Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҚСЫНЫҢ КӨЗІ, АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ

ЖАҚСЫНЫҢ КӨЗІ, АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ

Өресі биік, өнегелі ортада өсіп-өніп, азаматтық парызын адалдықпен атқарып жүргендерін, «Мен кіммін? Осы күнге қалай жеттім? Сүрінсем кім тұрғызды? Қамықсам кім жұбатты? Адассам түзу жолға кім салды? Бойыма мұқалмайтын қайрат пен жігерді кім берді?» деп мазалаған сұрақтардың жауабын біреу ерте, біреу кеш түсініп жатады. Жауапсыз сұрақ болмайды. Әуелі жаратушының қалауы, алған тәрбие, жүрекпен қабылдау, санаға тоқу, еткен еңбек, өмірге деген құлшыныс, табандылық, тұғыры биік, жүзі жарқын, жанашыр жандардың, яғни халықтың қолдауы сан қилы жақсылыққа бастайтын бағыт-бағдарлар, мұрат-мақсаттар, қастерлеуге жататын жан. Сондай жандардың қатарына жататын өзінің бүкіл саналы ғұмырын зерделі ұрпақ тәрбиелеумен қатар азаматтық парызын өтеу жолында бар күш-жігерін жұмсап, жан-жағына мейіріммен қараған жаны ізгі, тегі мықты, адал жандардың арасында орны бөлек көп жылдар ауданымыздың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан, тірі боса 95 жасқа келетін, ел ағасы, қажы Мұхамеджан Сейітмаханұлы ағамыздың өмірден озғанына 10 жылда болып қалыпты.

Мұхамеджан Рахметов 1929 жылы Шиелі ауданы, қазіргі Алғабас ауылында (ол кезде атауы Сарыбел) дүниеге келген. Ағайындардың көпшілігі Өзбекстанда болғандықтан, 1948 жылы сонда көшіп барып, Ташкент облысына қарасты Вревский ауыл шаруашылығы техникумының «агрономия» факультетін 1952 жылы бітіріп шығады. Еңбек жолын Бөке ауданына қарасты №6 Көкарал совхозында аға агроном болудан бастайды. 1954-1957 жылдары аралығында Сталинабад қаласында әскери қызметте болады. Қызмет істей жүріп, Сталинабадтағы кешкі екі жылдық партия мектебін бітіріп, сол жылы КПСС мүшелігіне қабылданады. Қай жерде оқыса да, қай жерде жұмыс істесе де өзінің білімдарлығын көрсете жүріп, комсомолдық міндеттерді орындауда көзге түскен оны Тәжікстан орталық комитетінің мақтау қағазымен оған қоса Душанбе аудандық комсомол комитетінің грамотасымен марапаттайды. Ендігі арманы өзінің кіндік қаны тамған еліне қызмет етуді мақсат тұтып 1958 жылы Қазақстанға өзінің басқан топырағына көшіп келеді. Аудан басшылығы бір көргеннен-ақ білімділігі мен іскерлігін танып, Ленин атындағы колхозға бас агроном етіп жібереді. Осы жылдардағы еселі еңбегін бағаланып, 1966-1971 жылдары «Құрмет белгісі» орденімен және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Ұйымдастыру қабілеті ауыл шаруашылығын жете меңгерген маман 1975-1985 жылдары аралығында колхозда агроном-химик, өндіріс бригадирінен колхоз басқарма төралығына дейін көтеріліп, абырой биігінен көріне бастайды. Бірнеше мамандықты игерген ағамыз соңғы уақытта №23 геологияэкспедициясында қосалқы шаруашылықтың басшысы болып зейнетін көрер шаққа да жетеді. Ауыл халқы ол кісінің әділдік, шыншылдық, батылдығын бағалап, ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы етіп сайлап алады. 2004 жылы мұсылманның бес парызының бірін өтеуге Меккеге барып қажы атанған ағамыз өмірінің соңына дейін құрмет төрінде жүрді. Бүкіл өмірі дала қосында өткен ел ырысын молайтуда қосқан үлесі ескерусіз қалған жоқ. «Жеңістің 60-65 жылдығы», «Ы.Жақаевтың 125», «Шиелі ауданының 80 жылдығы» төсбелгілері, одан басқа «Бүкілодақтық халық шаруалығы», «Тың игерудің 20 жылдығы» медальдары кеудесіне қаз қатар тізілді. Аудандық кеңестің 2 рет, ауылдық кеңестің 3 рет депутаттығына сайланған уақытында елді көркейту-көгалдандыру, жаңа нысандардың соғылуына ықпал ете жүріп көптеген жұмыстар атқарды. Ағамыз тек еңбек майданында емес, отбасындағы тәлім-тәрбие беруде, ұрпақ тәрбиесіндегі жемісті еңбегі биік белестерге көтерді. Әрбір сөзінің салмағы мен тұжырымды түйгені бар, кең пейіл, еңбекқор, өмірдің талай белестерінен өткен ағамыз бен ажарынан ай ұялардай жасы 87-ге келген шақта мінсіз сұлулығы айдай, жүзінен айшықталған қосбұрымы, тілерсегіне түсе бір тал шашы ағармаған, дене бітімі де тал бойына жарасқан, көркем мінезді Оразкүл жеңгеміз екеуі жақсы ғұмыр кешті. Өмірге әкелген 5 ұл, 2 қызды оқытып, бәрін орындарына қойды. Мұхамеджан Рахметовтей еңбек адамының өнегелі ғұмыры жас ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Айжамал ӘБДІХАМИТҚЫЗЫ,
Шиелі ауданының Құрметті азаматы,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі,
Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі


05 тамыз 2024 ж. 180 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031