Төңкерістің ардақтысы Рая
Әр ауылдың құрметтейтін, өз ардақтысы, қадірлісі атанған азаматтары бар. Ал сол атаққа ие болу, «тамшыдан теңіз құралғандай» еңбекпен келмек.
Жақсы адам жастайынан-ақ жасындай жанып, жұлдыздай жарқылдайды. Еңбекке жарап жұмысқа араласа бастағаннан зейнет демалысына шыққанша атқарған жұмыстарының жетістігі мен жеке басының азаматтығы, адамгершілік, кескін-келбеті. қадір-қасиеті, өзі жүрген ортасы мен ауыл халқына ғана емес аудан асып облысқа одан әрі Республика көлеміне танымал дәрежеге жеткенде ғана халқы қадірлеп, ардақтап, төбесіне көтереді.
Біздің «Төңкеріс» колхозында ондай адамдар аз болған жоқ. Сол кісілердің арқасында «Төңкеріс» колхозы одаққа белгілі болды.
Рая Бердешова жеңгеміз – сол ардақтылардың бірі. Бірі болғанда да бірегейі болды. Көптен бері жеңгемізге барып, халін біліп, әңгімелесіп қайту, ойымда еді. Сол ойымның сәті түсті. Рая жеңгем үйінде екен, қара шаңырақтағы баласы Құрманай мен немересі үшеуі ғана. Келіні Шиелідегі №46-шы мектепте мұғалім. «Бүгін жиналыс болады, кештеу қайтам», – депті. Аман-саулық сұрасып болғаннан соң, көптен бері соқпай кеткеніме қолым босай бермейтінін айтып ақталып жатырмын.
– Иә, ол жағдай менің де басымда бар. Мына немерем-ақ менің қолымды босатпайды. Келін мен бала жұмыста, үйде осы екеуміз-ақ – деді.
– Мен отырған бөлмеден ас үйге кіріп-шығып жүріп, шай қойып, қазанға ет асып та үлгеріпті. Жүріс-тұрысы әлі жылдам, ширақ қимылдан жұмысын да, әңгімесін де айтып үлгеріп жүр. Үйден шығарда Раяға барып амандасып қайтамын, кешкі мал жайғасуға үлгеріп келемін – деп кеткенмін. Қазандағы етті жемей кете алмасымды білген соң, үйдегілерге қоңырау шалып, бара алмайтынымды ескерттім.
– Шай дайын болды, шай ішейік деген соң ас үйге кірдік. Шай ішіп отырғанда әңгімеміз өткен күндерге ауысып кеткенін байқамай қалыппыз.
– Шіркін сол уақыттардағы сіздер мен біздердің істеген жұмыстарымызды қазіргі жастар білер ме еді? – дедім өткен күндерге қарай жетелеп сөзге тартып.
– Оларға істеген жұмыстарымызды айтсаң, ертек айтып отырғандай боласың, – деді күрсініп.
– «Егінші жауында тынады, ал малшы өлгенде тынады» – деген бар. Ол шындық біз диқандар жаңбыр жауса жұмысты тастап үйге қайтамыз. Ал сіздердің жұмыстарыңыз қайта еселеп көбейіп кетпей ме? – дедім.
– Иә, құдайдың құтты күні екі мезгіл таң атпай тұрып, сауын сиырдың астын тазалап, жемін беріп, сауып алып, сүтін өткізіп, түскі асын беріп барып, бірер сағат демалып, кешке қайта сиырлардың шөбін салып, жемін беріп, сауып алып, сүтті өткізіп, қараңғыда үйге келіп, бала-шағаның тамағын пісіріп, алдына қойып, төсегін салып, жатқызып барып, түн ортасы ауа тыным табатын шегі жоқ жұмысты басымыздан өткізгенімізді қазіргілердің бірі біліп, бірі білмейді, – деді Рекең.
– Неше сиыр сауатын едіңіз? – дедім сұрап.
– Елу сиырды сауамын. Осы елу сиырды сауатынмын десем қазіргі жастарға ертек айтқандай боламын – деді ол.
– Иә, оныңыз рас, сенбейді – деп жатырмын.
– Бір сиырды екі минутта сауатынмын, бәрін сауып болғаннан соң шөбін салып, астын тағы тазалап, құрғатып барып, үйге қайтатынмын – деді ойланып отырып.
– Бір жылы сиыршы жетіспей бір жүз ақ сиырды сауған уақытым да болды. Сауыншы жетіспей қиналған кездерінде ферма меңгерушісі Марат Нұрымбетқожаев: – Реке – деп өтініш айтса, – болмайды жоқ – деп айтуды білмейтінмін. Мен үшін ферманың жұмысы үнемі жоғары тұратын. Денсаулығыма зиян-ау деп ойланып тартынбайтынмын.
