Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ВЕНЕРА КИЯЕВА: «ҚАЗАҚ ТІЛІМЕН БІРГЕ ӨСТІМ»

ВЕНЕРА КИЯЕВА: «ҚАЗАҚ ТІЛІМЕН БІРГЕ ӨСТІМ»

Құшағы кең қазақ халқы көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі этнос пен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да бағалайды. Солардың қатарына қазақ тілінде еркін сөйлейтін зейнеткер – Венера Кияева да бар. Ол республикалық «EL QURMETY» қоғамдық қорының «Ел құрметі» төсбелгісінің, «Шиелі ауданына 95 жыл» мерейтойлық медалінің иегері. Ол – 1954 жылы 6 қарашада Өзбекстанның ең оңтүстігіндегі облысы Сұрқандариядағы Денау қаласында дүниеге келген. 1957 жылы отбасымен бірге Шиеліге көшіп келген. Бақытты балалық шағы осы мекенде өткен. Анасы – татар. Әкесі – словак. Аудандық әкімшілікте 40 жыл қоғамдық жұмыс атқарған. Қазіргі таңда Шиелінің үлгілі ардагері, тіпті өңірдегі қоғамдық жұмыстарға әлі күнге дейін белсене араласып келеді. Ол кісімен сұхбаттасу үшін байланысып, арнайы үйіне бардық. Есікті аша салысымен Венера ханым сондай бір ашық құшағымен, жылы лебізімен қарсы алды. Төрден орын беріп, құрметті қонақ қылды.

– Апа, қонақжайлылығыңызға рақмет! Сұхбатымыздың әлқиссасын қазақ тілін қалай меңгергеңізден бастасақ...
– Шиеліде өстім. Орталығында тұрамын. Көршілеріміздің бәрі қазақ отбасылары. Өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Ал менің қазақ тілін еркін меңгеруіме араласқан ортам көмектесті. Қазақ тілін бала кезімнен білемін. Мен онымен бірге өстім. Құрбыларымның жартысы қазақ. Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Және осы үйренгендерім бүгінде өз қажеттілігіме жарауда. Менің 4 балам да, 8 немерем де қазақ тілінде еркін сөйлейді.
– Ә д е т т е , « қ а з а қ ш а  ж а қ с ы  білетіндерге» қазақтар ерекше ықылас танытып жатады. Сіз осыны байқай алдыңыз ба?
– Шынында, кейбірі қазақша таза сөйлегеніме таң қалады. Риза болады. Кейбіреулері алғыстарын да айтып жатады. Бұл – мен үшін үлкен құрмет. Мен Шиелі аудандық Аналар кеңесінің белсенді мүшесімін. Осы кеңесте болғаныма қуанамын. Себебі аудандағы барлық еңбек аналары жиналып, түрлі тағылымы мол шаралар ұйымдастырамыз. Сондай кезде басымызды қосып, бізге қолдау көрсетіп жүрген республикалық «EL QURMETY» қоғамдық қорының төрағасы Жарылқасын Шынарбектің және өңірдің өркендеуіне үлесін қосып жүрген кәсіпкер әрі Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, Шиелі аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Патима Маханбет пен республикалық «EL QURMETY» қоғамдық қорының Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Маржан Сәдуақасованың еңбегі орасан зор. Оларға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Мәселен, жақында ауданда «Ана – отбасының жүрегі» атты еңбекші этнос аналарымен кездесу өтті. Сол басқосуда Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» П.Шаймерденқызы барлық аналарға алғысын айтып, ыстық ықыласын білдірді. Ол халықтар арасындағы достықты нығайтуға, өлкедегі түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген сый құрметін арттыруға көмектесіп жүр. Осы тұста республикалық «EL QURMETY» қоғамдық қорының төрағасы Жарылқасын Шынарбекке де айрықша рақметім бар. Өйткені еңбекші этнос аналарды елеп-ескеріп, құрметтеп отыр.
– Тілге байланысты сіздің басыңыздан қызық жағдайлар өткен шығар?
– Иә, көшеде жүрсем немесе дүкенге кіріп қалсам, бір ортада отырсам, мені қазақша біледі деп ешкім ойламайды. Қазақша сөйлей қалсам, бәрі таңырқап қарайтыны рас. Кезінде бір қызық жағдай болды. Әкем екеуміз Украинада жүрген кезімізде вокзалдан бір қазақ жігітті көріп қаламыз. Мен ол кезде кішкентай едім. Қазақ екенін бірден көріп қалып, қасына барамыз. Менің сол кездегі қуанғанымды көрсеңіз. Қазақты көрсем, туғанымды көргендей боламын. Сөйтіп, біз онымен қазақша амандасып, танысып алған едік. Әкем де қазақ тілін ана тіліндей меңгерген. Жақсы сөйлейтін. Анам мен әкемнің тәрбиесінен шығар осындай жақсы жетістікке жетіп отырғаным.
– Қазақ тілінде кітаптар оқисыз ба? Оқысаңыз кімнің шығармасын қайталап оқығанды ұнатасыз?
– Менің сүйікті ақындарымның бірі – Абай Құнанбаев. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың қара сөздерін оқығанды ұнатамын. Хакім Абайдың философиясы қатты ұнайды. Дана ойшылдың өлеңдерін қайтара оқи бергім келеді. Және сол оқығандарымды немерелеріме айтып отырамын Содан болар немерелерімнің барлығы қазақ тілін және оның әдебиетін, тарихын жақсы көреді. Лиза деген сұлу немерем бар. Бала кезінен бастап Абайдың әндерімен өсті. «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» деген әндерді тамылжыта шырқайды.
– Сүбелі сұхбатыңызға көп рақмет! Аман болыңыз!
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Шынтуайтында, тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір» дегендей, ынтымағы мен ырысы, берекесі мен бірлігі жарасқан осындай тамаша жандардың тілегі де, жүрегі де қашан да қазақ халқының тарихымен біте қайнасып жатқаны шындық. Айнұр ИБРАШ
13 тамыз 2024 ж. 444 0