Германиядан келген сәлем
Тарихы терең, шежіресі шерлі қазақ халқы қашаннан да бауыры кең, құшағы ашық ел болғанын барша жұрт мойындайды. Оны біз жеріміздің кеңдігімен ғана емес, пейліміздің кеңдігімен де, ырысты тірлігімізбен ғана емес, ынтымақты бірлігімізбен де дәлелдеп отырмыз. Бүгінде тәуелсіз елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Тіпті, өзге мемлкетке қоныс аударса да, қазақ жеріне деген қимастық сезімдерін жеткізеді. Сондай жанның бірі – Нелли Обендерфер болатын.
2000 жылы Германияға көшкен Нелли Обендерфер Шиелі ауданының тұрғыны еді. Ол отбасымен 1940 жылы небәрі 2 жасында Украинадан Шиелі ауданы, Алғабас ауылына қоныс аударып келген. Кішкентайынан Шиелі топырағында өскен Нелли 1955 жылы украин ұлытының азаматы Томасқа тұрмысқа шығып, 1995 жылға дейін Жаңатұрмыс ауылында тұрады. Дүниеге 10 бала әкелген батыр ана. Қазақша еркін сөйлейтін Нелли Обендерфер 25 жыл Байсын ауылындағы №207 Жаңатұрмыс орта мектебінде тазалықшы болып жұмыс істейді.
Шиеліден сонау Германияға отбасымен көшіп барғанымен, елеңдеп елге қарайлап отыратын Нелли Обендерфер сол жақта өмірден өтті. Бірақ дүниеден өтер алдында қызы Марина Фрайға Шиеліге соңғы сәлемін жеткізуді аманаттайды.
– Анам тек қазақша сөйлейтін. Бізге де қазақша тәлім-тәрбие берді. Салт-дәстүрді үйретті. Бауырмал, тату-тәтті болыңдар деп қазақ балаларын үлгі етті. Германияға көшіп барғанымызбен Шиеліні аңсап, сағынып отыратын. Жаңатұрмыстағы көршілеріміз Дүкенбай аға мен Разия апа, Жақсылық аға мен Рахима апа, Аманбай аға мен Рабиға апаны жиі айтып, «мен бұл дүниеден кетсем, менің соңғы сәлемімді соларға жеткіз» деп айтып кетті, – деді М.Фрай. Осылайша, ана аманатына адалдығын білдірген Марина Германиядан аудандық «Өскен өңір» газеті редакциясына хабарласты.
Елден кеткеніне 21 жыл өтсе де қазақ тілін ұмытпай, қазақша сөйлеп, оған құрметін көрсеткен Маринаның бұл ісі әрине, анасының тәлім-тәрбиесінен екені мәлім. Қазақ мектебінде 25 жыл, Шиелі жерінде 60 жыл ғұмырын өткерген Нелли Обендерфер өзі жетпесе де, киелі жерге сөзін жеткізді. Қимастық сезімін, елге деген сағынышын білдірді. Кең құшағын ашып, бауырмалдық танытқан қазақ халқына алғысын айтты.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