– Сол жүз он сиырды сауып жүргенімде екі қолым гүп болып ісіп кетті. Ауыр жұмыстан шамадан тысқары салмақ түсті ме, әлде тілдінің тілі, көздінің көзі өтті ме? Әркім әртүрлі саққа жүгіртіп жүрді. Дәрігердің емі қонбай молдаға барып дем салдырып барып беті қайтып, екі жерден тесіліп барып зорға жазылды. Елу сиырдан азанда алты фляг, кешке алты фляг сүт өткіземін. Сол өткізген сүттерім ойыма түссе қазір өзіме-өзім қандай адам болғанмын? – деп сұрақ қоямын. Менің сауған елу сиырымдай сиырдан азанда екеу, кешке екеу төрт фляг сүт сауған адамның алатын айлық табысы менімен бірдей болатын.
– Бұларың қалай? – деп сұрауды білмеппін.
– Иә, сол жағдай менің де басымнан өтті. Ауылдан қырық бес шақырым жердегі Жалғызағаштағы жай жерден (тегістелмеген) бригадам бойынша 630 га жерге күріш ектім. Арғы ауылдағы тегістелген жерден 400 га жерге күріш еккен бригадирмен менің айлығым бірдей болды. Экономистен бұл қалай болды? – деп сұрағанымда «облыс көлемінде қолданып жүрген тарифте осындай» – деді. Бәріміз сол кездегі Совет Одағының үгіт-насихатының күштілігінің соншалықты мықты болғанына таң қаламын. Тек жұмыс істеуді ғана біліппіз – дедім. Екеуміз де ішімізден – ақымақ та болғанбыз ғой – деген сауалға беріліп, үнсіз біраз отырып қалыппыз.
– Тоғыз баланы туып, дүниеге әкелдім. Сол тоғыз баланың біреуінің ғана бала туғанда беретін демалысын алыппын. Сегізінде демалыссыз жұмысқа шыға беріппін. Осынымды қалай түсінуге болады? – деді маған соншалықты жұмысқа берілгендігіне өзіне-өзі таң қалғандай кейіпте.
– Сіз өзіңіз сауып жүрген елу сиырды, тоғыз перзентіңізден кейінгі елу перзентіңіздей көргенсіз ғой. Сол сиырлар көзіңізден таса болса, жағдайы не болады – деп отыра алмағансыз ғой? – дедім. Рая: «иә» – дегенін үнсіз иегінің қимылымен білдіріп, көз назарын төмен салды. Ал мен болсам:
– Шіркін, Рая, – деп ішімнен қандай қайратты адам, жоқ қайратты деу аздық етеді. Бүкіл тұла бойын, жан дүниесін ұлылық билеп азаматтық келбеті көз алдымда бұрынғыдан да әуелеп барады.
– Әй бала, шәйің суып қалды ғой, – деген Раяның дауысынан бойымды жиып алдым. Ол алдымдағы кесемді алып, ыстық шай құйып жатып әңгімесін жалғастырды.
– Жасым зейнет жасына жеткеннен кейін екі жылдан соң барып зейнетке шықтым. Не себептен солай болды екен? – деген сұраулы жүзбен түріме қарап.
– Сол жылы менің қарамағыма мектепті (он жылдықты) жаңа бітірген он төрт қыз бен бала бөліп берді. Комсомолдық жолдамамен екі жыл жұмыс істеп барып жоғарғы оқуға баратын болып, сауыншылық жұмысқа келді. Сол уақытта жоғарғы оқуға түсу үшін екі жыл еңбек өтілі барлар оқуға бірден (конкурссыз) қабылданатын. Сол жастарға ұстаздық етіп, еңбекке баулыдым. Олардың біразы сауыншы болып қалып қойды, біразы оқуға түсті. Оларға өндірістік мінездемені мен жазып бердім. Зейнетке содан кейін шықтым.
– Реке, сіз туралы ферма басшыңыз Марат Нұрымбетқожаевтың айтатын бір сөзі бар соны айтыңызшы, – дедім.
– Ол қандай сөз? – деді күліп.
– Білмеймін сиырларға байланысты болса керек, – дедім қуақыланып.
