Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөз бен іс септессе, нәтиже көрінеді

Сөз бен іс септессе, нәтиже көрінеді

Қазіргі уақыт талабы жоғары. Замана көші тек ілесуді ғана мақсат тұтқанды емес, жаңалықтарымен, ізденістерімен алға ұмтылғандарды шығарады. Бүгінде Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық және мәдени салалары қарқынды даму үстінде. Осы орайда, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жайлы тарқатып көрелік.
Биыл аудан экономикасына 10 млрд 754 млн теңге инвестиция бекітілсе, оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі 4 млрд 298 млн теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 125,5 пайызға, яғни, 919 млн теңгеге артық орындалған. Ауданда 7523 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік субъектілерінің саны 96,4 пайыздан 114,9 пайызға өскен. Сондай-ақ биыл ауданда 3096 жаңа жұмыс орныдарын құру жоспарланса, 6 айда 1853 жаңа жұмыс орындары ашылған. Яғни, 679 адам бос жұмыс орындарымен, 2 228 адам уақытша жұмыспен қамтылған.

Жол жөнделіп, ел қуанды
95 жылды артқа тастаған Шиелі ауданында жалпы ұзындығы 323,4 км құрайтын автомобиль жолдары бар. Оның 80 км республикалық, 98 км облыстық, 145,4 км аудандық маңыздағы жолдар. Шиелі кенті және елді мекендерді қоса есептегенде ұзындығы 395,38 км құрайтын 401 көше бар. Бұл көшелердің 198,69 км асфальт төселсе, 145,69 км қиыршықтас төселген. Ал 51 км топырақ. Соңғы 5 жыл көлемінде ауданда жол жөндеу жұмыстары бәсеңдеп қалғанын халық жиі айтушы еді. Енді міне, аудан әкімі Н.Ахатов «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 36 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Ол үшін 565 млн теңге қаржы қаралып, жұмысшылар іске кірісіп те кетті. Одан бөлек республикалық бюджеттен «Самара – Шымкент – Сұлутөбе» кіре беріс 3 км автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу үшін 564 млн теңге бөлінген. Бәрінен бұрын кент ішіндегі 49 көшені орташа жөндеуден өткізетінін естіген кент тұрғындарының қуанышында шек жоқ.
– Кент ішінде такси қызметінде жүремін. Көбінесе сырттан келген қонақтарды діттеген жеріне жеткізу керек болады. Сол сәттерде кенттің орталық маңындағы жолдардан ұялушы едім. Ойдым-қырдым болған жолдар ескіріп, ені де екі көлікке тарлық етуші еді. ­Аудан басшылығына келген Нұржан Сәбитұлы аз уақыт ішінде көп іс тындырды. Жолдың сапасына мән беріп, құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүрді. Жол жаңарып, ені де кеңейе түсті. Асфальттың қалыңдығы талапқа сай, – дейді көлік жүргізушісі М.Маззаф.
Расында, «Жолдың жайын – жүрген білер» деп текке айтпаса керек. Жол үстінде жүретін жандар оның азабы мен ғажабын жақсы біледі. Себебі тоз-тозы шыққан жолдар нәпақасын көлігімен тауып жүрген жандар үшін көп шығын алып келетіні белгілі. Ауданның әлеуетін арттыра түсу үшін де жақсы жол, жайлы мектеп, қолжетімді медициналық қызмет көрсетілуі керек.

Құрылыс та қарқынды
Қазіргі ғылыми-техникалық өрлеу ғасырында жоғарғы деңгейде сапалы білім беру, қолайлы жағдай жасау – ең негізгі мәселелердің бірі. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер бой көтермек. Бұл жаңалық жансейіттік ағайынға жағып отыр. Себебі алдағы жылы Жансейіт елді мекенінде 100 орындық заманауи мектеп құрылысы қолға алынады. Оған қоса биылғы қаржыдан 3 елді мекенге дәрігерлік амбулатория салу үшін 1,3 млрд теңге қаралған. Яғни, Бала би, Бұланбай бауы, Досбол би елді мекенінің тұрғындары жаңа дәрігерлік амбулаториядан ем алар күн алыс емес.
Ауданның әлеуетін арттыру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың легі мұнымен бітпейді. Әзірге басталған іске қолдау білдіріп, оңды істердің ілгерілеуіне септігімізді тигізсек, туған жеріміз түрлене бермек.

Г.ДҮЙСЕБАЙ
09 қазан 2023 ж. 373 0