Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАНДА 3100 ЭТНОСТЫҢ ӨКІЛІ БАР

АУДАНДА 3100 ЭТНОСТЫҢ ӨКІЛІ БАР

Тарихтың қилы кезеңдерінде елімізде тағдырдың тәлкегімен пана іздеп келген түрлі ұлт өкілдеріне құшағын ашып, бір үзім нанды бөліп жеген қазақ халқы қашанда татулықты берекенің бастауы деп ұғынған. Ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқан Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері бүгінде бір шаңырақтың астында тату тұрып жатыр. Соның бір көрінісі – шиелілік өзге ұлт өкілдерінің татулығы мен бірлігі, осы өңірдің халқына деген сүйіспеншілігі және қазақ тіліне деген ерекше құрметі. Аудандағы татулықты көздерінің қарашығындай сақтайтын өзге ұлт өкілдерінің бүгінгі тыныстіршілігі қалам ұшына ілікті.
Шежірелі өлке – бүгінде 3100 ұлт өкілдерінің қара шаңырағы болып отырған мекен. Мұнда басына күн туғанда қазақ халқынан пана тапқан, тың игеру жылдарында осы өлкеге жан-жақтан ағылған көштерден түсіп, осы жерге қазығын қаққан немістер, украиндар, орыстар, беларустар, татарлар, башқұрттар, корейлер, шешендер, өзбектер, әзербайжандар, қырғыздар, қарақалпақтар, т.б. түрлі ұлттың өкілдері тұрады. «Қоғамдық келісім» КММ-нің Шиелі ауданы ¬бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарашысы Біржан Өтебаевтың айтуынша, бүгінде өңірде бір ғана «Ұлт бірлігі» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді.
– Қазір ауданда түрлі ұлттың өкілдері татутәтті өмір сүріп жатыр. Аймақтағы 11 этномәдени бірлестіктің жұмысы жүйелі түрде жолға қойылған. Сол бірлестіктердің жұмысын жандандыруға мемлекет мүмкіндігінше қолайлы жағдай жасап отыр. Ассамблея бүгінде азаматтық қоғам институты ретінде маңызды қызмет атқаруда. Ол барлық этностардың мүддесін топтастырып, азаматтарды ұлтына бөлмей, құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етіп келеді. Облыс аумағында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіріп отырған бірегей ұйым «Қоғамдық келісім» мекемесі де өңірдегі этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтауға негізделген. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясында: «Біз көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірімізді түсінуге және құрметтеуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет. Біздің «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» деген қағидамыз мызғымайды. Патриотизмнің жоғары құндылықтарын ұлтаралық артықшылық сезімімен алмастыруға, достық пен бірліктің орнына бір-біріне деген өшпенділікке жол берілмейді» деген болатын. Біздің аудандағы өзге ұлт өкілдері президенттің осы саясатын қатаң ұстанады. Олай дейтініміз, бүгінде өңірдегі сан ұлт пен ұлыстың өзара татулығы, осы жердің тарихы мен мемлекеттік тілге, қазақ халқына деген құрметі де ерекше, – дейді Біржан Бақтыбайұлы.
ҰЛТЫ БАСҚА БОЛСА ДА, ЖАНЫ – ҚАЗАҚ
Севиль Абдуллаева, ұлты – әзербайжан:
– Мен 1973 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданында өмірге келдім. 1995 жылы Шиеліге қазақ отбасына келін болып, 29 жылдан бері бақытты ғұмыр кешудемін. Меніңше, кез келген адам үшін алдымен туған жері, содан кейін өмір сүріп жатқан жері ыстық. Шиелі бүгінде менің кіші Отаныма айналды. Осы уақыт аралығында ауданымыз жаңаша кейіпке енді, гүлденді, көркейді. Бүгінде бұл өңірде 80 мыңнан аса халық тұрады. Қаншама ұлт өкілдері өзара бірлік те өмір сүріп жатыр. Ал Қазақстан – бұл біздің ортақ үйіміз, киелі мекеніміз. Мен осындай бейбіт, ынтымағы жарасқан елде тұрғанымды мақтан етемін. Себебі барлық ұлт өкілінің ортақ Отаны да, тағдыры да осы жерде! – дейді ол. Жан-жағындағы адамдарды өзінің ашық мінезімен, бауырмалдығымен, көпшілдігімен баурап алатын әзербайжан қызы қазақ тілінде еркін сөйлейді. 17 жылдан бері «Арман» мәдениет үйі жанындағы «Сымбат сұлулық» үйірмесіне жетекшілік етіп келеді. Осы орталықты дамытуға, өңірдегі этносаралық татулықты сақтауға өзіндік үлесін қосып жүр. Сонымен қатар кейіпкеріміз көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері. Севиль Жаватовна қазақ тілінде өзі ғана еркін сөйлеп қоймай, бірлестіктің мүшелеріне, балаларына үйретіп жүр. Оның айтуынша, ауданда қанша ұлт өкілі тұрса, олардың бәрі мемлекеттік тілді білуі керек. – Мемлекет басшысы айтқандай, қазір елімізде қазақ тіліне судай, қазақтың болмысын бойына сіңірген, тіпті қазақ халқының салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері көп. Біздің өңірімізде де сондай отбасыларды кездестіруге болады. Осыны көріп, кейде өзім мәз боламын. Шынында да, қазақ халқындай дархан, кеңпейіл халық жоқ шығар бұл әлемде, – дейді әзербайжан қызы.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
27 ақпан 2024 ж. 347 0