– Иә, Марат қожа мені әзілдеп, сиырдың пірі дейтін. Бір күні ол, бес жылдан бері тумаған, бас жіп көрмеген, шу асау сиыр туып, сол сиырды сауыншыларға ал десе, ешқайсысы алмапты. Алған адамға жақсы сүт беретін бес сиыр қосып беремін – деп қызықтырса да, ешқайсысы асаулығынан қашып қорқып сиырға жоламапты. Реке, сіз аласыз ба? – деп маған келді. Ешкім алмаса қайтеміз мен алайын – деп бас жіп алып, ұстайын деп бардым. Құдайдың құдіреті ме, әлде менің батылдығымнан сескенді ме, ешкімді жолатпай жаңа туған бұзауын қызғанып, екі алдыңғы аяғыммен жерді тарпып тұра ұмтылып тұрған асау сиыр өзі бұрылып бас жібіме басын тосты. Соны көрген Мараттың Рая – сиырдың пірі, – деп айтқаны ғой деді күліп.
– Реке, сіздің сауған сүтіңізді қорып қарауылдап жүретін жыланның бары рас па? – дедім көрмесем де естіп жүргенімді сұрап.
– Иә, үнемі алты фляг сүттің ортасында бір жылан басын көтеріп қарап тұратын.
Бір күні мен жоқта орныма сауған сауыншы жыланды көріп қорқып сиырды саумай қашыпты. Маған тимейтін мен де жыланды қуып көрген емеспін деді.
Мен тағы да ойланып кетіппін. Ойыма Раяның бірге жұмыстас құрбыларының айтқан, – Рая не бір асау сиырды сауғанда оның батылдығы мен қайраттылығының мысы басқан сиыр тыпыр етпей сауғыза береді, – дегендері түсті.
Шындығында Рая колхоздың – сауын ферманың бағы, бағы болғанда да, бойында киелі қасиеті бар, Алланың өзі қолдаған сарқылмас таланты тасып тұрған күшті қайраты бар. Мұқалмайтын қайсарлығымен істеген ұшан-теңіз еңбегінің арқасында ол өзгелерден биік тұратын дара тұлға ғой – деп ішімнен ризалықпен ойға шомдым. Рая асқан етті жұмыстан келген келіні табаққа салып, алдымызға әкеліп қойды. Еті әбден былбырап, жұмсақ болып пісіпті.
– Өте дәмді болыпты – деп ризалығымды білдіріп жатырмын. Тағы да өткен күндердегі жұмыстар жайлы біраз әңгіменің басын қайырып, түн ортасы ауа үйге қайттым. Сол кездесуден кейін Раяның еңбек жолы, өткен өмірі туралы айтқандары әлі күнге дейін ойымнан кетер емес.
Рая тек еңбек адамы ғана емес қазақтың салт-дәстүрін берік ұстаған кісі. Жасы сексенді алқымдаса да қайнаға, қайны, қайын сіңілілерінің атын атамайды. Жолда келе жатса алдынан келе жатқан ер азаматтың жас, кәрі демей жолын кесіп өтпей қашан алдынан өтіп кеткенше тоқтап, өткізіп барып жүреді.
Бұл қасиеттер Раяға анасы мен әкесінен дарыған. Әкесі Авангард ауылында он жеті жыл бұрын мал фермасының меңгерушісі болып жұмыс істепті. Малшыларды атпен аралап, үнемі ат үстінде жүретін. Рая сол жылы алтыншы сыныпта оқитын кезі екен. Жазғы үш ай оқушылардың демалысында әкесі Жаңбырбай Раяны атының алдына мінгестіріп алып малшы ауылды бірге аралайды екен. Әкесі малшы үйінің алдынан өтіп бара жатқанда «мынау үйдің әйелі жалқау-салақ екен, шығарған оттың күлін алысқа тастамай үйіне жақын төгіпті» – деп, егер жақсы болса, алысқа тастар еді – дегенді меңзейді. Әр үйдің жанынан өтіп бара жатып, сынап қызына ақылын айтады екен. «Сол айтқандары әлі күнге дейін есімде – деп әкемнің айтқандары өзіме сабақ болды» – дейді.
