Қимылдаған қыр асады

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Сұлтангереев хабарлады.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Сұлтангереевтің айтуынша мемлекеттік гранттар екі бағытта берілмек. Алғашқысы – облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы берілетін 400 АЕК көлеміндегі гранттар, екіншісі – 5 млн теңгеге дейін шағын кәсіпкерлердің жаңа бизнес-идеяларына берілетін гранттар. «Биыл жаңа кәсіп бастағысы келетін азаматтарға – 120 млн теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде кәсіпкерлік қызметіне 3 жыл толмаған 29 жасқа дейінгі азаматтардың жаңашыл бизнес-идеяларына 70 млн теңге бөлінетін болады. Ал жалпы бөлінген қаржының 20 проценті халықтың әлеуметтік осал санатындағы азаматтарға беріледі», – деді Ринат Сұлтангереев.
Ал жаңа бизнес-идеяларын қолдауға бағытталған гранттардың беру шарттары мен негізгі басымдық берілетін салалар тізбесіне келер болсақ, бөлінген қаражатты шикізат пен материалдарды, материалдық емес активтерді, технологияларды сатып алуға байланысты шығыстарға пайдалануға болады. Сондай-ақ грант қаражатын пайдалануға болмайтын жағдайлары да бар. Мәселен, жылжымайтын мүлікті, жер учаскесін сатып алуға, жалдау ақысын төлеуге, жеңіл автокөлікті сатып алуға, ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға тыйым салынған.
Р.ӘНӘПИЯ