Озат сауыншының өмірі
Бүгінде Рая Бердешованың есімін біреу білсе, біреу білмес. Ол – кеңес одағы тұсында ауданның ауылшаруашылық саласының дамуына бір кісідей үлес қосқан жан. Кезінде атақты сауыншылардың қатарынан көрінген еді.
Кейіпкеріміз Кеңес Одағы кезінде ардақтыларының бірі болды. Жастайынан жұлдызы жарқырап, аудан экономикасы мен ауыл шаруашылығының дамуына барлық күш-жігерімен үлесін қосты.
– Күнде таң атпай тұрып, елу сиырдың астын тазалап, жемін беріп, сауып, сүтін өткізетін едік. Кешкісін де осылайша сиырлардың жем-суын арнайы құрылғыға салып, сүтін сауып қараңғы түсе үйге қайтатынбыз. Ол кезде тынығу дегенді білмедік. Бір жағынан қимыл-қозғалыссыз отыра алмайтын болғандықтан, тыным таппай жұмысты істей бердік, – деді Рая апа.
Бүкіл тұла бойы, жан дүниесі ұлылық билеген кейіпкеріміз жаратылысынан тура сөйлеп, түзу жүріп, адасқанға жөн сілтеп, бағыт беруден жалыққан емес. Өсіп келе жатқан жастарды көрсе, тілеуін тілеп, батасын беріп отырады.
– Әкем Жаңбырбай мал фермасының меңгерушісі болып жұмыс істеген уақытта, мен 6 сыныпта оқитынмын. Жазғы демалыста малшылардың ауылын аралаған кезде мені бірге ерте жүретін. Малшы үйінің алдынан өтіп бара жатқан кезде «мынау үйдің әйелі жалқау-салақ екен, шығарған оттың күлін алысқа тастамай үйіне жақын төгіпті. Егер жақсы болса, алысқа тастар еді – деп білгенін айтатын. Бұл айтқан сөздерін әлі күнге дейін есте ұстап, өмірлік сабақ ретінде алға тартып келемін. Сондықтан болар, осы кезге дейін аянбай еңбек етіп, шаршау дегенді білмедік. Бүгінде тұрмысымда берекелі, отбасым көпке үлгі» – дейді Рая Бердешова.
Данагөй апа сонау жұмыс істеген кездерге шолу жасай отырып, езу тарта күліп, небір асау сиырларда тайсалып, мысы басылып, тырп етпей сауғыза беретінін сөз арасында айта кетті. Шындығында Рая колхоздағы сауын фермасының бағы бола білді. Сонымен қатар, Алланың өзі қолдаған сарқылмас таланты тасып тұрған күшті қайраты бар. Мұқалмайтын қайсарлығымен істеген ісі ұшан-теңіз еңбегінің арқасында ол өзгелерден биік тұратын дара тұлғасы екеніне көзіміз жетті.
Саналы ғұмырын еңбек даласында өткеріп, майталман еңбекқор бола білді. Елі үшін қызмет еткен апамыз бірнеше рет депутат болып сайланып, халықтың мүддесін қорғаған еді. Аяулы жан еңбекте ерлік көрсеткені үшін КСРО-ның «Халықтар достығы» ордені, «Еңбек ардагері» медалімен, сондай-ақ, Қазақстанның «Батыр анасы» алтын алқасымен марапатталды. Бұл төсбелгілер апамызға көрсетілген құрметтің бір парасы ғана.
Талай тар жол, тайғақ кешуден аман өткен Төлеш ақсақал мен Рая анамыз бала-шағасын адалдыққа, кішіпейілділікке тәрбиеледі. Бүгінде ұл-қыздары азамат деген биік атаққа кір жұқтырмай, ауданға қызмет етіп келеді.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.