Раяның үйі Авангардқа көшіп барғанда ол ауылда үш-ақ үй қазақ отбасы бар екен. Ауыл түгел корейлер мен орыстар екен. Ауылдағы мектеп орыс тілінде. Рая оқуын әрі қарай орыс тілінде жалғастырыпты. Жақсы оқып, оқу озаты болыпты. Мектептегі барлық қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады. Өлең айтып, өлең жазамын – дейді. Аудан көлеміндегі мереке-мейрамдарға қатысып өлең айтамын. Сөйтіп ауданға танымал болдым. Осындай белсенді алғырлығымның арқасында он алты жасымда 1956 жылы Мәскеуде өткен жастардың бүкіл дүниежүзілік алтыншы фестиваліне облыстан үш адам делегат болып қатыстық. Облыстан сол кездегі комсомол комитетінің бірінші хатшысы атын ұмыттым, жас қыз болатын, Шиеліден аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Шарипа Тілеубаева апамыз сосын мен үшеуміз Мәскеуде бір айдай өнер көрсеттік – деді. Бүкіл облыс көлемінен қатысатын бар-жоғы үш адамның бірі болып, фестивальға барып, бүкіл дүниежүзінен келген делегаттарға, Мәскеу халқына өнер көрсету бақытына ие болу, шын бақыт дегенің сол емес пе – деп ішімнен Раяның қандай талант иесі болғанын көз алдыма елестеттім. Бірақ, Рая сол бойындағы асыл арманын, бар талант, күш-жігерін, өмірін «Төңкеріс» ауылын көркейтіп, өсіріп, өркендетуге арнағанын білдім. Рая ағамыз Төлеш Бердешовпен бас қосып отасқаннан кейін екеуі бес жылдай мал бақты. Малшылықтан кейін бір орнында отыз жеті жыл Төңкеріс колхозының сауын фермасында сауыншы болып қызмет атқарып «Қызылорда облысының таңдаулы сауыншысы» – деген атақты он жеті жыл қатарынан иеленді. Бүкілодақтық социалистік жарыста жоғары нәтижеге жетіп, еңбекте ерлік көрсеткені үшін:
І. Қазақ ССР Жоғары Советінің Президиумының 1980 жылғы жарлығымен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасыменен марапатталды. Одан әрі қарайғы жұмыстарының табыстарын бағалап.
ІІ. Қазақстан коммунистік партиясының орталық комитеті. Қазақ ССР Министрлер советі. Қазақ ССР Кәсіподақтар кеңесі. Қазақстан ВЛКСМ орталық комитетінің Естелік құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталды.
В.И.Лениннің туғанына 100 жылдығы, 110 жылдығына орай Ленин Құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталды.
7-ші шілде 1986 жылы Раяның ұзақ жылдардағы жемісті жұмыстарын бағалап, КСРО жоғарғы Кеңесінің жарлығымен КСРО-ның «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. 1988-ші жылғы 10 маусым күнгі КСРО жарлығымен ұзақ жылдардағы нәтижелі жұмыстарын бағалап, жоғары Кеңестің шешімімен КСРО-ның «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Бұдан кейінгі жылдардағы атқарған жақсы жұмыстары үшін КСРО-ның «За трудовое отличие» медалімен, КСРО-ның «Еңбек ардагері» медальдары тағы да табысталды.
2010 жылғы маусымның 16-дағы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 9 перзентті дүниеге әкелгені үшін Қазақстанның «Батыр анасы» Алтын алқасымен марапатталды. Рая осы ұзақ жылғы еңбек етіп жүрген уақыттарында Қызылорда облыстық кеңеске екі рет, Шиелі Аудандық кеңеске төрт рет, Төңкеріс ауыл кеңеске бес рет депутат болып сайланды. Жиырма жылдай «Төңкеріс» колхозы басқармасының басқарма мүшесі болды. Он жыл партия комитетінің партком мүшесі болды. Рая құдай қосқан қосағы Төлеш Бердешов ағамызбен төрт қыз, бес ұлды болып, перзенттерінің барлығын жоғары оқуға оқытып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ауылымыздағы үлгілі жанұяның бірі Төлеш ағамыз дүниеден өтті. Ағамыздан кейін ұзамай баласы Серғазы ауырып қайтыс болды. Одан кейін үш баланың анасы қызы Шолпан жол апатынан дүние салды. Осы үш бірдей арысынан айырылу Раяға өте ауыр тиіп, үйде отырып қалды. Тумысынан қайратты жаратылған Рая бұл ауыртпалықты да көтере білді. Уақыт емші, бәрі артта өткен күндер еншісінде қалды.
Бұл күндері Рая Алланың берген ұл-қыздары мен немерелерінің арасында ардақты әже, ауыл халқы алдында батагөй, қадірлі, ардагер ана! Жаратылысынан тура сөйлеп, түзу жүріп, адасқанда – тәйт – деп, тура жолға салатын өсіп келе жатқан жастарды көрсе, тілеуін тілеп, батасын беріп, айналып толғанатын.
Егемен Қазақстанымыздың жарқын болашағына сүйсініп құдайға шүкір. Тәуба-тәуба – деп отыратын тілеуқор абыз ана болды.
Құрманбек Қаракеев,
еңбек ардагері.
Ш.Қодаманов ауылы.