Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОБЫЗДЫҢ ҚОҢЫР ҮНІН СЕРІК ЕТКЕН

ҚОБЫЗДЫҢ ҚОҢЫР ҮНІН СЕРІК ЕТКЕН

Қай халықтың болсын атадан балаға жалғасқан, көзінің қарашығындай қадірлеп, қымбат қазынасына айналдырған ұлттық музыкалық өнері бар. Қалың қауыммен бірге сан ғасыр бойы жасасып келе жатқан рухани төл өнерімізде қобыз аспабы ерекше орынға ие. Бұл киелі аспаптың жайын сөз еткенде, әуелі, есімізге қобыздың үнінен мәңгілік өмір іздеп, артындағы елінің мұңшерін оның сарынымен жеткізген әйгілі күй атасы – Қорқыт оралады. Оның күй сазы ғасырлар үнін, өмір тынысын, халық арманы мен қуаныш-күйінішін жырлап еді. Аты аңызға айналған Қорқыттан бастап күй тілімен көпті сөйлетіп кеткен халық композиторларының есімдері мен мұраларының ел арасында әлі күнге дейін сақталып келуі – халқымыздың өнер мұрасының молдығын көрсетсе керек. Бүгінде бір кездері жойылып барып, қайта жанданған бұл өнердің дәріптелуіне атсалысып жүрген жандар аз емес.
Түнеукүні күллі даланы үнімен баураған киелі қобызды жанына серік еткен Рысалды Қалымбетовамен сұхбаттасудың сәті түсті. Қобызда ойнау – әрине, қиын әрі күрделі іс. Десе де, білікті қылқобызшы 30 жылдан астам уақыт бойы ұлттық аспаптың қыр-сырына қаныққан. Ол – аудандағы бірден-бір қобызшы, бүгінде көпшілікке күйдің сырын ұқтырып жүр.
– Өнер жолының оңай жол емес екені мұқым елге мәлім. Рысалды Махмұтуәлиқызы, түрлі таланттар шыңдалып, дарынын ұштайтын бұл сүрлеуге алғашқы қадамыңыз қалай ­басталды? Өнер өкілінің шығармашылық өсуіне ықпал етіп, қабілет-қарымының қайралуына себеп болған кім?
– Мен Шиелі ауданы, Алғабас ауылында 1975 жылы 24 қазанда дүниеге келдім. 1982 жылы Алғабас орта мектебінде 8 сыныпты тәмамдап, П.Чайковский атындағы музыкалық колледждің қылқобыз класына оқуға түстім. Бұған дейін Алғабас ауылында Сыр елінің мақтанышы, домбырашы, күйші, композитор Өтеген Райымбектің домбыра класынан сабақ алғанмын. Өтеген ағай – менің өнердегі ұстазым. Бұдан бөлек 3 сыныптан «Балауса» ән-би ансамблінде өнер көрсете бастадым.
7-8 жасымнан бастап өнерге қатты құмарттым. Ең алғаш қолға ұстаған аспабым – домбыра. Көкем – Шайзатхан Қалымбетов және әкем – Махмұтуәли домбырада жақсы ән салған кісілер. Ал нағашы атам – Бестам ауылының тұрғыны Пәтеш Рыспамбетов бұл аспапта күйлерді керемет ойнаған. Бала кезімде нағашы атам домбыраның құлағын маған тістетіп қойып, өзі күй орындайтын болған екен. Сонымен қатар нағашы ағам – Ақтай Рыспамбетов мені көптеген күйге баулып, П.Чайковский атындағы музыкалық колледжге ертіп апарып, өнер жолына түсуіме үлкен септігін тигізді. Міне, осы кісілердің арқасында өнер жолында азды-көпті жетістіктерге жетіп келемін. Аллаға шүкір!
