Жолдар жылдам жөнделсе
Жол десе, көзімізге тақтайдай теп-тегіс асфальт елестейді. Әрине, мұндай жолмен жүру – жолаушылардың арманы. Әрі діттеген жеріне қиналмай жетіп, уақыт үнемдеуге тиімді. Енді сол жолдар қалай салынып, қалай жөнделеді? Оның да біраз машақаты бар екенін көбіміз біле бермейміз. Тұрғындардың әлеуметтік жағлайы жолдың сапасымен өлшенеді. Кейде жол құрылысының мерзімінен кешігіп аяқталуының себептері неде? Сол жолдың сапасын тексеретін кім? Мердігерлерден қалай қабылдап алады? Жолдың сапалы салынуы үшін алдымен неден бастау қажет? Міне, осындай мақсатта ауданда жасалып, жөнделіп жатқан жолдармен танысып, зерттеу жасадық. Ендеше, көзбен көргенді тілге тиек етелік.
Кеше күн шыжып, Шиелі өзінің мінезді кейпіне енгені бар. Желмен жарыспасақ та, біршама уақыт аудан көлемінде жасалып жатқан тірліктермен таныстық. Төселіп жатқан асфальтты, шиырлай тартылған тротуарды, кент көркіне көрік қосқан заманауи құрылысты көрдік. Жуырда Шиелі кенті, Н.Бекежанов көшесі бойын абаттандыру жұмыстарына жоба-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Бұл үшін жеңімпаз мердігер «AsiaStroy KZ» ЖШС-мен 26,7 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Жоба бойынша кент кіреберісіне қазақи нақышта жасалған заманауи қараша үй тәріздес құрылысқа көпшілік көз тігуде.
Алдымен, ауданға тиесілі автомобиль жолдарының маңыздылығына тоқталайық. Шиелі ауданы аумағындағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 323,4 шақырымды құрайды екен. Оның 80 шақырымы – республикалық, 98 шақырымы – облыстық, 145,4 шақырымы аудандық маңыздағы автомобиль жолдары санатында. Бүгінде аудандық маңыздағы жолдардың 130,4 шақырымы, яғни, 89,7 пайызы жақсы әрі қанағаттанарлық кейіпте. Ал облыстық және республикалық маңыздағы жолдар 100 пайыз асфальтталған.
Соңғы жылдары ауданда жол жөндеу саласында қыруар іс атқарылып, жұртшылықтың оң бағасын алып үлгерді. Көркейгеннің үстіне көркейе түсіп, ажарланған кенттің жолдарын жөндеу жұмыстары биыл да өз жалғасын табуда. Айталық, облыстық бюджет тарапынан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шиелі кенті, Дәулеткерей, М.Шоқай көшелерін күрделі жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жеңімпаз мердігер – «Ақ Тоған» ЖШС. Аталған серіктестікпен 269,9 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Жоспарға сәйкес, Дәулеткерей көшесін күрделі жөндеу, 1,2 шақырым жаяу жүргінші жолын салу және түнгі жарық бағаналарын ауыстыру жұмыстары атқарылмақ. Жалпы күрделі жөндеу жұмыстары мерзіміне сай қыркүйек айының алғашқы он күндігінде аяқталады деп жоспарлануда. Ал жұмыс толық аяқталамын дегенше, тіршілігіне қамданған тұрғындар мен жүргізушілер әзірге шыдамдылық таныта тұрғаны игі. Жол – ортақ мүлкіміз. Оның жөндеу жұмыстарын жасамаса да, күтіміне атсалысу әрбір жолаушының парызы.
Ал енді көптің ызасын туғызып, шыдамын сынаған мәселеге де келіп жеттік. Ол – R-12 су арнасы маңындағы (Батыс Еуропа-Батыс-Қытайға» дейінгі аралықтағы шаңы шыққан жол. Бұрқыраған шаң, ойлы-қырлы жол біршама айдан бері жолаушылардың дегберін қашырғаны анық. «Жолдың жырын жақсы білетін» мамандарға да байланысқа шықтық. Өкінішке қарай, мардымды жауап ала алмадық. Біреу тұтқасын көтермесе, енді бірі жауап беруден жалтарды. Бәлки, екі күн демалыстан кейінгі жұмыс күні қауырт болып жатқан шығар деп, топшыладық. Дәл осы жол арқылы күнделікті қатынайтын бұқара мен жүргізушілер «Байырғы жолымыз жақсы еді. Не үшін бұзды? Қашанғы ақ шаңның арасынан өтеміз» деп дабыл қағуда. Тиісінше бұл жолдың жыры қашан бітетінін біле алмай отырғанымыз бар енді.
Бет қатталып жатқанда: Басылымның өткен санынан бері жол мәселесін қозғауға, тұрғындар тиек болуда. Себебі тілші болған соң, халықтың мұң-мұқтажын айтуға мүдделіміз.
Сұлушаш МАДИЯРОВА,
Сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