпкеріне грант тағайындалған екен. Бұл жыл өткен сайын кәсіпкерлерге қолдаудың артуы мен тұрғындардың жеке ­шару­а­сын дөңгелетуге ден қойып отырғанынан болса керек.
Осыдан бірер күн бұрын ғана арнайы курстан өткен 126 аудан азаматы грант иелену үшін бизнес-иедеяларын арнайы комиссия алдында қорғады. Оның ішінде 37 көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшесі қатысып 31-і 505 мың теңге көлемінде грант жеңіп алса, өзін өзі жұмыспен қамтыған 31 азаматтың 24-і ойдағыдай қорғап шықты. Ал 58 жастың 16-сы ойындағы кәсібін табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік алды. Жалпы бір ғана қазан айының қорытындысымен 71 бизнес жоба мақұлданып, 29 млн теңгеден аса қаржы болашақ кәсіпкерлерге жол тартты. Жылдың соңына одан бөлек 34 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. Дәл қазір, қарашаның 4-нен бастап тағы бір топ «Бастау бизнес» жобасы бойынша арнайы курс оқып жатыр. Қайтарымсыз қаржыны иеленген әрбір жан кәсібін дамыту үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бір жыл бойы бақылап, көмек беріп отырады. Кез келген жағдайда кәсіпкерлердің құқығын қорғап, сервистік қолдау білдіру – осы орталықтың негізгі бағыттарының бірі.
Мал басын көбейтіп, қожалық құру. Кенттегі көпбалалы жанұяның отанасы Гүлмира Смайлованың мақсаты осы. Мемлекеттің қолдау шаралары аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп жатқан ол, қымыз, саумал сатып кәсіп қылуда. Аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бизнес бастау» жобасы бойынша оқып, тиісті сертификатты иемденген соң жылқы шаруашылығын дамыту мақсатында төмен пайызды несие мен 500 мың теңге көлемінде грант ұтып алғысы келеді. Бұл оның кішкентай кәсібінің үлкен шаруашылыққа айналуына мол мүмкіндік туғызары анық.
Иә, аудан экономикасының дамуына елеулі ықпал етіп отырған сала – шағын және орта бизнес. Өткен жылы жұмысын бастап, бүгінде көкөністерін базар сөрелеріне шығарған жылыжайлардың өзі халықтың біршама қажеттілігін өтеуге жарап тұр. Осы секілді ет, сүт өнімдерін шығарумен айналысатын қаншама шаруа қожалық мемлекеттік бағдарлама аясында ісін дөңгелетіп, елге сапалы өнім ұсынып келеді. Жалпы Шиелі өзге аудандармен салыстырғанда кәсіпкерлік саласы қарыштап дамып келе жатқан өңір.
Бұл туралы сәрсенбі күні «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында болған жиында облыстық палата басшысының орынбасары Қожахмет Ілиясов атап айтты. Жиынға Облыстық кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы, облыстың өңірлік кеңес мүшелері, аудандық кәсіпкерлер палатасының кеңес мүшелері қатысты. Алдымен «Бастау бизнес» жобасы аясында білім алып жатқан азаматтармен кездесіп, кәсіпкерлік саласындағы жаңалықтар, бизнес-жоспарды өтімді етіп даярлау, тың салада кәсіп бастау тақырыптарында әңгіме өрбіді. Одан соң аудандық кәсіпкерлер палатасының 10 айдағы атқарған жұмыстары туралы палата басшысы Рысбай Нысанханның баяндамасы тыңдалып, талқыланды. Палата басшысы жергілікті кәсіпкерлер тарапынан туындайтын кез келген мәселе ескерусіз қалмайтынын оған байланысты жыл басынан бері 13 дөңгелек үстел мен кеңес мүшелерінің отырысы өткенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол өз сөзінде кәсіпкерлерді сервистік қолдау, адам капиталын дамыту, мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалған жұмыстар, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының іске асу деңгейі жайлы айтты.
Жиын соңында Шиелідегі кәсіпкерлерде азын-аулақ жер мәселесінің уақытынан кешігіп жатқаны болмаса, өзге кедергінің жоқ екені айтылып, палата басшысының жұмысына оң баға берілді. Облыстық палата басшыларының ауданға жұмыс сапары кәсіпкерлерді жеке қабылдап, кеңес берумен аяқталды.
Саралап қарасақ «Бастау Бизнес» қатысушыларының 70%-дан астамы ауыл шаруашылығы саласында, қалғаны – қызмет көрсету саласына бағыт алған, мысалы, тігін цехы, сән салондары, кондитерлік дүкендер. Жалпы, бизнес ашу бағытында барлық ауылдар белсенді. Дегенмен әлі де болса өндірістік сала өз деңгейінде дамымай жатқандай көрінеді. Мәселен, көкөніс-бақша өнімдерінен түрлі кампот, тосап, қақ, қияр мен қызанақты тұздау секілді тағамның бірнеше түрін дайындауға болады. Сол сияқты күріш қалдығынан құрылыс бұйымдарын жасау кәсібі де көрші аймақтардың тәжірибесіне еніп үлгерді. Егіні бітік, шаруашылығы қарыштап тұрған біздің өңірге де осындай тың кәсіптің түрлері қажет. Әрине қызмет көрсету саласының артқаны жөн. Десе де өзіміздің төл өнімдерді де нарыққа шығарар сәт туды. Осы орайда айта кеткен жөн, сәрсенбіде өткен жиында төрт түліктің жүнін өңдеп, төсек дайындайтын дайын бизнес жоба бар екені, қолға алып, кәсіпті дөңгелетемін деген жанға 4 млн теңге қайтарымсыз қаржының да қаралып отырғаны айтылды. Оның 3 млн теңгесі жүнді тазалап, жуып, кептіруден бастап, дайын көрпе, көрпеше күйіне дейін жасайтын техникаларға жұмсалса, қалғаны тауар айналымына есептеледі. Міне, кәсіпкерлерге таптырмас мүмкіндік. Бүгінде қой-ешкінің жүнін қырыққан соң өртеп жіберетін болдық. Ал бір кездері одан түрлі тұрмыстық бұйымдар жасалған. Қойдың жүнінен жасаған киіз, текемет, көрпе, көрпеше қазіргі синтетика төсеніштерден әлдеқайда жылы, әрі пайдасы мол емес пе?

Гүлхан ЯХИЯ
09 қараша 2019 ж. 789 0