Домбырада ойнай жүріп, аталған колледждің қылқобыз класына оқуға түстім. Ол жақта Гүлзия Маденова деген ұстазым болды. Еске түсірсек, 1990 жылдары әлі де болса Кеңестік кезеңнің үстемдігі тарқамаған еді. Ұлттық өнеріміз кенжелеп дамып, жойылып кету алдында тұрды. Ал қобыздың саз аспабы ретінде тағдыры тайғақ, жолы қиын болды. Сол жылдары оқу орнына барғанымда, қылқобыз аспабын бірінші рет көргенмін. Гүлзия апайымның орындаған күйлері, қобыздың қоңыр үні маған қатты әсер етті. Нәтижесінде, намысқа тырысып, бұрынсоңды естіп-көрмеген аспапты меңгеруді жолға қойдым. Содан бері қобызды жаныма серік етіп келемін. 1994 жылы оқуды аяқтағаннан кейін, Нартай ауылындағы 30 жылдық тарихы бар «Нартай сазы» халықтық-фольклорлық ансамбліне ансамбль жетекшісі болып қызметке келдім. Бүгінде 30 жылдан астам уақыт бойы қылқобызда ойнап, тыңдарманды ұлттық мәдениетпен сусындап жүрмін.
Өнер жолы маған айтарлықтай қиын болған жоқ. Бұның бәрі қазақтың төл өнерін бойыма үлкен сүйіспеншілікпен қабылдағанымнан шығар. Аспаптарды қолыма алып, шығарма орындау жаныма ләззат сыйлайды. Өнерден рахат аламын.
– Көненің көзі саналған тарихы бай аспапта еркін ойнауға ұстаздарыңыздың тигізген ықпалы сізді өз ісінің маманына айналдырса керек. Шынында, рухани дүниеңіз толысқан шақтан бастап пайда болған өнерге құштарлық қобыздың құдіретті тілімен нәзік сезімдеріңізді суреттеп бере алатын ерекше талант екеніңізді танытты. Ал бойға біткен дарынның түрлі додада сыналатыны хақ. 30 жылда нендей жетістікке жеттіңіз?
– Қобыздан дарыған ән-күйдің әсері мені талай шыңға жетеледі. Өнер киесін арқалаған бабаның өнегесін дәріптеп жүріп, бірнеше байқаудың жүлдесін иелендім. Мәселен, 1999 жылы Қызылорда қаласында алғаш рет өткен Қорқыт энциклопедиясының 1300 жылдығына арналған «Қылқобыз» атты, 2015 жылы «Жанкент. Қорқыт. Қобыз» атты облыстық қылқобызшылар байқауының бас жүлдесі бұйырды. 2018 жылы аудан әкімі Ә.Оразбекұлы ұсынған «Шиелі ауданына 90 жыл» медалінің иегері атандым. Сол жылы «Өнер – мәңгі жасайтын байлық» атты үйірме мүшелері арасында өткен аудандық байқаудың бас жүлдесіне, сондай-ақ Қызылорда қаласында өткен «Қорқыт-Қобыз» атты қылқобызшылар мен қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылар арасындағы республикалық байқаудың Алғыс хатына ие болдым. 2019 жылы «Үздік үйірме жетекшісі 2019» облыстық байқауының бас жүлдегері, 2020 жылы «Қобыз сарыны» атты республикалық қылқобызшылар байқауының арнайы жүлдегері атандым. 2021 жылы «Шәкең салған ізбенен» атты мәдениет қызметкерлерінің кәсіби байқауында III орынға ие болып, лауреат атандым. 2021 жылы ел Президенті Қ.Тоқаевтың «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталдым. 2022 жылы күйші, композитор «Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдығы» төсбелгісіне, «Әлшекей әлемі» атты облыстық өнер фестивалінің Алғыс хатына ие болдым. Ал 2023 жылы «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық өнер фестивалінде өзімнің үйірме оқушыларымнан құралған қылқобызшылар триосымен бірге өнер көрсетіп, облыс әкімі Н.Нәлібаевтың және «Түрксой» ұйымының Алғыс хатымен марапатталдық. Осындай үлкен жетістіктеріміз бар.
– Сөз арасында өнер жолына жетелеп жүрген шәкірттеріңіз бар екенін атап өттіңіз. Соңғы уақыт түрлі шарада қолына қобыз ұстаған жастар көп ұшырасып жүр. Өнеріне таңдай қағатындар қаншама. Олардың ұлттық өнерге беталысы қалай? Сіздіңше, қобызға деген бүгінгі сұраныс қай деңгейде?
– 2016 жылы Н.Бекежанов ауылдық мәдениет үйінде «Қорқыт-Қобыз» үйірмесін ашқан болатынмын. Ондағы мақсатым – «Нартай сазы» халықтық-фольклорлық ансамбліне қобызшы жастарды қосу, сондай-ақ кенжелеп қалған Қорқыт бабамыздың күй мұраларын кейінгі ұрпаққа насихаттау. Өзім – аудандағы жалғыз қобызшымын. Сондықтан жас буынды ұлттық өнерге баулығым келді. Қазіргі таңда үйірмеде 5 қылқобызшы тәлім алуда. Бүгінде олардың әрқайсысы түрлі додаларда топ жарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
Мәселен, 2016 жылы үйірмеге қабылданған Тоғжан Шәкеева Қазанғап атындағы музыкалық колледжді тәмамдап, қазір Астана қаласындағы «Шабыт» ұлттық өнер академиясында. Үлкен талабымен көзге түсіп, көптеген байқаудың жүлдегері атанды. Атап айтсақ, Қазалы ауданында өткен «Аккорд» атты аспапта орындаушылар байқауында II орын, Болгарияда өткен «Золотая мечта» халықаралық байқауында жүлделі I орынға ие болып, Қызылорда облысының абыройын асқақтатты.
Тағы бір оқушым — Ақниет Бөлеген — өте мықты қылқобызшы. XXV «Бозторғай» халықаралық балалар байқауында жүлделі II орынға ие болып, ауданның намысын қорғады. Қармақшы ауданында өткен «Қорқыттан қалған қоңыр үн», Қазалы ауданында өткен «Жанкент. Қорқыт. Қобыз» атты қылқобызшылар байқауының бас жүлдесін иеленді. Қазіргі таңда Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің 2-курс студенті.
Жанель Қуанышбекқызы биыл VIII рет өткізілген «Қорқыттан қалған қоңыр үн» атты байқаудың жүлделі I орнына ие болды.
Нұрай Әуезханова – облыстық байқаулардың лауреаты.
Ал Айару және Гүлдана Сұлтанбек атты ағайынды оқушыларымды ата-анасы асқан құштарлықпен қылқобыз үйірмесіне берген болатын. Бүгінде олар да халықаралық, республикалық деңгейде өткізілген байқауларға қатысып, белестерді бағындырып жүр.
Жансая Шерәлі — қазір Н.Бекежанов орта мектебінің 7-сынып оқушысы. Ол жеке байқаулармен қатар дуэт, трио жанрында өнер көрсетеді.
Біз жалпы Қорқыт бабамыздың күйлерін орындауға тырысамыз. Оқушыларым халықаралық байқауларда Қорқыттың «Қорқыт» күйін үш дауыста орындайды. Қыздарымның талаптары зор.
Жоғарыда атап өткен оқушыларымның өнеріне жұртшылық тәнті болып, бағасын беріп жатыр. Бұдан бөлек бүгінгі таңда ұлттық өнер әлеуметтік желілерде де кеңінен насихатталуда. Қазір жасөспірімдер жақсы нәрсеге құмартады. Халқымыздың ұлттық өнерін дамыту бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылып, жақсы іс-шаралар өткізілуде. Соған сәйкес қобыз үйірмелері де көбейген. Сондықтан бүгінгі таңда қобызға деген сұраныс едәуір артып келеді деп ойлаймын. Бұның бәрі қобыз өнерінің болашағының жарқындығын көрсетсе керек.
– Ал біздің аудандағы ұлттық аспаптардың насихатталу жолына берер бағаңыз қандай? Қоңыр үні табиғатпен үндескен қобыздың қасиеті қаншалықты дәріптеліп жүр?
– Бұл сұрақ турасында мен өз ұжымым жайында айтқым келеді. Н.Бекежанов ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Нартай сазы» халықтық-фольклорлық ансамблінде ұлттық аспаптарды өскелең ұрпаққа дәріптеп жүрген дәстүрлі өнердің жанашырлары қызмет етуде. Атап айтсам, домбырада Клара Жақсылықова, Ғалымжан Нысанбаев, Өміржан Мінуаров, ауданның арқалы күйшісі Әділбек Тәшімов, қылқобызда мен және оқушыларым, шертер аспабында ансамбль сүйемелдеуші Гүлнара Досболова, бас домбырада Рахымжан Смаилов, сазсырнайда Нұрлан Ағажанов. Фольклорлық ансамбль болғандықтан, біз жыл бойына түрлі шарада бірге өнер көрсетеміз. Ұлттық саз аспаптарының барлығы бірге әдемі әуезді ән орындағанда, халықтың назарын тартып, ықыласына бөленеді. Бұның өзі әріптестерімнің ұлттық аспаптардың насихатталу жолына қосқан елеулі еңбегі, үлкен үлесі деп ойлаймын.
Мен дәстүрлі күйшімін. Негізі Қорқыт және дәулескер күйші, қылқобызшы Ықылас бабамыздың, сондай-ақ қылқобызға арналған халық күйлерін, ескілікті күйлерді орындаймын. Бұдан бөлек қазіргі композиторлар Кенжебек Күмісбековтың шығармаларын, Әлқуат Қазақбаевтың «Қобыз сарыны» және «Жаппасқобыз-домбыра» атты күйлерін шерткенді жаным сүйеді. Дана халқымыздың «Сөз жеткізеді, сөз жеткізе алмағанды саз жеткізеді» деген тәмсілі бекер айтылмаса керек. Ұлттық мәдениеттің діңгегіне айналған аспаптардың құны қашан да жоғары. Ал оны дәріптеу – әрбіріміздің міндетіміз.
2000 жылдан бастап «Мәдениет жылы» жарияланғалы бері Сыр елінде көптеген ірі дәрежедегі жобалар ұйымдастырылды. Қорқыт мұрасын насихаттау мақсатында танымдық кештер, Сыр еліндегі қылқобызшылармен сұхбат кештері өткізіліп, түрлі жұмыстар әлі де жалғасын тауып жатыр. Бұған дәлел – өткізіліп жатқан облыстық байқаулар. 2018 жылы Қызылорда қаласында қылқобызшылардың республикалық байқауы өтті. Бұдан бөлек өткен жылы Қармақшы ауданында «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық өнер фестивалі ұйымдастырылды. Оған түкпір-түкпірден, шет елдерден жиналған көптеген қылқобызшы мен фольклорлық ансамбльдер қатысып, өнер көрсетті. Осының бәрін негізге ала отырып, қазір ұлттық аспаптар жоғары дәрежеде дәріптеліп жүр деп толық айта аламын. Біздің ауданның өзінде, былтыр Шиелі ауданының 95 жылдығына арналған «Қобыз сарыны – Шиелі төрінде» атты облыстық қылқобызшылар байқауын ұйымдастырдым. Сайысқа Арал ауданынан ­бастап, Жаңақорғаннан келген 13 үміткер қатысып, бақ сынады. Өте жоғары дәрежеде өтті.
– Иә, қобыз Қорқыттан бастап бүгінге дейін өмірдің қатпар жолын, сан қилы тағдыр жайын күй арқылы жеткізіп келді. Бірде ботасыз нарды идірсе, енді бірде жан азабын тартқан шерменденің дертіне дауа болды. Қандай күй орындалса да, қобыз сарыны құлаққа жағымды, жылы естіледі. Біз қобыздың қандай аспап екенінен хабардар болсақ та, оның ерекшеліктеріне назар аудара бермейміз. Ал сіз үшін қанша жыл өтсе де, құндылығын жоймаған аспаптың құдіреттілігі неде?
– Мен үшін Қорқыт бабамыздан қалған қобыз — қастерлі де қасиетті аспап. Пішіні де ерекше. Киелі аққу құсы пішіндес болып келеді. Бет қақпағы түйенің терісінен, тиегі ортекенің мүйізінен жасалады. Ал үні табиғатпен тікелей ұштасып жатыр. «Қарағайдың түбінен қайырып, үйеңкінің түбінен үйіріп алған» қобызды қазақтың кие тұтуының өзіндік мәні бар. Ол арқылы аққудың қиқуын, қасқырдың ұлуын, жүгірген аңның, ұшқан құстың, тіпті ескен желдің үнін шығаруға болады. Әлемдегі ешбір аспап дәл бұлай табиғаттың тылсым күштерін әуенге сала алмайды. Шынында, ғасырдан ғасырға үндесіп келе жатқан қобыз аспабы жаныңды еріксіз баурап, әдемі әсерге бөлейді. Қобыздың ерекшелігі де, құдіреттілігі де сонда. Сондай құдіреті барда, қобыз үні мәңгі өшпейтіні хақ.
– Әдемі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Таслима ӘЛІШЕР
22 тамыз 2024 ж. 214 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031